ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

521
0
Бөлісу:

«Шынымен, бұл өте көкейтесті мәселе. Біз кезінде нарықтық экономиканы да түсінген жоқпыз ғой, инфляция, девальвация, кредит дегеннің не екенін білмедік. Кеңестік кезеңде ондай болған жоқ қой. Уақыт өте мұны да ұғынып, түсіндік. Енді цифрландыруға көшкелі отырмыз. Мен өткен жылы үшінші жаңғыру туралы айтқан едім, ал қазір индустрияландыру 4.0. Бұл бүгінгі бренд, біз ілесіп жүруге тиіс жаңа бағыт. Мұнда қорқатын ештеңе жоқ. Азаматтарға қарапайым тілмен түсіндіру керек. Бізде электронды үкімет бар, халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Оның көмегімен азаматтар шенеуніктермен бетпе-бет жүздеспей-ақ, өзіне қажетті ақпарат алады. Мәселен, дрондар. Ауыл шаруашылығында қай жерде егін жақсы өсіп-өспейтінін көрсетеді, тиісті ақпарат береді. Мұның бәрі Цифрлы Қазақстанның элементтері» деді Елбасы. Президенттің айтуынша, барлық саланы цифрландыру сыбайлас жемқорлықпен күресудің бір жолы екенін атап өткен болатын.

БАҚ өкілдерінің бірі Елбасыдан мем­лекеттің «Цифрлы Қазақстан» аясында трансформацияға қаншалықты дайын екенін сұраған еді. «Цифрландыру бір жағынан прогресс, екінші жағынан ешнәр­сені жасырып қала алмайсың, өмір сүру оңай емес. Бәрі ашық болуы керек. Мәселен, қазір дербес компьютерлер керек емес, бәрі айфонда, план­шетте не­месе сағатта. Менің немере­лерім оларды керемет біледі, ал маған үйрену керек» деп күлген еді Президент.
Елбасы сол тұста «Цифрлы Қазақ­стан» үшін кадрлар әзірлеуді тапсырған. Қазақ­станды жаппай интернеттендірудің мәні мен маңызын айтқан. «Ақпараттық Қазақстан өте маңызды. Сондықтан арнайы вице-премьерді тағайындадым. Оның негізі білімі ІТ тех­нологиялармен байланысты. Ақпарат ми­нистрлігі бар, қазір олар бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр» деген еді Президент.
Күні кеше Астанада шалғай жатқан ауылдарға интернетті жеткізу бойынша келі­сімшарт рәсімделді. Үшжақты келі­сімшартқа Ақпарат және коммуника­циялар министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және консорциум қол қойды. Соның аясында 1 200 ауыл кең жолақты ғалам­торға қосылады. Интернет оптикалық-талшықты желілер арқылы тартылатын болады. Бұл жұмысты «Қазақтелеком» АҚ-сы және тағы бір консорциум ат­қарады. Кон­сорциумға «SilkNetCоm» ЖШС және «Транстелеком» АҚ кіреді. Жалпы, аталған компаниялар 20 мың шақырымды құрайтын оптикалық-талшықты желілерді тартып береді. Соның басым бөлігі – 14,2 мың шақы­рымы «Қазақтелекомға» тиесілі. Жоба аясында мыңдаған мектептер, ауруxа­налар мен мемлекеттік органдар жылдам интернетке қосыла алады. Ақпарат және коммуникация­лар вице-министрі Дарын Тұяқовтың келтірген мәліметіне қарасақ, интернетке қо­сылатын ауылдардың нақты саны – 1 249. Бұл ауылдарда жалпы есебі – 2,4 млн адам бар. «Бұған қоса шамамен 3 700 мемлекеттік орган кең жолақты интернетке қосылады. Барлық жұмыстар мемлекеттік-жекешелік серік­тестік негізінде атқарылады. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың аяғына дейін интернет 105 мың адамға тартылса, 2019 жылы – 1,2 млн адамға, ал 2020 жылы қалғандарға кең жолақты ғаламтор жет­кізіледі. «Қазақтелекомның» басшысы Қуанышбек Есекеев интернеттің сапасы қаладан кем түспейтінін, бағасы жағынан да айырмашылық болмайтынын хабар­лады. «Қазір бір абонентке шамамен 2 500 теңге келеді. Сонда бір үйдің төлема­қысы 4 000 мың теңгені құрайды. Тура сондай тариф ауылда да болады».
Ауылдан қалаға қарай ағылып жатқан ел-жұрттың алаң көңілі жайланатын болды. Енді қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақ­тық мәселесі шешіле бастайды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тұрғындарының олжа толтырар тұсы. Адамзат көшінен қалыспай, ауылда оты­рып та қаптаған мәселені реттеудің мүм­кіндігі келетіндей.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*