«Айқын» мен «Литер» – бас қалада

433
0
Бөлісу:

Республикалық «Айқын» және «Литер» қоғамдық-саяси газеттері Астанаға қоныс аударды. 14 жыл­дық тарихи бар басылымдар енді бас қаладан басылып шығады. Ұжым мүшелері жаңа қаланы жатсынып жатқан жоқ. Өйткені келгелі газеттің екі саны жарық көріп үлгерді. Астанаға ат басын бұрған басылымға «көш көлікті болсын» айтып «Нұр Отан» партиясы өкілдері арнайы келді.

Сәрсенбінің сәтті күні партия төрағасы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Ләз­зат Танысбай редакцияға келіп кетті. «Ай­қын» және «Литер» газеттерінің ұжымын құт­тықтап қана қоймай, жаңа жоспарлар мен мақсаттар талқыланды. Басылымдардың елор­даға етене жақындауының да бірнеше се­бептері бар. Бірінші кезекте, Астана саяси, әлеу­меттік-экономикалық шешімдер қа­был­данатын қала екенін айта кету керек.

«Партиямызға қарасты «Айқын», «Ли­тер» республикалық газеттерінің редак­ция­лары Алматыдан Астанаға көшіп келіп, кө­зайым болып жатырмыз. Әрине, көшіп-қону қай кезде де оңай шаруа емес. Ал бір қаладан екін­ші бір шаһарға қоныс аударудың жөні тіп­тен бөлек. Соған қарамастан, нартәуекел деп бел буып, Астананы бетке алған ай­қын­дық­тар мен литерліктердің бұл көшін па­р­тия­лық жаңғыру жолындағы символикалық қа­дам деп қабылдауға болады. Сондай-ақ осы жаңғыру аясында екі басылымның бір серіктестікке біріктірілгенін де атап өткен жөн. Партиямен бірге, бүгінде Елбасымыз­дың бастамасымен еліміздің барлық сала­сын­да қарқынды жаңғыру үдерісі жүргізіліп жа­тыр. Сол жаңғырулардың бастауында осы Ас­тана тұрғаны белгілі. Еліміздің саяси-эко­но­микалық өмірінің қайнаған ортасы да осы жақ­та. Сондықтан Елбасы саясатын насихат­тап, Үкімет пен Парламенттің атқарған жұ­мыстарын халыққа тарататын басылым­дар­дың елордаға көшуін уақытылы қабыл­данған шешім деуге толық негіз бар. Оның үстіне, қазіргі таңда Астанада тек саяси орта ғана емес, ғылыми және зиялы орта да қа­лып­тасып үлгерді. Оған елордамызда ашыл­ған көптеген оқу орындары мен ғылыми-зерт­теу орталықтары дәлел. Сондай-ақ белгілі ақын-жазушыларымыз бен өнер және мәдениет қайраткерлері де бүгінде осы Астанада тұрып жатыр. Сондықтан «Айқын» мен «Литер» газеттерінің ұжымдарына бас қалаға бой үйрету аса қиынға соқпайды деп ойлаймын» деді Мәулен Сағатханұлы.
Астанаға көшкен редакция қызмет­кер­лерінің әлеуметтік жағдайы партия наза­ры­нан тыс қалмақ емес. Бұл жөнінде партия тө­рағасының бірінші орынбасары: «Осы рет­те партияның «Нұр-Медиа» холдингі ар­қылы редакция қызметкерлерінің түрлі әлеу­меттік мәселелерін оңтайлы шешуге қол ұшын созатынын айтқым келеді. Өткен ап­та­да ғана Елбасы жаңа Жолдауын жариялап, алды­мыз­да тұрған мақсат-міндеттерді ай­қын­дап берді. Сол басымдықтардың жүзеге асырылуы мен осы бағытта атқарылған жұ­мыс­тарды халыққа жеткізуде газет-жур­нал­дардың да рөлі ерекше. Осы тұрғыдан кел­ген­де, газеттердің мазмұны мен форматы да оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен сеп­тігін тигізетінін айтқым келеді. Сон­дық­тан екі басылымның да ұжымына жаңа қо­ныста жаңаша қарқымен жұмыс істеп, Ел­басы бастамаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына сомды үлестерін қосуларына тілектестігімді білдіремін. Барша айқындық­тар мен литерліктерге көштеріңіз көлікті бол­сын дей отырып, еңбектеріне жеміс және шы­ғармашылық табыс тілеймін» деген бо­латын.
Жаңа қалаға қоныс аударған газет ре­дак­циялары жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Алға қойған мақсаттарын айқындап, жаңа жұмыс жоспарлары да бекітіліп жатыр. ­

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*