Не ішеді балаңыз, Тамағына қараңыз?!.

717
0
Бөлісу:

Былтыр бір жыл бойы баланың болашағына алаңдағандар байбалам салып, мектеп асханаларындағы мәзірді өзгерткендей болып еді. Енді, міне, еліміздің мектептерінде оқушылардың жаңа стандартпен тамақтанып жүргеніне бір ай болды. Бірақ бұл мәзірдің де өзгеруі мүмкін. Себебі, жаңа мәзірдің кейбір тамақ түрлеріне қатысты ата-аналар мен кәсіпкерлердің арасында дау туып отыр. Мысықтың тамағына да жетпейтін қаржыға балаға ас ұсынған бұл жүйеге ептеп өзгеріс еніп, әр бала үшін бөлінетін 319 теңгенің 338 теңгеге өскені ешкімді қуанта қойған жоқ.

Мектеп оқушыларының 50 пайы­зында ішек жолдарымен байланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық-демогра­фиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, балалар арасындағы қан аздық (анемия) деңгейі 69 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 22 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына әсер етуші негізгі фактор – мектеп асханаларындағы ахуал екенін біле тұра, жайбарақат жүрміз.

БІР ОҚУШЫҒА – 338 ТЕҢГЕ

Білім және ғылым министрлігі мек­тептердегі тамақтануға қатысты түйт­кілдердің бар екендігін жыл сайын мойын­дап, жаңа жүйе енгізуден жалық­пай-ақ келеді. Нәтижесіз жүйенің жаңалығы да аз болып тұр. Қазіргі таңда мемлекет қазынасынан бастауыш сынып­тардың әрбір оқушысына ша­мамен 338 теңге бөлінеді. Қазақ тағам­тану академиясы құптаған бұл сомаға бала толық, құнарлы тамақ іше ала ма? «Әділет» ұйымы бұл қаржының да өсіп, мектептерді тамақтың құнарлылы­ғының артқанын құнттап отыр. «Был­тыр Астана қаласы бойынша жеңіл­діктермен қамтамасыз етілген балаларға және бастауыш сыныптың балаларына бөлінген қаржы 3,5 миллиард теңгені құрады. Бұл аз қаржы емес. Осы ретте айта кететін жайт, кәсіпкерлік қызмет түрлерінде мектеп асханалары табыс­тың бір көзі деуге негіз бар. Онда неге біз балаларды жақсы, құнарлы аспен қамтамасыз ете алмай отырмыз?» дейді «Әділет» тұтынушылар құқығын қор­ғайтын ұйым төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова.

СЭС-ТЕН ЕШКІМ СЕСКЕНБЕЙ МЕ?

Астана қалалық «Әділет» тұтыну­шылардың құқығын қорғау қоғамы 84 мектептің ішінен 47 мектептің асхана­сын кешенді түрде зерттеп, оның ішінде 20 мектеп асханасының талапқа сай емес­тігін анықтады. Тамақтану режи­мінің маңызды элементінің бірі – тамақтың таза, құрғақ, салқын жерде сақталып, таза ыдыспен берілуі. Жоға­рыдағы тексерістердің нәтижесіне қара­сақ, СЭС-тің осы мектептерге тек­серу жүргізіп отырғандығына күмәнмен қарай бастайсың. Әйтпесе, балалар тамақтанатын орынның санитарлық талаптарға да сай болмауы, оқушылар жеп жатқан тағамдарға химиялық зерт­теудің жасалмауы мүмкін бе? Алайда бұған да СЭС мамандарының айтар уәждері бар. Егер олар тексеруді жиілетсе, жеке кәсіпкер прокуратураға шағым түсіреді. Ал мектеп директор­лары ас мәзірін қадағалай алмайтынын, біреудің жеке кәсібіне араласа алмай­тынын айтады. Тамақ өнімдеріне химия­лық-технологиялық бақылау болмағаннан кейін мемлекеттік сатып алуларға қатысқан компаниялар азық-түлікті барынша үнемдей бастайды. Міне, осыдан шыққан арзан, сапасыз тамақтар бала денсаулығына айтар­лықтай әсерін тигізуде.

