«Самұрық-Қазына» Лондонда бірқатар келісімге қол қойды

420
0
Бөлісу:

 

Лондондағы Қазақстанның инвестициялық форумы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти мырзамен (Sir Suma Chakrabarti)  кездесті.

Тараптар кездесу нәтижесі бойынша «ШалқияЦинк ЛТД» және ЕҚҚДБ арасында 2017 жылдың маусымында жасалған кредиттік келісімге кепілдік беру туралы келісімге қол қойды. Қор Қызылорда облысындағы Шалқия кен орнында байыту фабрикасының құрылысын қаржыландыруға тартылатын 295 млн АҚШ доллары сомасындағы міндеттемелерге кепілдік беруші болып отыр.

– «Шалқия – Қордың ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастығындағы негізгі жобалардың бірі. Еліміздің ең ірі қорғасын-мырыш кен орнында байыту фабрикасының салынуы жылына мырыш концентратында 100 мың тоннаға жуық мырышты, қорғасын концентратында 20 мың тонна қорғасынды өндіруге мүмкіндік береді, –деп атап өтті кездесу барысында Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар, «ШалқияЦинк ЛТД» және Engineering Dobersek GmbH арасында кен байыту фабрикасының құрылысын толық аяқтау туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл Шалқия бойынша жобаны жүзеге асырудағы келесі қадамға айналып отыр. Аталған неміс компаниясы ЕҚҚДБ-нің сатып алу ережелеріне және талаптарына сәйкес өткізілген екі кезеңдік сауда-саттық қорытындысы бойынша жоба мердігерімен(Plant-Design&Build) таңдалды. Жоба құны 651 млн АҚШ долларын құрайды. Жоспар бойынша кәсіпорынның бірінші кезегі 2020 жылы іске қосылады.

–Біз ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге дайынбыз. Мәселен, биыл және келесі жылы жекешелендіру тізімінде 100-ден астам нысан бар. Бизнес тұрғысынан алсақ, олардың барлығы тартымды, – деді Ахметжан Есімов.

Қор басшылығы Лондондағы инвестициялық форумда британдық компанияларға «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Форумның ашылуында сөз сөйлеген Ахметжан Есімов әлеуетті инвесторларды Мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасына қатысуға және Қазақстандағы үш арнайы экономикалық аймақтың аумағында бірлескен кәсіпорындарды құру мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

«Айқынның» анықтамасы: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы  2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған және ол коммерциялық құрылым – инвестициялық холдинг ретінде саналады. Оның миссиясы – Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын көтеру және болашақ ұрпақтар үшін ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету. «Самұрық-Қазына» өз миссиясын компаниялардың тиімділігін арттыру, қоржын құрылымын оңтайландыру, кірістерді әртараптандыру, корпоративтік басқару және тұрақты даму тәрізді стратегиялық мақсаттар және төрт стратегиялық бастамалар арқылы жүзеге асырады. Қор активі шамамен 74,1 млрд АҚШ долларын құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.

Шалқия кеніші –Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орналасқан қорғасын-мырыш кен орны. Кен орнының қоры –  4,8 млн тонна мырыш және 1,5 млн тонна қорғасын. Кен орнын «Тау-Кен Самұрық» ҰТК АҚ (100% акциясы «Самұрық-Қазына» АҚ тиесілі) еншілес компаниясы «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ өндіруде.

Еркін ҚАЛДАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*