үкімет міндеттерді орындауға кірісті

438
0
Бөлісу:

Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төраға­лығымен және Президент Әкімші­лігінің басшысы Ә.Исекешевтің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мәселе­леріне арналды.

Отырысты ашқан Үкімет жетекшісі Б.Сағынтаев Мемлекет басшысы жария еткен Жолдау халық арасында кең қолдау тауып отырғанына назар аудартты. Ал бұл реттегі Үкіметтің негізгі міндеті аясына аталған тапсыр­маларды таяу уақытта жүзеге асыру, өңірлерге керекті қаражатты жет­кілікті көлемде бөлу және қажетті өзгерістерді жылдам қабылдау кіреді. Халық Елбасы жария еткен тапсыр­малардың орындалуын зарыға күт­пеуге тиіс: Үкімет жұмысының нәтижелерін қазірден сезінгені жөн.
Өз сөзінде Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев Елбасының өз Жолдауында Үкімет қызметінің басты басымдығы ретінде қазақстан­дықтардың әл-ауқатын арттыруды белгілегенін еске салды. Әл-ауқат екі құрауыштан тұрады, бұлар – қа­зақстан­дықтардың табысының өсуі және өмір сапасының жоғарылауы. Бұл үшін әлеуметтік қызметтердің сапасы, тіршіліктің қолайлы ортасы және қауіпсіздік қамтамасыз етілуге тиісті.
Бұған қоса, Президент қысқа дайындық, күзгі егін жинау, азық-түлік өнімдері мен көмір бағаларының негізсіз өсуі және басқа да қазақ­стан­дықтардың көңіл-күйіне кері әсер етуі, сондай-ақ елдегі қоғамдық-саяси жағдайға ықпал жасауы мүмкін мәселелерді бақылауда ұстайтын болады.
Жиында Үкімет мүшелері Мем­лекет басшысы қойған міндеттердің өздеріне қатысты бөліктерін жүзеге асыру жоспарлары туралы баяндады.
Бірінші кезекте, халықтың табыс деңгейін көтеру бойынша шаралар қабылданады. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақы 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіріледі. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысының артуына ықпал етеді. Сонымен қатар бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға ұлғаяды. Олардың арасында білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінің жұмысшылары бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқа­сымова­ның айтуынша, Елбасының алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, ең төменгі жалақыны 42,5 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі тапсыр­маларын орындау мақсатында «2019-2021 жылдарға арналған республи­калық бюджет туралы» заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіледі.
– Ең төменгі жалақының мөлшерін анықтау әдістемесі өзгереді. Ол бұдан былай ең төменгі күнкөріс шегінің мөлшеріне байланыстырылмайтын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бюджеттік ұйым­дарда жұмыс жасайтын 275 мың аза­маттық қызметкердің еңбекақысын орташа есеппен 35 пайызға көтеруді қамтамасыз етеміз, – деді М.Әбілқасымова.
Бұдан бөлек, 6 миллионнан астам жұмыскердің салықтық жүктемесі де төмендетіледі. Тұтастай алғанда, министрдің мәліметінше, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсірілуі эконо­миканың барлық салаларында еңбек­ақысы аз жұмыстарды атқаратын 1,3 миллион адамның жалақысының көбеюіне әкеледі.
Бұдан өзге, Жолдауды іске асыру аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларын мемлекеттік қол­дауды кеңейтуге бағытталған жұмыс жалғасын табады. Бұл ретте осы секторлардағы шығыстардың тиім­ділігін ұлғайтуға екпін түсірілмек. Ел Президенті 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ЖІӨ-нің 7,4%-ынан 10 пайызға дейін жеткізу міндетін межеледі.
Мұның сыртында, педагогтың мәртебесін биіктету, жаңа мектептер салу, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ауруларды емдеу ісін басқару­дың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жала­қысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейту, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және елордада жаңа ғылыми онкологиялық орталық салу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің хабарлауынша, мектептегі және мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі күшейту аясында БҒМ әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті Жол картасын әзірлемек. Ол құжатта балабақшалар тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру және бірыңғай біліктілік талаптарды енгізу шаралары қарастырылады.
– Мектепте бұл жұмыстар қазірден жүруде. Биыл ұлттық білік­тілік тестілеуі ендірілді. Мектептердегі аттестациялау қорытындылары бойынша 34 мыңнан астам мұғалімге біліктілік категориялары берілді. Осы педагогтарға 2018 жылдың 1 қыр­күйегінен бері үстемеақы төленуде. Тұтастай алғанда, үстемеақы көлемі категориясына қарай 30 пайыздан 50 пайызға дейін барады, – деді Е.Сағадиев.
Халықаралық стандарттарға көшу де кесте бойынша жүруде екен. 2019-2020 жылдары бағалаудың бүкіл жүйесін PISA, SAT, AST стандарттарына көшіру қамтамасыз етілетін болады.
БҒМ басшысы мектептерде оқу­шылар орнының тапшылығын қысқарту бойынша жұмыстар жал­ғасатынын жеткізді. Балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақса­тында барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйе­лерімен 100% жарақтандырылмақ. Бұл үшін шамамен 4 мыңдай бейнебақылау камералары сатып алынады.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Педагогтың мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленеді. Онда ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға, оқу жүктемесін азайтуға, қажетсіз тексерістерден қорғауға арналған және басқа да шаралар көзделеді.