ТЕНДЕРГЕ ТЕЛМІРГЕН БАЛА АШ ҚАЛАДЫ

Соңғы жылдары тамақтану жүйесіне өзгерістер енгізіліп, конкурсқа қатысу­шылардың тамақтандыру саласындағы тәжірибесі, сапа сертификаты, аспаз­дардың біліктілігі, сондай-ақ санитар­лық-эпидемиологиялық рұқсаты бар өнімдердің тізімі талап етілетін болған еді. Бұған қоса, қызмет көрсететін меке­мені, ас мәзірін мұғалімдер мен ата-аналар бірлесіп таңдайтын да бол­ған. Білім және ғылым министрлігі «еліміздегі орта білім ошақтарындағы оқушыларды тамақтандыру сапасын арттырамыз» деп үйіп-төгіп уәде бергенімен, бұл сөздері де ертегі сынды есте қалып қойды. «Менің балам №74 мектепте оқиды. Сізге өтірік, маған шын, балам әлі күнге дейін мектептің тамағын ішкен емес. «Балам бүгін не жедің?» деп сұраудан мен жалықпай­мын, «Ештеңе жемедім. Дәмсіз тағамды қалай жеймін?» деп ренжіп келеді. Амал жоқ, онсыз да ауыр сөмкесіне үйдің тамағын салып беріп келемін. Мен мектептің жанында тұратын бол­ғандықтан, күнде кешке желінбеген та­мақтардың далаға төгіліп жатқанын жиі көремін» дейді Асылзат Жайлы­байқызы есімді ата-ана өкпесін білді­ріп. Иә, мектептегі мәзірге көңілі тол­майтын ата-ана көп болғанымен, олардың денінің шағым айтуға дәті
бара бермейді.

САЛАУАТТЫ ТАМАҚТАНУ ДЕГЕН НЕ?

Бұл салауатты тамақтанудың негізі – дәрумендер, ақуыз, май, көмірсулар. Ас құрамында негізгі қоректік заттар міндетті түрде болуы қажет. Йод тап­шылығы туындамауы үшін ет, балық, сүт өнімдері, жеміс-жидектер, нан секілді тағамдар күн сайынғы ас мәзі­ріне қосылып отырса, қаймақ, жұмырт­қа, сүзбені екі күнде бір беруге болады. Әсіресе, оқушы кітап оқығанда көзі көр­гіш, есте сақтау қабілеті мықты, зерек болу үшін бала ет, балық, жеміс пен көкөністі көп жеуі керек. Біздегі білім беру мекемелеріндегі бала денсау­лығына қатысты талаптардың қатаң сақталмауын ескерсек, мұндай тізімді түсімізде ғана көріп жүрмейміз бе? Оның үстіне соңғы уақыттағы түрлі реформалардың оқушының жүйкесіне салмақ салғанының өзі сау ұрпақ ту­ралы сөз қозғаудың ауылы алыс екенін аңғартады. Оған дұрыс тамақтанбауды қоссақ, басқасын бағамдай беріңіз.
Оқушылардың дұрыс денсаулығы оқу процесінде жүзеге асырыла­тындықтан, тиісті мекеме өкілдері білім саласындағы саны көп реформаларға емес, сапалылықты талап ететін бала денсаулығына назар аудару қажет. Ұрпақ саулығына төнген қауіп сонда ғана сейіледі.

ТАМАҚТАН ЖЫРУ – БАЛАНЫҢ НЕСІБЕСІНЕ ОРТАҚТАСУ

Балалар тамағын ұйымдастыру, әсіресе оқу процесі кезіндегі тамақтан­дыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да жеткілікті көңіл бөлуге тиіс. Мектепте балаларды тамақтандырудың басты талаптары сақталуы, оқушының жас ерекшелігіне сай дамуы ескерілуге тиіс.
«Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы жүргізген жұмыстың нә­тижесінде, мемлекеттік орган тарапынан мектеп асханасын жалға алып отырған 45 жалдаушыға айыппұл салыныпты.

Мәзір дайындап, пайдалы тағам әзір­лемес бұрын тиісті органдар ұсынған және сертификаттаған азық-түлікті сатып алу керек. Оның үстіне, бала деген сан түрлі азық-түлікті пайдалануы қажет. Күнделікті рационда міндетті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Кей тағам­дарды (балық, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік және басқа да ашымал сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. «Зерделеу барысында түсінгеніміз, мектептегі сапасыз және бей-берекет тамақтандыру жүйесі анық көзге ұрып тұрды. Осыдан кейін қалайша оқушылардың денсау­лығын ойлап, алаңдамайсың?! Жұмысы­мыздың нәтижесінде, 10 адам жұмыстан шығарылып, табылған кемшіліктерді түзету үшін 45 нұсқада жаздық. Мектеп тамағын зерттеу кезінде жыл сайын сол бір фактілерді анықтаймыз. Мәзірді көбінде баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажет­тілігін емес, азық-түліктің бағасын ескере отырып жасайды. Ол аз болғандай, кей кәсіпкерлер әлі күнге дейін кем өлшеп, ақшадан жеп, басқаша айтқанда, баланы тонап отыр. Тамақтан жырып, баланың несібесіне ортақтасып отырған бұндай кәсіпкерлерді тоқтататын уақыт жетті» дейді қор төрағасы Қабыкен Закариянов.

