Әлеуметтік салаға әр беретін құжат

915
0
Бөлісу:

          «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді. Онда 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін коалиция мүшелері Жолдауда көрсетілген басымдықтардың маңызына тоқталып, жаңа стратегиялық құжатты іске асырудың нақты тетіктерін айқындады.

Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының Бірінші орынбасары еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуының өзекті мә­се­ле­леріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан ары арттыру міндеттеріне арналған биылғы Жол­дау Елбасы саясатының беріктігі мен тұрақ­ты­лығын көрсететінін айтты.
– Елбасының Жолдауында қоғамда қызу тал­қыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қам­тылған. Мемлекет басшысы сол мәселелерді ше­шу үшін нақты шараларды ұсынып отыр. Атап айт­қанда, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағ­дайын жақсарту, баспанаға қол­же­тім­ділікті қам­тамасыз ету, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруа­шылықтағы қордаланған мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу және жолдарды жөндеу, қо­ғам­дық қауіпсіздік секілді мәселелер көтерілгенін біле­міз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Тө­ра­ға­сының Бірінші орынбасары аталған мәселелерді шешуге бағытталған Елбасы ұсыныстарын жүйелі сипатқа ие екенін айтты.
– Ең төменгі жалақыны бір жарым есеге кө­бей­ту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс дең­гейіне оң әсерін тигізетін шара. Сонымен бір­ге, денсаулық сақтау мен білім беру саласына бө­лі­­нетін қаражат та көбейетін болады. Бұл ша­ра­лар­дың бәрі жүйелі түрде Қазақстандағы әлеу­мет­тік жағдайды одан ары дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ жиын барысында Елбасы айқын­дап берген әлеуметтік жаңғырудың негізгі басым­дық­тары Қазақстанды өмір сүру деңгейі жағынан әлем­дегі ең дамыған елдердің қатарына қосатын не­гізгі тетік екені айтылды. Осыған орай , «Нұр Отан» партиясы нақты бағыттар бойынша жүйелі түр­де жұмыс жүргізбек.
– Біріншіден, барлық саяси партиялар және қо­ғамдық күштер мен мемлекеттік емес ұйымдар бірі­гіп, Елбасы ұсыныстарының мәні мен маңы­зын халыққа түсіндіруге атсалысуы керек. Екін­ші­ден, аталған ұйымдар Жолдау басымдықтарын жү­зеге асырудың тиімді тетіктерін талқылап, оны Үкі­метпен бірлесіп атқаруға үлес қосуды көздеп отыр. Үшіншіден, «Нұр Отан» басқа да саяси пар­тия­лармен және мемлекеттік емес ұйымдармен күш біріктіріп Жолдаудың жүзеге асырылуына жүйе­лі түрде қоғамдық бақылау жүргізуді қолға ала­ды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның Бірінші орынбасары Мемлекет басшысының ұсы­ныстарын барлық негізгі саяси партиялар мен қо­ғам­дық күштер қолдап отырғанын, оған демок­ра­тиялық күштердің жалпыұлттық коалиция­сы­ның жиналысы дәлел екенін тілге тиек етті.
Отырысқа елдегі жетекші партиялардың бас­шы­лары, Парламент депутаттары, Қазақстан хал­қ­ы ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бір­лес­тіктердің өкілдері қатысты. Жиын бары­сын­да Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға са­лып, пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мә­жіліс депутаты Азат Перуашев, Қазақстан ком­мунистік халық партиясының хатшысы, Мә­жіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков, «Пре­зидент­тің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асы­рылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төра­ғасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Бас­қарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қа­зақ­стан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, Қазақстан азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Бо­ла­шақ» халықаралық стипендиясы стипен­диат­тарының қауымдастығы» Кеңесінің төрағасы, Мә­жіліс депутаты Бақтияр Мәкен және «Қазақ­стан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев сөз алып, Жолдауда көр­сетілген бастамалар халықтың тұрмыс дең­гейін жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
Іс-шара соңында Жолдауға қолдау білдірген, елі­міздің барша азаматтарын жылдың басты құ­жа­тын талқылау, түсіндіру және іске асыру­жұмыс­тарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қа­былданды.
Айта кетейік, Демократиялық күштердің «Қа­зақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылды. Ол 5 саяси партияның және 24 ірі қоғамдық бірлес­тік­тің басын біріктіріп, 6,5 млн қазақстандықтың мүд­десін қорғайды. Сондай-ақ коалиция елі­міз­де болған кез келген саяси оқиға мен стра­те­гия­лық маңызы бар бастамаларға қатысты бірден өз пі­кірін білдіріп, әртүрлі ұсыныстарын жолдап оты­рады.

