«Астана» азулы «Ренн» командасын жеңіп кетті (видео)

634
0
Бөлісу:

«Астана» командасы Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Астанада француздың «Ренн» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

«Ренн» – біздің топтағы ең қарымды қарсылас саналады. Қанша дегенмен Франция чемпионатының өкілі болғандықтан олармен кез келген ұжым санасады. Сондықтан да ойын алдында күмәнді ойдың болғаны рас. Тіпті, бас бапкердің міндетін атқарушы Григорий Бабаянның өзі «бізді тең ойын да қанағаттандырады» деп айтқан болатын. Алайда елордалық команда қайсарлық танытып, Франция чемпионатында былтыр 5 орын алған ұжымнан айласын асырып кетті.

Ойын тартысты шабуылдармен басталды. Оның көбісін Бабаян шәкірттері жасады. Кабананганың да, Педроның да гол соғатын тамаша мүмкіндіктері болған. Бірақ гол соғу міндетін елордалықтар тек 64 минутта ғана іске асыра алды. Команданың ең жас ойыншысы Бақтиор Зайнутдинов бұрыштамадан берілген допқа бәрінен бұрын жетіп, баспен гол соғып кетті. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы өзінің жасыл алаңға бекер шықпағанын дәлелдей алды. Айта кетейік, бұл гол – Зайнутдиновтың еуро кубоктардағы жасаған алғашқы нәтижелі соққысы.

Одан кейін «Ренн» есепті теңестіре алатын мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ. Қарымта шабуылдардың бірінде «Астана» тағы бір голдың тынысын ашты. Негізгі уақытқа қосылған минуттар бастала салысымен «Астананың» хорватиялық жартылай қорғаушысы, Марин Томасов мергендігімен көзге түсті. Сөйтіп, «Астана» азулы қарсыласынан сенімді түрде басым түсті.

Осылайша, «Астана» 4 ұпаймен топтағы көшбасшылық тізгінді өз қолына алды. Одан кейін 3 ұпаймен «Ренн» тұр. «Динамода» әзірге бір ғана ұпай болса, «Яблонец» ұпай еншілей алған жоқ.

Үшінші турда 26 қазан күні «Астана» қонақта «Яблонецпен» ойнаса, «Ренн» өз алаңында «Динамоны» қабылдайды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*