МЕКТЕП ТАМАҒЫНЫҢ
ҒЫЛЫМИ СТАНДАРТЫ ЖОҚ

Мектеп оқушыларын тамақтан­дыру­дың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ оны ескеріп отырған кім бар? Қалтасының ғана қамын күйттейтін кәсіпкерлердің көбейгенін, ең қорқыныштысы, олардың бала тамағына ортақтасып, ойындағысын жасап жүргенін жанашыр зерттеушілер шырылдап айтып отыр. Балалар мен оқу­шылардың денсаулығына пайдалы тамақ саясатын ендіру және бақылау коми­тетінің төрағасы Марат Белаев мектеп тамағын ұйымдастырудағы негізгі кем­шіліктерді жайып салды. «Олар баланың дене және ақыл-ойының дамуына ықпал етпейді, тіпті оқушының денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Әлі күнге дейін балаларды тамақтандырудың нормативті құжаттары, мектеп тамағының ғылыми негізделген стандарттары жоқ. Міне, мек­теп асханасын жалға алып отырғандар осыны ұтымды пайдаланып отыр» деген ол мектеп тамағының басым бөлігінің тұрмыстық қалдыққа айналуы бекер емес екенін айтады. Сарапшылардың оқу­шылар мен ата-аналар арасында жүргізген сауалнамасы негізінде мектеп асхана­сындағы тамақтың дәмсіз, біркелкі екені де анықталыпты.

БАЛАМЫЗ – 338, МЫСЫҒЫМЫЗ
450 ТЕҢГЕГЕ ТАМАҚТАНАДЫ

Кезінде Астана қаласы бойынша бі­рінші рет бастауыш сыныптарға, аз қам­тамасыз етілген отбасының балаларына тегін тамақ беріле бастағанына қуандық. Әу баста әр балаға 80 теңгеден бөлінген. Сосын бұл сома 120, 180, 281, 319, сосын 338 теңгеге дейін өсті. Өкінішке қарай, қа­зіргі нарық жағдайында азық-түліктің бағасы айтарлықтай қымбаттап, қыс және көктем кезінде одан сайын көтері­леді. Дәстүрлі түрде жалғасын табатын бұл қымбатшылық оқушылардың да құнарлы, толыққанды азықпен қамта­масыз етілуіне өз зиянын тигізеді. Осыны ескерген «Әділет» тұтынушылардың құ­қығын қорғау қоғамы Астана қалалық мәслихатына жүгініп, әр балаға бөлінетін соманы 338 теңгеден ең болмаса 450 тең­геге дейін көтеруді сұрап отыр.
Баласы мектеп асханасында тамақ­танатын көптеген ата-ана түскі асқа деп ақша береді, ал балалар ол ақшаны шо­коладты бәліштерге, тәтті сусынға жұм­сайды. «Хот-дог секілді жартылай дайын өнімді балалардың 86 пайызы күнделікті тұтынады екен. 18 пайызы газды сусын­дарды күнделікті ішеді. Бұл тағамдарды үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қан аздық, қан айналым жүйе­сінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Расында, бүгінде бұл аурулар балаларда жиі кездесетін болды» дейді №1 қалалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері Гүлзия Қайырбекқызы. Осыны ескерген АҚШ мемлекеті 2004 жылы жүріп бара жатып жүрек жалғайтын фаст-фуд тағамдарын оқушылардың жеуіне тыйым салған. Ал біздің мектептің асханаларына бұл тағамдар сатылымда әлі самсап тұр…

КОМБИНАТТАР ІСКЕ ҚОСЫЛА МА?!

Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жет­кенімен, солардағы «тамақтану комби­нат­тары» атқаратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекше­ліктеріне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, ар­найы көліктермен ғана мектептерге тара­тылады екен. Осылайша, халықаралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отырған біздің асханалардың жайы ақсап қалып отыр.
Ұмытпасақ, 2011-2020 жылдарға ар­нал­ған білім саласының мемлекеттік даму бағдарламасына мектеп тамағын жетіл­діру жөніндегі іс-шаралар да енгізілген болатын. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік негізінде облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында мектеп тамағын әзірлейтін 16 энергия үнемдегіш комбинат салу да жоспарланған еді. 2014 жылы үшсатылы сапа тексеруінен өткен, жоғары сапалы азық-түліктен таңғы ас пен түскі асты әзірлейтін мектеп тамағын ұйымдастырушы кәсіпорын құрылысын бастау мәселесі жолға қойылып, тіпті аталмыш комбинаттың құрылысына жер телімін бөлгені туралы ресми мәлімет те берілді. Соңы сұйылып кеткен бастама­ның басы-қасындағылар әлі де оқушы­лардың денсаулығын, еліміздің бола­шағын ойласа, осы мәселеге қайта ора­­лады деп ойлаймыз. Себебі, қымбат­шылық қысқан, азық-түліктің сапасына сын көзбен қарайтын, оқушылардың денсаулығын ойлайтын уақыт жеткенде жалғыз жол – осы комбинаттардың іске қосылуымен қатысты болып тұрғандай.