Отырыста Индустрияландыруға жаңа көзқарас жайы талқыланды. Ел Президентінің азаматтардың әл-ауқатын арттыру бойынша тапсыр­маларын жүзеге асыру тек жалақыны көтерумен шектелмейді. Эконо­микалық өсім де мультипликативтік тиімділік есебінен халықтың атаулы табыстарын көтеруге әсер етеді. Осыған орай Үкімет ұзақмерзімді перспективада ЖІӨ өсімінің негізгі құрауышы ретінде шикізаттық емес экспорттың дамуын қосымша ын­таландырмақ. Мемлекет өңдеу өнеркәсібіндегі тиімді әрі экспортқа бағытталған өндірушілерді нысаналы түрде қолдауға көшеді.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек экономикадағы қосылған құнды ары қарай өсіру, экспортқа бағдарланған өндірістерді ұлғайту, адами әлеуетті және өмір сапасын артыру, сондай-ақ ел экономикасын өңірлік және жаһандық нарықтарға интеграциялау шаралары туралы баяндады.
Индустрияландыру жұмыстарын жандандыру үшін қысқа және ұзақ мерзімді перспективаларға арналған жаңа көзқарастар әзірленіпті. Бұл жерде енді шығарылатын тауарлар құрылымын одан әрі күрделендіру және сыртқы нарықтарға қатысуды кеңейту басымдыққа айналады. Өнеркәсіпті цифрлы дәуірге даярлау мақсатында қажетті инфрақұрылым мен стандарттар, «үлгілі фабрикалар» құрылады. Өнеркәсіпті цифрландыру отандық кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шартына айналады. Сондай-ақ экпорттаушыларды кешенді түрде қаржылық және қаржылық емес қолдау жүйесі күшейтіледі. Бұл мақсатқа алдағы үш жыл ішінде 500 миллиард теңге жұмсалмақ.
Экспортты қолдаудан қандай қайтарым күтіледі? 2022 жылға қарай шикізаттық емес өнімдер экспортының көлемі 1,5 есеге өспек. Шикізаттық емес экспорттың ЖІӨ өсіміне жыл сайынғы үлесі 2022 жылға қарай 5 пайызға артады. Тұтастай алғанда, экспортқа бағытталған кәсіпорындар саны 450-ге жетпек.
Елбасы Жолдауындағы тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау тап­сырмаларын жүзеге асыру көптеген қазақстандықтарға баспана жағдай­ларын айтарлықтай жақсартуға жол ашады және ел экономикасының өркендеуіне қосымша серпін береді. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары құрылады, құрылыс саласы өркен жаяды, жиһаз жасау, тұрмыстық техника, құрал-жабдықтар секілді жапсарлас салалар мен индустриялар кәсіпорындары дамиды.
Сапалы және қолжетімді баспа­намен қамту мақсатында алдағы бес жыл ішінде «Нұрлы жер» мембағ­дарламасы бойынша жалпы көлемі 76,6 миллион шаршы метрді құрайтын 650 мыңнан астам баспана тұрғызу жоспарлануда. Осының арқасында шамамен 2 миллион азамат үйлі болып, қоныс тойын тойламақ.
«7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында шамамен 103 мыңдай қа­зақстандық тұрғын үйді жеңіл ипоте­камен ала алады. Бұл бағдарлама бойынша әкімдіктерге 20 пайыздық бастапқы жарнаны жергілікті бюджеттерден ішінара субсидиялау тетігін пысықтау жүктелді: осы тетік бойынша жас отбасыларға және бюджеттік сала қызметкерлеріне бастапқы жарна көлемінің тең жартысын бюджеттен төлеу арқылы әлеуметтік көмек көрсетілмек.
Мемлекет басшысы белгілеген мақсаттарға жету үшін Үкімет арен­далық баспана құрылысына бағыт­тайтын қаражат көлемін 25 мил­лиардтан 35 миллиард теңгеге дейін ұлғайтады.
Жиында Елбасының бизнес және ин­вестициялық жағдайларды жақ­сарту бойынша міндеттерін орындау жайы да қарастырылды. Үкімет бизнес жүргізу шарттарын жақсартуға қатысты Президент тапсырмаларын толық әрі уақытылы орындау бойынша шаралар қабылдайтын болды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» мембағдарламасын ары қарай жүзеге асыруға жыл сайын қосымша 30 мил­лиард теңге арна тартады. Қазіргі уақытта 4 мың жобадан тұратын жаңа пул (топ) қалыптастырылыпты. Субсидиялар «Даму» қоры операторы арқылы тікелей ұсынылады. Жаңа жобаларды қолдау шамамен 22 мың жұмыс орнын қосымша құруға және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды орындау жайы жан-жақты пысықталды.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсыр­малар берді. Нақтырақ айтсақ. Жол­даудың барлық бағыттарын қамтитын Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары дайындалады. Ұлттық экономика министрлігі Елбасы жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекіту туралы тиісті қаулы жобасын Үкіметке енгізуге міндеттелді. Президенттің әрбір тапсырмасына дербес жауап беретін басшылар бекітіледі, сонымен бірге, оны іске асырудың нақты мерзімдері белгіленіп, қатаң бақылау жасалады.
Алда Мемлекет басшысының Жолдауын өңірлерде түсіндіру жұмыстары басталады. Бұған қоса, 20 қазанға дейін Жолдауды ақпараттық қолдау мақсатында Үкімет мүшелерінің басшылығымен меморгандардың және түрлі ұйымдардың өкілдерінен тұра­тын республикалық ақпараттық топтардың ауыл-аймаққа сапарлары жоспарланып отыр. Әкімдерге ақпа­раттық топтармен кездесулерді өткізуге дайындық жүргізу жүктелді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, орталық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында Жолдауға қатысты ақпараттарды жариялау тапсырылды.
«Адамдар Мемлекет басшысының алға қойған әрбір тапсырмасының маңыздылығын және оны іске асыру кезеңдерін түсінулері керек» деп түйді Бақытжан Сағынтаев.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*