Өндіріс көлемін арттыру – басты мақсатымыз

481
0
Бөлісу:

Қуаныш АЙТАХАНОВ, экономист:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арналған биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» Жолдауында Агроөнеркәсіп ке­шенінің әлеуетін толық іске асыру ке­ректігіне тоқталды. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өң­дел­­ген ауыл шаруашылығы өнімінің экс­портын 2022 жылға қарай 2,5 есе кө­бейту. Мұның амалдары қандай? Не­ге көңіл бөлу керек?
– Елбасы өз Жолдауында ауыл ша­руашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Мұның біразы бұрын да айтылып келе жатқан мәселе. Осы Жолдауда ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның еңбек өнімділігін, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеуді 2,5 есеге арттыру, сосын оны шет ел­­ге сатып, республикалық бюд­жет­­ке қомақты қаржы түсіру туралы мә­селе айтты. Шын мәнінде, бұл өте дұрыс мәселе. Өйткені ши­кізат­тың бәрі – мұнай, көмір, темір, газ да таусылуы мүмкін, ал ауыл шаруа­шы­лығын дұрыстап пайдаланып, жер­ге тиісті жағдай жасап, құнар­лы­лығын көтеру арқылы малдың жағ­дайын жасап, олардың тиісті жем-шөп базасын жақсарту ар­қылы, оны күтетін мамандар даяр­лау арқылы, жыл сайын оны ба­рын­ша көбейтіп, таза органикалық өнім өндіріп, оны терең өңдеп, шет­елге сату – біздің ең негізгі жо­лы­мыздың бірі. Бұл өмірі таусыл­май­тын, жақсылап қарап, тиімді пай­далана білсек, жыл сайын әлеуе­тін, көлемін арттырып оты­ра­тын сала. Дүниежүзінде ха­лық­тың саны өсіп келеді. Көршілес Қытай, Ре­сей, Орталық Азия республи­ка­лары, Иран, Таяу Шығысты қоса ал­ғанда ха­лықтың саны өте көп. Олар­дың жер­лері аз. Соған байла­нысты біз өзі­міздің аграрлық әлеуе­тімізді то­лық пайдалануға тиіспіз. Оған біз­дің толық жағдайымыз бар. Жеріміз кең, жайылымымыз мол, егетін егісіміздің де көлемі көп, жем-шөп ба­засы жеткілікті. Міне, осы әлеуе­тімізді тиімді пайдалана білуіміз ке­рек.
– Ауыл шаруашылығын мемлекет қол­даудай-ақ, қолдап келеді. Түрлі бағ­дарламалар да қабылданып, жүйе­лі жұмыс атқарылып жатыр. Ел­басы «Мемлекеттік қолдаудың бар­лық шараларын елімізге заманауи аг­ротехнологияларды ауқымды түр­де тартуға бағыттау қажет» деген мін­дет қойып отыр. Осы мәселеге кеңі­рек тоқталсақ.
– Бірінші бағыт бойынша еңбек өнім­ділігін 2,5 есе көтеру дегеніміз – әр адамға шаққанда өндіретін өнім­нің көлемін арттыру. Сол үшін бұл жерде жаңа технологияларды ен­гізуі­міз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы айтқандай, роботтандыру, ав­томаттандырылған техникаларды барынша, қолымыздан келгенше енгізе беруге тиіспіз. Ондай мысал­дар­­ды әр облыстан келтіруге бо­ла­ды. Мәселен, Түркістан облысында «Бөрте Милка» роботтандырылған сүт тауарлы фирмасы бар. 400 бас гол­ландиялық тұқым алып келген. Қа­зір оның басы 1000-ға жақын­да­ды. Сол сиырларды роботтар сауа­ды. Зауыт толығымен авто­мат­тан­ды­­­рылған. Мұндай фирмалардың са­ны елімізде көп емес. Міне, алда­ғы уақытта осындай зауыттардың санын көбейту керек. Келешекте ауыл шаруашылығының анық да­ми­тын жолы – осы жол – ірілендіру, кооперация, жаңа технологияларды енгізу, автоматтандыру. Біз қазір тек сүт өндіру саласын айтып отырмыз. Сол сияқты ет өндіру саласын да мы­салға келтіруге болады. Ақтөбеде мұн­дай тәжірибе бар. Егін шаруа­шы­лығынан айтар болсақ, Қара­ған­ды облысының Осакаров ауда­нын­да тәлімі жерден бұрын 15-20 цен­тнерден өнім алынса, жаңа технологиялардың арқасында қазір өнімділік 40-50 центнерге жеткен. Там­шылатып суару тәсілі де біраз жер­де енгізілген. Өсімдіктің түбіне су жіберу арқылы тиісті минералдық тыңайтқыштарды беріп көкөністің өнімін 5-10 есеге дейін арттыруға бо­ла­ды. Бұрын біз 1 гектар жерден 25-30 тоннадай қызанақ алсақ, со­ны рекорд деп санап, мара­пат­тай­тынбыз. Қазір тамшылатып суару тех­нологиясының арқасында сол жерден 100 тонна өнім алып жатыр. Еңбек өнімділігі 4 есе өсіп отыр. Мал, егін, көкөніс, басқа да шаруа­шы­лықтарда осы сияқты өнімділікті барынша көбейте беруіміз керек. Бұл біздің ең басты бағытымыз. Мұ­ның бәрі барлық жерде бола бер­мей­ді. Сол үшін екінші бағытты да на­зардан тыс қалдырмауымыз қа­жет. Екінші бағыт – өзіміздің дәс­түрлі шаруашылығымызды одан әрі дамытуымыз, оған да жағдай жа­сауы­мыз керек. Өйткені ауылда елі­міз­дің 43 пайыз халқы тұрады. Олар­дың бәрі егін, мал шаруашы­лы­ғымен күнін көріп отыр. Сол себепті іріленген бордақылайтын алаң­дарды, іріленген сүт шаруа­шылығын өндіретін коопе­рация­ларды, шаруашылықтардың жаны­нан шаруа қожалықтарын дамытып, олардың өнімділігін арттыруымыз керек. Еңбек өнімділігін арттыру­дың бір жолы – технологияларды да­мыту болса, екінші жолы – әр бас мал­дан, әрбір гектар жерден алы­натын өнімнің көлемін арттыру.
1 гектардан 10 центнер өнім алса, екін­ші гектардан 30 центнерден өнім алады да, еңбек өнімділігі үш есе­ге артады. Соған байланысты әр шаруа, шаруа қожалығы, акцио­нерлік қоғам, фирма немесе фермер өз қолындағы жерін тиімді пайда­лану, тиісті тыңайтқыш беру, агро­тех­никалық шараларды толық пай­далану, жаңа, қазіргі заманғы сұрып­­тарды пайдалану, тиісті агро­техникалық шараларды іске асыру арқылы сол жердің біріншіден, құ­нарлылығын, екіншіден, оның өнім­­ділігін арттыру керек. Бұрын 10 цент­нерден бидай алса, қазір 25 цент­­нер алуға қол жеткізу керек. Мі­не, ең­бек өнімділігін 2,5 есе арт­тыру деген – осы. Сол сияқты шаруа­лар да сүт сауу бұрын 2,5 литрден болса, оны 5-6 литрге көтерсе, бұл жерде де сүттің еңбек өнімділігі артқаны. Осыған байланысты Ауыл шаруа­шылығы министрлігі 2017-2021 жыл­дарға арналған үлкен бағдар­лама жасады. Осы бағдарламаның ішінде көптеген мәселе қарал­ған. Алғашқы бағдарламаға кейін­нен түзетулер енгізді. Ет шаруа­шы­лы­ғын дамытуға байланысты үлкен жұ­мыстар жасалып жатыр.
Іргеміздегі Қытайда 1,5 мил­лиард, Ресейде 140 миллион халық бар. Ресей Аргентина мен Брази­лияд­ан ет әкеліп отыр. 35 миллион хал­қы бар өзбектер де шет мем­ле­кеттерден ет сатып алуға мәжбүр. Иран­ға да ет керек. БАӘ қойдың, ірі қара малдың етін сұрайды.
Нарықтық экономикада ең үл­кен мәселенің бірі – өндірген өні­мің­ді сату. Егер оны сата алмасаң, оны өндірудің қажеті жоқ. Өндіріс құл­дырап, жабылады. Бізде өндір­ген өнімді сатып алатын тұтынушы жеткілікті. Бізбен шекаралас ет, сүт, басқа да ауыл шаруашылығы өнім­дерін сатып алатын мемлекеттер көп. Ет өндірісін дамытуға жеріміз көп, жайылымымыз да жетерлік. Со­ның бәрін пайдалану үшін қазір шет елден ірі қара мал сатып алу мәселесі көтеріліп жатыр. Бүгінде елі­мізде 7 миллион бас ірі қара мал бар. Бағдарлама бойынша он жыл ішінде сол ірі қара мал басын 15 миллионға жеткізуіміз керек. Қазір бізде 16-17 миллион қой болса, 2027 жы­лы соны 36 миллионға жеткізу жос­пары бар. Бұл, біріншіден, ет пен сүтті көбірек өндіруге малдың ба­сын өсіру үшін керек. Екіншіден, оның өнімділігін арттыра аламыз. Соған байланысты қазір етті мал шаруашылығын дамыту үшін көрші елдерден, мысалы Ресейден, әсіре­се Алтайдан бастап Астрахань об­лы­сына дейінгі елімізбен шекара­лас облыстардан асылтұқымды ірі қараларды сатып алудамыз. Осыдан оншақты жыл бұрын теңіздің, м­ұ­хит­­тың арғы жағынан сатып алған­дар­дан мұның ерекшелігі – көрші­лес елдердің бізге ауа райы да, жем-шөбі де сәйкес келеді. Алыстан әкел­ген мал климатымызға үйрене алмай біраз шығын болды, өліп жатты. Оның үстіне бұл малды алып келу 7-10 мың доллардан қымбатқа шы­ғып кетті. Ұшақтың құны, жет­кізуі, т.