Азат ПЕРУАШЕВ,
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты:


– Елбасымыз биылғы Жол­­дауда алға қойған мәсе­ле­лер­дің мерзімін «дәл бүгін орын­далуы керек» деп бел­гі­леп, міндет қойып отыр. Бұл – біз үшін үлкен жауап­кер­ші­лік.
Әсіресе, кәсіпкерлік ба­ғы­тына арналған блок маңыз­ды. Елбасы салық амнистиясы туралы айтқан кезде зал қол соғып, қолдау білдірді. Президент бұл қадамның кәсіпкерлерді салық қарыз­дарынан толық босатуға емес, айыппұл мен өсімдерге амнистия жариялауға бағытталғанын атап өтті. Сон­дықтан мемлекеттің салықтың негізгі сомасы төленген жағ­дайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, ша­ғын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүр­гізу туралы өзгерісі өте маңызды.
Осы уақытқа дейін экономиканы экспортқа ба­ғыттау туралы мемлекеттік органдар тарапынан көп ай­тылып келгенімен, біз халық тұтынатын тауарлар туралы ұмытып кеттік. Кез келген дүкенге кірсеңіз, кейбір тауарлар бойынша импортқа тәуелділік 60-80 пайыз екенін байқауға болады. Біз қаламсап, не тіс щеткасын шығара алмаймыз ба? Жолдау осындай мәселелерді реттеуге көмектеседі. Біздің фракция, «Атамекен» ҰКП Үкіметке ішкі нарыққа бағытталған ха­лық тұтыну тауарларын шығару мәселесін шешу ме­ханизмдерін жасауға көмектеседі деген сенімдеміз.

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты:


– Елбасының жыл сайын­ғы Жолдауын біз асыға күтеміз. Биылғы Жолдау да ерекше бол­ды деуге негіз бар. Ол қа­зақ­стандықтардың әл-ауқа­тының өсуіне, тұрмыс пен та­быс сапасын арттыруға ба­ғыт­талған. Мен үш-ақ мәселеге тоқталғым келеді. Ең бастысы, алдағы бес жылда білім, ғылым, медицина са­ласына ЖІӨ-нің он пайызын бөлу туралы ұсыныс қуан­тады. Бұл – көптен бері көтеріліп келе жатқан мә­селе.
Екінші мәселе – қоғамдағы ұстаздардың орны. Елбасы залға «Неге біздің балаларымыз оқуға ше­телге кетіп жатыр?», «Неге біз шетелге барып емде­леміз?» деген сұрақ қойды. Қазір Үкімет тарапынан барлық құрал-жабдықтары бар мектептер салынып жатыр. Медициналық мекемелерге де шетелдік алдыңғы қатарлы жаңа құрылғылар алынған. Дегенмен қоғамда біздің педагог пен дәрігерлерге деген сенім жоқ. Өзім талай елде болдым, біздің ұстаздар ешкімнен кем емес. Көптен бері «Педагог мәртебесі туралы» заң қа­былдануы керек деген пікірлер айтылып келді. Жолдау кезінде Елбасы осындай заң қабылдануы керек де­генде орнымнан тұрып кете жаздадым. Бұл мұға­лім­дердің жалақысын арттырып, қоғамдағы орнын бел­гілеп, негізгі қызметінен бөлек жұмысқа жұмсалудан арылтады.

Абылай
МЫРЗАХМЕТОВ,
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:


– Жолдау барлы­ғы­мыздың көңілімізден шы­ғып отыр. Ерекше болды. Ерек­шелігі – Елбасы жолдау оқу­дан бөлек, оны сол жерде тал­дап отырды. Президент әр жо­лы Жолдауда шағын және кә­сіпкерлік туралы айтуды ұмыт­пайтынын еске салғым ке­ле­ді. Осы жолы да кәсіпкерлікті қолдау шаралары на­зардан тыс қалмады.
Бірақ бізді ерекше қуантатыны Жолдаудың халық­қа бағытталғаны болды. Барлық реформалар мен баста­малар, орталық және жергілікті биліктің жұмысы ха­лықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалуы керек. Олар­дың жұмысын бағалауда халықтың жағдайы негізгі көрсеткіш болатыны айтылды. Осы жұмыспен ай­налысатын арнайы комитет құрылып, барлығын Елбасы жеке бақылауына алатынын білдірді. Тұтыну­шы саналатын халықтың жағдайы, әл-ауқаты жақсы болса, кәсіпкерлердің де күйі жақсарады.
Екінші мәселе – Президенттің «Кәсіпкерлердің к­едергісіз жұмыс жасауына жағдай жасаңдар» деген тап­сырмасы. Бізге жылда түсетін мыңдаған шағымның 15-20 пайызы жер мәселесіне байланысты. Бес бастамада көрсетілген бағыт бойынша халықты оқыту бағдарламаларына қатыстырып, шағыннесие беріп жатырмыз. Бірақ «мал алып, жер өңдейін» дегендер сол жерге қол жеткізе алмайды. Жергілікті әкімдіктерде ақпарат жоқ немесе мыңдаған гектар жерді қалталы азаматтар алып алған. Не өздері өңдемейді, не өзге­лерге бермейді. Осы мәселелердің көтеріліп, Жолдауда ес­керілгені қуантады.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:


– Бұл Жолдау тікелей еңбек адамына арналған. Еңбек адамының құқығын қорғау әлеуметтік қорғау механизхмін көтеру жолдау­дағы негізгі бағыттардың бірі. Адамның әлеуметтік қорғау деңгейі жалақысына тікелей байланысты. Адам­ның жала­қы­сы жоғары болса, оның соғұрлым көңілі, әл-ауқаты және әлеуметтік қорғау механизімі жоғары болады. Бұл – әлемде қабылданған халықаралық стандарт.
Елбасы жалақы мәселесін көтеру мәселесін де жақсы атап өтті. Бұл жүйелі түрде өзінің жалғасын табатындығын айтқан болатын. Сол себептен кәсіп­одақ ретінде бұл мәселені енді біз кәсіпорын­дар­дың басшыларының алдында да қозғаймыз. Төмен жалақы алатын мамандықтар­дың жалақысын бірінші кезекте көтеру қажет. Себебі, олардың әлеу­меттік қорғау стандарты өте төмен. Біз әлеуметтік мемлекет екенімізді Елбасының жасаған қадамдары арқылы дәлелдеп жатырмыз және көрудеміз. Осы орайда Елбасы­ның бастаған үлкен шараларына толық қатыса отырып, Қазақстан Кәсіподақтар федера­ция­сының атынан өз үлесімізді қосамыз деген үміттемін.
Бақтияр МӘКЕН,
«Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты:


– Елбасымыздың Жол­да­уын халқымыз үлкен қуа­ныш­­­пен қабылдады. Бұл – біздің ел үшін үлкен мәр­те­бе. Бүгінде елімізде мемлекет тарапынан жастар үшін жасалған бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», «Болашақ» бағдарламалары үлкен маңызға ие болуда. Сол арқылы көптеген жаста­ры­мыз шетелде білім алып, қазіргі таңда еліміздің әрбір экономикалық саласында ауқымды жұмыстар атқарып келе жатыр.
Жақында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесе отырып үлкен бір жобаны қолға алдық. Біз ауылды жерлерде English for zhastar деген бағдарламаны жүзеге асыру­дамыз. Бұл жоба қазіргі кезде жастар арасында жақсы көзқарасқа ие. Біз келер жылы да осы бағдар­­ла­­маны үлкен деңгейде ұйымдастырамыз деп ойлай­мыз.
2019 жылы «Жастар жылына» орай үлкен тиянақты жұмыс атқарсақ деп отырмыз. Алдағы уақытта жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайтын маңызды жобаларды бірлесе атақара бермекпіз.
Мұхтар МАНКЕЕВ,
«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:


– Осыдан бірнеше жыл бұрын, жастар саясаты, жастарға айрықша көңіл бөлу осы саланың алға ілге­рі­­леуіне үлкен серпіліс беріп еді. Одан бері он үш жыл өтті. 2018 жылы Президент­тің Жолдауы жастарды қайта басты назарға алып отыр. Қазір жастар моделі өзгергенін атап өту керек. 2005 жылдары біз ынта-жігерге толы күйде студенттік ұйымдар мен жастар ісіне белсене араласатынбыз. Қазір жастарды мұндай жұмысқа тарту қиын. Келер жылдың жастар­ға арналатыны қуаныш сыйлайды. Қазір жастар кезігетін мәселелерді өздерінің қатысуымен шешуді жолға қою керек.
Сондай-ақ жастар аудиториясын форум мен семинарлар арқылы жинайтын уақыт өткенін атап өткім келеді. Бүгін біз жастарға құзіреттілік пен еркіндік беруге тиіспіз. Қоғамның негізгі қозғаушы бөлігі жастар болғандықтан, олардың даусы билікке естілетін, ескерілетін деңгейге қол жеткізу маңызды.
Төлеген ҚУАНЫШЕВ,
«Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары:


– Елбасы кезекті Жол­да­уын­да маңызды дүние­лер­ді шешуге үлкен серпін бере­тін мәселелерді көтерді. Сон­дай-ақ Елбасы биылғы Жолдауында бизнес сала­сы­на да көп көңіл бөлуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын тағы да 5 жылға, яғни 2025 жылға дейін создыру арқылы Елбасы еліміздегі шағын және орта кәсіпке тың серпін беру, оны одан әрі дамытуға тапсырма беріп отыр. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесі де назардан тыс қалма­ды.
Жолдауда Мемлекет басшысы «7 – 20 – 25» бағдарла­масын іске асыру жұмысы баяу атқарылып жатыр деді. Біздіңше, аталған проблеманың негізгі себебі – несиенің тек жаңа пәтерлерге ғана берілуі. Құрылыс компаниялары осыны біле тұра, бірден өз бағаларын 10-15 пайызға көтеріп тастады. Соның салдарынан бағдарламаны іске асыру шаралары тежеліп қалды.
«Бірлік» партиясы «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында бес жылдан аспаған пәтерлерге де несие беруді ұсынып отыр. Сонда жаңа нарықта бәсеке болады. Құрылыс компаниялары бағаны негізсіз көтермейтін болады. Ең бастысы, xалық «7 – 20 – 25» бағдарламасымен үйді өз бағасына алады. Әрине, жергілікті атқарушы органдар алғашқы жарна жағынан көмектесетін болса, осы саладағы жұмыс жандана түседі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*