«Астана» клубтық рейтингте еуропалық танымал командалардан озып кетті

580
0
Бөлісу:

«Астана» Еуропа лигасы топтық кезеңінің 2 туры қарсаңында УЕФА рейтингінде жоғары өрлеп, бұрын-соңды қазақстандық футбол тарихында болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Еуропа футбол одағы қауымдастығы жаңартқан жаңа рейтингте елордалық клуб 59 орында тұр. Қазақстан УЕФА құрамына кіргелі бері бірде бір отандық клуб дәл бұл сатыға жете алған емес. Демек, «Астана» алғашқы рекордтың да иесі деген сөз.

«Астана» қазақстандық футбол тарихына өзіндік рекордын енгізіп қана қоймай, «Интер» (Италия), «Фейеноорд» (Нидерланды), «Галатасарай» (Түркия), «Валенсия» (Испания), «Эвертон» (Англия), «Милан» (Италия) және «Спартак» (Ресей) сынды еуропалық танымал топ-клубтардан да озып кеткен.

Бес маусым ішінде «Астана» 402 орыннан 59 орынға дейін жоғарылап отыр. Бұл әрине, ауыз толтырып айтатын жетістік. Еуропалық футболда дәл бұлай жетістікке жетіп, қысқа уақыт ішінде әлемді тәнті еткен ұжым болған емес. Қазақстандық клубтың Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне төрт жыл қатарынан шығуы осындай жетістікке жетелесе керек.

Еске сала кетсек, 4 қазан күні Қазақстан чемпиондары өз алаңында француздың «Ренн» клубын қабылдайды. Матч Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де басталады. Қазіргі таңда «Ренн» 3 ұпаймен көш бастап келе жатыр. Одан кейін 1 ұпайдан еншілеген «Астана» мен «Динамо» тұр. Ал «Яблонец» әзірге ұпай жинай алған жоқ.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз