Ольга Рыпакова ресми түрде Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері атанды

565
0
Бөлісу:

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова 2008 жылы өткен Бейжің олимпидасының күміс жүлдегері атанды. Халықаралық олимпиада комитеті Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының ақпаратына сүйене отырып, бұл ақпаратты ресми түрде жария етті.

Бейжің олимпиадасында Рыпакова үш қарғып секіру сынының алғашқы кезеңінде 4 орын алған. Бірақ ресейлік Татьяна Лебедева мен грекиялық Хрисопия Девециден допинг табылған соң, қазақстандық атлеттің нәтижесі өзгеріп шыға келді. Аталған екі спортшы екінші және үшінші орындарды еншілеген еді. Нәтижесінде Халықаралық олимпиада комитеті Лебедева мен Девецидің ұпайларының күшін жойып, Рыпакованы Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері деп таныпты.

Негізі ресейлік Лебедеваның допинг дауы туралы біраз уақыт бұрын белгілі болған. Алайда спортшы екі жыл бойы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Ол Лозаннадағы арбитражды сотқа арызданып көрген. Бірақ олар спортшының арызын қабылдамаған. Спортшыны екі жылға спорттан шеттету туралы шешім 5 қыркүйекте шықты. Дегенмен жаза мерзімі 2016 жылдың 12 қыркүйегінен есептеледі. Сондай-ақ оның 2008 жылдың 18 тамызы мен 2010 жылдың 17 тамызы аралығындағы барлық жетістіктері де өз күшін жояды.

Осылайша, 33 жастағы Рыпаковада олимпиада жүлделерінің барлығы да бар болып шыға келді. 2012 жылы ол Лондонда алтын жеңіп алған, ал төрт жылдан соң Бразилияда қола жүлде иеленді. Ольга – қазақстандық спортшылар арасынан Олимпиаданың үш жүлдесін де алған алғашқы спортшы.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*