Дәлел УӘШЕВ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры: Өнер жауһарын іздесеңіз, бізден табасыз

352
0
Бөлісу:

Бірер күн бұрын Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына бас сұғып, өнер мекемесінің басшысы Дәлел Уәшев мырзамен сұхбаттастық. Директор жаңа маусым қарсаңындағы бірқатар жаңалықпен таныстырды. Біз де көкейдегі сауалдарды қойып отыруға тырыстық. Дәлел Зейнешұлы сөз басында филармонияның жақында ғана өзінің жаңа концерттік маусымын ашқанын, ең алғашқы концертті үрмелі аспаптар оркестрі бергенін айтып қалды. Алғашқы сауал да осы тұстан басталып кетті. 

– Әлгінде ғана үрмелі аспаптар оркестрі­нің көрермені көп деп қалдыңыз. Бұл оркестр­дің аудиториясының мол болуының басты себебі неде?
– Себебі, бұл оркестрдің 20 жылдан астам тарихы бар. Осыншама жыл бойы қалып­тасып, тәжірибе жинап, шыңдалды. Соған сәйкес, көрермені де көп. Оның үсті­не шығармашылық ұжымдағы маман­дар­дың барлығы кәсіби деңгейі жоғары музы­кант­тар. Қалалық, республи­калық дең­­гей­­­дегі шараларға да бірінші шақы­ры­ла­ды. Мәселен, қыркүйек айында өткен оркес­трлер шеруіне «Отырар сазы» оркестрі­мен бірге қатысып келді. Халық олардың өнерін ықыласпен тамашалайды. Жұрттың бәрі тек эстрадаға мойын бұрады, соларды тыңдайды десек қателесеміз. Үрмелі аспап­тар оркестрі тыңдармандарын ерекше тәтті әлем­ге жетелей жөнелгенде қалайша олар­дың фанатына айналғаныңды байқамай да қаласың.
– Филармонияда болатын концерттер – өнер мен музыканың ең бір саф туындылары іспет­ті. Классикалық туындылар ұсынылады. Сон­дықтан осындай әдемі кештерді фото және бейне мұрағатта сақтап отырасыздар ма?
– Дұрыс айтасыз. Соңғы 4-5 жылдың шама­сында бұл мәселеге тереңірек көңіл бөліп, қолға алдық. Өзіміздің бейне опера­то­рымыз, фотографымыз бар. Олар концерт­терді түгел таспаға басып, арнайы мұра­ғатқа өткізеді. Сосын БАҚ өкілдерімен де тығыз жұмыс істеп, телеарналардағы арнайы бағдарламалардан, жаңалықтар қыз­метінен көрсетуге мұрындық болып оты­рамыз. Жалпы, әр концерт сайын біз есеп өткіземіз. Қанша билет сатылды, қан­ша көрермен келді дегендей. Әр концерт­ке ыждағаттылықпен қарап, мұқият жүйелей­міз. Өйткені филармонияда өткен әр концерт – тарих. Оны ертеңгі күні келер ұрпақ көреді, керегін алады, бағасын береді дегендей. Біз соған қызмет етіп жатыр­мыз. Одан бөлек бізді іздеген көрермен әлеуметтік желідегі парақшаларымыз­дан да таба алады. Ол жерде де біздің жұмы­сымызға қатысты фото және бейне айғақтамалар бар.


Орталық Азиядағы ең үлкен орган аспабы осы Жамбыл атындағы филармонияда бар. Аталған музыкалық аспап осыдан 2 жыл бұрын үлкен жөндеуден өткізілген. Органды ойнайтын мамандар Германиядан шақырылған. Айта кетейік, бұл – үрмелі клавишті музыкалық аспап. Аспаптың алғашқы түрлері ежелгі Грекия, Италия, Византия елдерінде пайда болған. Органның дыбыс тембрі ерекше.  


– Қазіргі таңда филармонияда қанша өнер ұжымы бар? Сонымен қатар сырттан келіп өнер көрсететін музыкант­тармен, шығармашылық өкілдерімен қалай келісім жасайсыздар?
– Жалпы, филармонияда әкімшілік топты қоса есептегенде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал негізінен, бізде бес үлкен ұжым бар. Олар – мемлекеттік академиялық сим­фониялық оркестр, Нұрғиса Тілендиев атын­дағы академиялық фольклорлық этно­рафиялық «Отырар сазы» оркестрі, Бақыт­жан Байқадамов атындағы мемлекет­тік хор капелласы, сосын үрмелі аспаптар оркестрі және бес адамнан құралған квинтет. Квин­тет­тен басқасы 70-80 адамнан құралған. Сондықтан ұжымдарымыздың ауқымы өте кең. Сондай-ақ филармонияның жеке солис­тері бар. Олардың қатарына пианист, скрип­кашы, виолончельде ойнайтын музы­канттар кіреді. Бұлар – тұрақты штат­тағы адамдар. Ал шақырумен келіп өнер көр­се­те­тін әлемдік және қазақстандық таны­мал музыканттармен арнайы шартқа оты­рамыз. Олар соған сай қаламақысын ала­ды және гастрольмен келуші музыкант­тар­­дың тұратын жері, жүретін жолы да төленеді.
– Жаңа маусымға дайындық қалай жүр­гі­зіл­­ді? Биыл қандай жаңалықтармен қуан­та­сыз­дар?
– Жаңа маусымның ашылуы болып кетті. Дайындық дегеніңіз үнемі жүріп жатады. Біздің оркестрлер арнайы бекітілген кестеге сәйкес, репетиция жүргізіп отырады. Концерттік маусымның шыңы ретінде қазан айын атай аламыз. Мәселен, 3 қазан күні хор капелласы өнер көрсетті. Ол жерде 70-80 дауыс әрқайсысы өз ырғағымен шырқап, белгілі бір музыка биігінде тоғысады. Бұл әрине, көрерменге ерекше күй сыйлай­ды. Кейде аспаптардың сүйемелдеуі­мен, ал кейде сүйемелдеусіз де ойнап жатады. Бірақ бір айтарым – хор капелласын тыңдауға адамдар да өзіндік дайындықпен келуі керек сияқты. Егер өнер көрсететін ұжым, олар­дың шығармашылы­ғы, олардың стилі тура­лы біліп, танысып келсе, музыканы түсіну әлдеқайда оңай болмақ. Сөйтіп, өздерінің де сауаты арта түседі. Ал 5 қазан күні мемлекет­тік академиялық симфония­лық оркестрі өздерінің осы маусымдағы алғашқы концер­тін берді. Оркестр дирижері – Қанат Омаров. Ол АҚШ-та тәжірибеден өткен талантты жас маман. 11 қазанда мемлекеттік Қарағайлы үрмелі аспаптар квинтеті концерт қойса, көпшіліктің қошеметіне бөленген «Отырар сазы» оркестрі 19 қазанда өз көрермендерін шақырады. Бұл концерт Нұрғиса атамыздың өмірден өткеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.


