СУБСИДИЯ БЕРЕТІН КОМИССИЯЛАР ЖОЙЫЛАДЫ

484
0
Бөлісу:

ОДАН ЖЕМҚОРЛЫҚ АЗАЯ МА?

Жаңа жылдан бастап ауылшаруашылық саласында субсидия беру үдерістері толығымен автоматтандырылған жүйеге көшеді. Бұл өзгеріс субсидия алу уақытын жеделдетіп, жемқорлықты азайтады деген үміт бар. Бастысы, субсидия беру мәселесін талқылайтын комиссиялар жойылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Евниев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында хабарлады. 

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасын іске асыру аясын­да Ауылшаруашылық министрлігі мем­лекеттік қызмет көрсету үдерістерін ато­маттандыру бойынша жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Оның ішінде, суб­си­диялар беру үдерістері де бар. Бүгінгі таң­да жалпы субсидиялар 14 бағытта іске асырылып жатыр. Соның ішінде, тыңайтқыштарға субсидия төлеу толық ав­томаттандырылған. Бүгіндері онлайн түр­де 18,2 млрд теңгеге 20 мың элект­рон­ды өтінім тапсырылды және 17,1 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Жүйе толық жұмыс істеп тұр» деді Ар­ман Евниев.
Оның айуынша, алдағы уақытта дайын­дық жұмыстары жүргізілгеннен кейін егін жинау жұмыстарын жүргізу се­кілді үдерістерге арналған тауарлық-ма­териалдық құндылықтардың құнын суб­сидиялауды автоматтандыру жос­пар­ланып отыр. Ал жыл соңына дейін 14 субсидия түрі толық автомат­тан­ды­ры­лады. Нормативтік-құқықтық база­сы құрылып, 2019 жылдан бастап бар­лық субсидиялар автоматтандырылған түрде ұсыныла бастайды.
«Орта есеппен алғанда субсидия беру мерзімі 2,5 есеге қысқарады. Яғни, суб­­­сидия алу үдерісі қағаз жүзінде жүр­гі­зілген уақытта аталған мерзім 18 күнді құрай­тын еді. Ал субсидия ұсыну ав­то­мат­тандырылғаннан кейін бұл мерзім, ең ұзақ дегенде, 7 күн шамасында бол­мақ» деді ол.
Субсидия беруді автоматтандыру­дың пай­далы жағы, фермерлер мен тауар өн­дірушілер шенеуніктермен, суб­сидия ұсы­натын органдармен кез­дес­пейді. Олар­дың қас-қабағына тәуел­ді болмай­ды. Бастысы, субсидия беру үшін ар­найы комиссия құрылмайды. Себебі, мем­лекеттік қызмет көрсету үде­рісі ав­томаттандырылған соң, суб­сидия бөлу жөніндегі комиссиялар жойы­лады. Сон­дықтан комиссия құра­мын бекіту, ко­миссия отырыстарын ұйымдастыру, өт­кізу және комиссия шешіміне қол қою сияқты қаптаған амал­дарға жұм­сала­тын уақыт қыс­қа­рады. Субсидия алу нысанының са­палы-сапасыздығы, орын­далған-орын­далмағанына да тек­серу жүргізілмейді.
«Субсидиялау үдерісін автоматтан­дыру тараптардың, яғни осы процеске қатысатын жекелеген лауазымды тұл­ға­лардың жауапкершілігін арттыра түседі. Се­бебі, олар әрбір әрекетін электронды қол­таңба қою арқылы жүзеге асырады. Суб­сидияға өтініш берген фермер өті­нішіне қатысты қандай шешім қабыл­дан­ғанын өтініштер реестрінен қарай ала­ды. Субсидиядан үмітті тұлға өтіні­шін уақытында ұсынса жеткілікті» дей­ді министрдің бірінші орынбасары.
Былай қарағанда, бәрі – ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіруші үшін жа­са­лып отырған шара. Оған дау жоқ. Ал осы 17,1 млрд теңгені төлеу кезінде ешқандай мәселе туындамағаны таң­ғаларлық. Десе де, осы тұста бір мәсе­ле­ні айтпай кетуге болмай тұр. Субсидияға өтінім арнайы портал арқылы бері­ле­тіндіктен, ауыл-аймақта интернет желі­сі­нің жылдамдығы жоғары болғаны маңыз­ды. Алайда қазіргі күні ауылды айтпағанда, аудандардың өзін интернет же­лісінің жылдамдығы көңіл көншіт­пейді. Ал жыл басында субсидияның бар­лық түрін төлеу автоматтандырыл­са, оған шалғайдағы ауыл-аймақта тұратын шаруаның интернетіндегі жыл­дамдық онлайн өтінім беруіне мүм­кіндік берсе, жақсы…
Қалай десек те, бұл өзгеріс бармақ бас­ты, көз қыстымен субсидия әперіп, өзі ­де үлестен құр қалмай үйренгендердің түн ұйқысы төрт бөлетіні рас. Май­ланған ұрт майсыз қалғанда бір амалын тап­пай қалмай ма деген қауіп те жоқ емес. Себебі, қанша жерден автоматтан­ды­рылған жүйе дегенімізбен, пернетақ­та­ны басатын – адам…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*