Нұргүл БОЛҒАНБЕКОВА,
кәсіпкер:
– Жаңа ас мәзірі бойынша шылқыған майға піскен ет қолданылмайды. Ащы дәмдеуіштер де: сірке суы, қыша, ақ желкек те тамаққа араласпауы тиіс. Есесіне, аптасына екі рет бал мен сүт, жұма күні ірімшік беріледі. Ал бейсенбі – балық күні. Олардың өзі жіті бақылаудан өтеді.
Конкурс бойынша екі мектепті жеңіп алдым. Бізге әр бала үшін 338 теңге береді. Осы қаржыға біз балаға қажетті жеміс-жидекті қосуымыз керек. Доллар болса күнде шарықтап, азық-түліктің бағасы аспандап жатыр. Ал ондай жағдайда бұл ақшаға балаға дәмді сүзбе, бал және жемістерді қоса есептеу мүмкін бе?! Сондықтан бұл қаржыны көбейтуді сұрап отырмыз.

Тұрсын ЖАҒЫПАРОВА,
«Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары:
– Шыны керек, кәсіпкердің 80-90 пайызы тек ақша тапсам деп қана ойлайтын болып кетті. Біздің заңымыз оларға өте көп мүмкіндіктер беріп отыр. Сонда баланың жайын кім ойлайды? Мектеп директорларын да түсінуге болады. Бұрын олар мектептің тек білім сапасына, тәрбиесіне мән беріп келсе, қазір олар – менеджер. Барлық істің басы-қасында өздері жүруі керек. Қандай шараға да өздері қатысу керек. Екінші жағынан тұтынушылардың өздері белсенді емес. Олар мемлекетке иек артып алған. Неге әрбір ата-ана өз баласы үшін келіп мектеп асханасын тексермейді, неге өздерінің құқықтарын пайдаланып, қадағаламайды? Қоғамда осындай қозғалыс болғанда ғана біздегі бұл жүйеде өзгеріс орнауы мүмкін.

Сәкен ЕРМЕКОВ,
кәсіпкер:
– Астана қаласы бойынша мектеп оқушыларын тамақтандыруға жарияланған тендерді ұтып алғандардың денінде жоғары санатты аспаздар да жоқ. Жылда қайталанатын жағдай, тендерге қатысқандардың арасында ұзақ жыл қызмет еткендер емес, жаңа кәсіпкерлер көбіне бой көрсетеді. Тіпті үш күн бұрын ЖШС ашып, төртінші күні тендерді жеңіп алғандары да болды. Нәтижесін өзіңіз білесіз… Әрбір үшінші баланың денсаулығында кінәрат бар.

Бағым ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,
ата-ана:
– Балам биыл бірінші сыныпқа барды. Мектептің тамағын ішпейді. Мәзірлеріне қарасам сүзбе, бал деп тұр. Ваниль, шоколад және құлпынай дәмдері бар дейді. Бұның бәрі химиялық қоспаларға жатады. Бала түгіл, өзің іше алмайсың. Қаншама жағдайы жоқ, үй жағдайында ыстық тамақ іше алмайтын балалардың жайын неге ойламайды? Олар ең болмаса мектепке келіп бір мезгіл дені дұрыс тамақ ішсе қалай болар еді?


P.S.

Мектептің асханасына қатысты мәселеге жалғыз Білім басқармасы емес, мектептің директорлары да жауапты. Бұл мәселе қанша көтерілсе де, Астананың әлі бірде-бір мектеп директоры бас ауыртып көрген емес. Қарауындағы қаншама мың баланы тамақтандыратын кәсіпкерді таңдайтын мектеп басшылығының өзі болғандықтан, олардың да баланың болашағына бей-жай қарамағаны керек. Үкіметтің белгілеп бергені 338 теңге болса, осы сомаға қызмет етем деген нағыз мамандардың қолына жұмыс беруді ең алдымен мектеп директоры қадағалауы қажет емес пе? Үкімет ұлт болашағын ойласа, мектеп асханасын реттеуді қолға алар деген үмітіміз бар.


Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*