Мәулен ӘШІМБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: ЕЛДІҢ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ТАРИХИ ҚҰЖАТ

965
0
Бөлісу:

Елбасымыз өзінің жаңа Жолдауы арқылы еліміздің ендігі бағыт-бағдары мен алдағы міндеттерін айқындап берді. Бұл Жолдаудың ең басты ерекшелігі халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны болып отыр. Сол себепті де, оны елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп қабылдауға әбден болады.
Шын мәнінде, Жолдауда айтылған барлық басымдық миллиондаған қазақ­стандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың бәсекеге қабілет­тіліктерін көтеретін тиімді тетіктер. Ал бұл – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды көздейтін біз үшін басты талаптардың бірі.
Президент Жолдауда бүгінде жаһан­дық және жергілікті мәселелердің шиеленісе түскенін, мұндай тығырықтан шығудың бірден бір жолы адамның дамуы екенін айтты. Сондықтан да Үкі­метке және барлық мемлекеттік органдар мен компанияларға жұмыс тәсілдерін өз­гертуді тапсырды. Бұл қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі еліміздің ең басты басымдығына айналады деген сөз.
Жалпы, Мемлекет басшысының сын­дарлы саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, дамудың дара жолымен жүріп келеді. Біз осы уақыт аралығында саясат пен экономикада үлкен жетістіктерге жеттік. Түрлі халықаралық форумдар мен жиындарды жоғары деңгейде өткізіп, әлемдік қауымдастықтың сенімін абы­роймен ақтадық. Сол арқылы дүниежүзіне бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұ­рақтылықтың алтын бесігі ретінде та­нылдық.
Десек те, заман бір орында тұрмайды. Қазір әлемнің үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатқаны да белгілі. Сол әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да осы үдерістерден тыс қалмайды. Сондықтан бізге енді аталған өзгерістер мен жаһан­дық сын-қатерлерге лайықты төтеп беру­дің жолын қалыптастыру аса маңызды. Ал оның негізі бай, білімді, дені сау ұлт екенін Елбасы жаңа Жолдауында нақты көрсетіп беріп отыр.
Жолдауда айтылған алты бағыт та ха­лықты алаңдатқан ең өзекті және күрмеуі қиын мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашып берді. Соның ішінде елдің табысын өсіру, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтардың сұранысына сай мемле­кеттік аппарат құру, сыртқы саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақ­стандықтың еліміздегі өзгерістерге атса­лысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалға берілген нақты жауап болды.
Әсіресе, Елбасының білім беру, ден­саулық сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді баспана, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, сы­байлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арт­тыру сияқты халықтың күнделікті өмі­ріндегі салаларға ерекше мән беруі, ешбір әсірелеусіз қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеретін игі қадам. Сол себепті де, бұл басымдықтарды халық бірден қолдап, олардың нәтижелі жүзеге асырылуына белсенді қатыса­тынына кәміл сенемін.
Әрине, бұл басымдықтар бойынша осыған дейін де елімізде көптеген бағдар­лама қабылданып, саяси, экономи­калық, рухани және әлеуметтік жаңғы­рулар қолға алынғаны белгілі. Сондықтан «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жаңа Жолдауды Мемлекет бас­шысының бүгінге дейінгі барлық бастамаcының лайықты жалғасы деуге толық негіз бар.
Елбасының сенімді тірегі, елмен етене жұмыс істейтін партия ретінде «Нұр Отан» Жолдаудың мәні мен маңызын әрбір қазақстандыққа түсіндіріп, оның табысты орындалуы үшін өз үлесін қоса­тын болады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*