Jas Otan Coworking орталығы ашылды

810
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстанның кітапханалары» жобасы аясында «Қазақстан Ұлттық гвардиясының 5512 әскери бөлімі» РММ кітапханасының базасында  Jas Otan Coworking орталығы ашылды. Игілікті істі жүзеге асырған Павлодар облыстық «Жас Отан» жастар қанаты.
Жаңа орталық азаматтық борышын өтеп жатқан сарбаздар мен «Жас Отан» жастар қанатының күшімен жасақталған. Нәтижесінде, ендігі жерде ұландарға бос уақыттарында шахмат ойнап, кино кештерін өткізуге мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар кітапхана қоры 400 кітаппен толыққан. Бұдан бөлек, қалаған шығармасын коворкинг код арқылы онлайн оқуға қолайлы жағдай жасалған.
Аптасына бір рет демалыс күндері ата-анасын сағынған сарбаздар үшін отбасымен скайп желісінде тілдесуге де рұқсат берілмек.
Тұсаукесер барысында орталықтың «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Қазақстандағы кітапханаларды әртүрлі шаралар өтетін, жастар қуана баратын, өскелең ұрпақтың кітапқа қызығушылығын туғызатын, түрлі форматта кездесулер ұйымдастыруға болатын заманауи білім беру орталығы  ретінде құру» жоспары таныстырылды.


Соңынан партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева орталықтың ашылуына белсенділік танытқан сарбаздарға алғысхаттар табыстады. 5512 әскери бөлімінің командирі, подполковник  Кенжебек Түкешов қалалық мәслихат депутаты Айнар Оспановқа, «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Санира Жүсіповаға қолдауы үшін алғыс білдіріп, «Әскери бөлімнің құрылғанына – 29 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Демеушілік танытқан жергілікті кәсіпкерлерге де сый-сияпат көрсетіліп, еңбектері атап өтілді.
«Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Санира Жүсіпованың мәліметінше, бүгінгі таңда облыс бойынша 25 орталық жұмыс істейді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*