Филармонияда қазіргі таңда барлығы 500-ге жуық қызметкер бар. Олардың басым бөлігі – өнерпаздар. Өнер мекемесінде бес шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олар жыл сайын түрлі музыкалық бағдарламаларымен көрермендерге керемет кештерді тарту етеді.


– Жаңа маусым қарсаңында келушілерге арнап түрлі абонементтер ұсынып отыр екен­сіздер. Осы туралы толығырақ айта кетсеңіз?
– Абонементтер – біздің филармония­ның басты көзірлері іспетті. Бұл енді бізге көрермен тартудағы басты әдіс-тәсілдердің бірі. Қазіргі таңда бізде үш үлкен абонемент бар. Біріншісі – мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің жылдық абоне­мен­ті. Ол екі бөлімнен тұрады. Жалпы, 12 концерт бар. Мына арнайы альбомда қандай бағдарламалар бар екені, қандай қонақтар келе­тіні тайға таңба басқандай анық көрсе­тіл­ген. Кез келген адам осыны ашып қарап отырып толық ақпараттана алады. Бірінші абонемент желтоқсан айында ашылады деп жоспар­ланып отыр. Көрерменге ыңғай­лы болу үшін бөліп-бөліп алуға да болады. Ал екінші абонемент Ғазиза Жұбанова атын­дағы шекті аспаптар квартетіне арнал­ған. Бұл ұжымның шығармашылығы адамды еріксіз баурап алады дер едім. Олар негізі­нен, шет мемлекеттерде өнер көрсетеді. Олардың абонементі алты концерттен тұрады. Үшін­ші­сі – оқушыларға арналған абоне­мент. Мұны әдеби-музыкалық жоба деп те айтар едім. Оның бастамашысы, жүргізушісі – белгілі музыкатанушы ғалым Юрий Аравин. Ол кісі осы алты концерттен тұратын абонементті бастан-аяқ жүргізіп, көрер­мендеріне сый жасайды. Ол баппен сахнаға шығып, бағдарламаны асықпай таныс­тырады. Әрбір аспапқа жеке-жеке тоқ­талады. Ойналатын шығарма туралы баяндап беріп, оның бала санасына жете түсуі үшін ерінбей түсіндіреді. Оның осын­дай жүргізуінен кейін балалар келесі концерттерге де қатысуға асығып тұрады. Әр концертке арнап, балаларға сурет те салғы­зады. Жас балғындардың ондай өнер туын­дылары біздің филармония қабырға­ларын­да ілулі тұр.
– Филармонияға келетін көрермендердің басым бөлігі кімдер деп сұрағым келеді. Жастар көп пе, әлде аудитория негізінен үлкен жастағы кісілерден құралған ба?
– Эстрадалық концерттер, түрлі зама­науи бағыттағы кештер қаланың түкпір-түк­пі­рінде күнде болып жатады. Ал біз негі­­зінен клас­сикалық музыканы насихат­тай­мыз. Мұның маңызы өте жоғары. Жыл­дан жылға көрермендеріміз көбейіп келе жатырмыз. Егер олардың жас мөлшеріне тоқталатын болсақ, тең деп айтар едік. Терең музыкаға қызығып, одан өзіне кере­гін алып, риза болып қайтып жатқан жастар да көп. Кейде сол жастар өздерінің ата-әжесін, ата-анасын алып келіп жатады. Бұл үрдіс те қуантады. Арасында бізге үнемі келетін тұрақты көрер­мендер де бар. Олардың да өзіндік шоғыры қалыптасып қалған. Сосын музы­калық мектеп, колледж, консерва­то­рия студенттері де жиі келе­ді. Қазір өзі заманауи құндылықтар жиі ауысып, жан-жағымызды бағдарлап та үлгермей жатырмыз ғой. Бірте-бірте шынайы өнер нағыз бағасын алып, үлкен тыңдармандар аудиториясы пайда болатын секілді. Біз соған келе жатыр­мыз. Осы ретте көрермендерге қара­та өнердің нағыз жауһарын іздесе­ңіз­дер, біздің филар­монияға келіңіздер деп айтар едім.

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*