б. Осы қателіктен тиісті қо­ры­тынды шығарып, енді өзімізге жа­қын шет елдерден, оның ішінде, әсіресе, Ресейден әкелу керек деген қорытынды жасалды. Батыс Қазақ­стан облысы Ресейдің бірнеше об­лы­сымен шектеседі. Олардың таби­ғи жағдайы да бірдей. Үйренуге оңай. Келер жылы төл беретін мал­ды сатып алсақ, 500-700 мың тең­генің көлемінде болады. Бұл қа­ражат жағынан да бізге өте қолайлы болар еді. Қазір осындай мәселелер қолға алынып жатыр. Биылдың өзінде елімізде осындай 50 мыңдай ірі қара мал сатып алынбақшы. Келер жылы ол 100 мың, одан кейін 200 мыңға өсуі мүмкін. Осылайша, сатып алған малдың өзінің есебінен мал басын көбейту, оны өндіру арқылы 2027 жылға ірі қара мал ба­сын 15 миллион басқа жеткізуді көз­деп отырмыз. Сонымен бірге, етті өндіруді барынша молайтып, еңбек өнімділігін арттырып, оны өңдеу арқылы шет елге экспорттау­ды қолға алғанбыз. Қой етін өндіру­де де сол бағытта жұмыс істеуде.
Мемлекет тарапынан мал өсіру­мен шұғылданатын шаруаларға өте жақсы жағдай жасалынған. Ірі қара мал сатып алу үшін шаруаның жайы­лымға, жем-шөбін дайындауға же­рі болуы керек. Соған 40 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл несие 14 пайыздық үстемақымен берілсе, соның 4 пайызын ғана шаруа төлейді, қалған 10 пайызына мемлекет субсидия береді. Оның бер жағында несиені 30 ай каникул­мен береді. Бұл – 2,5 жыл шаруа салық төлемейді деген сөз. Малдың төлі өсіп, оны сатып ақша түскенше осындай жеңілдік қарастырылған. Бұл несие 80 айға беріледі. 15 жыл­дық ұзақ мерзімге, қолжетімді, тө­мен пайызбен. Көптен бері айты­лып жүрген мәселелер қазір жайлап шешімін тауып жатыр.
Қазіргі қалыптасқан жағдай бойын­ша шетелдік мамандар, ин­вес­торлар көбіне мұнай-газ сала­сы­на қы­зығушылық танытады. Ел­ба­сы өз Жолдауында «Біз икемді әрі ың­ғайлы стандарттарды енгізу жә­не ауыл шаруа­шылығы саласындағы бед­елді шетелдік мамандарды – «ақыл­ды адам­дарды» тарту арқылы са­ланы бас­қарудың үздік тәжіри­бе­сін пай­далануымыз керек» деді. Шет­елдік мамандар мен инвес­тор­лардың бетін ауыл шаруашылығы саласына қалай бұруға болады?
– Қазір ауыл шаруашылығы са­ла­­сына шетелдік инвесторлардың бе­ті бұрылды. Жоғарыда айтып кет­кен біраз шаруалар сол шетелдік ин­весторлардың тікелей қатысуы­мен іске асып жатыр. Мысалы, ро­бот­­тан­дырылған зауыттар. Деген­мен біз әлі де оларды көптеп тар­туы­­мыз қа­жет. Елбасы шетелдік ин­вес­торларды шикізат емес сек­торға тартуды айтып отыр. Бұл не­гізінен ауыл шаруа­шы­лығын көздеп айтып отырған мәселе. Шетелдің роботтандыру, автомат­тандыру тех­нологиясын енгізу үшін, басқа да озық, ең заманауи техно­логияларды тарту үшін сол ақылды адамдарды шақыру керектігін меңзеп отыр. Онсыз біз шетелдік озық техноло­гия­ларды игере алмаймыз. Сол ақыл­ды адамдарды шақырып, олар біздің адамдармен бірге жұмыс істеп, үйренуіміз керек. Әрі қарай өз­дері алып кетуі тиіс. Бұл жаппай шет­елдік мамандарды шақыру емес, білікті мамандарды тарта оты­рып өз мамандарымызды үйре­тіп шығу. Бұл – өте орынды мәселе.
– Расында, қазір көбі жермен ай­налысып кетті. Бірақ бәрінің бір­дей ауыл шаруашылығы саласында білімі жоқ. Елбасы айтқандай, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүр­гізу­дің жаңа дағдыларын үйрету үшін жап­пай оқыту жүйесін қалай үйлес­тіріп, қалыптастыруға болады?
– Ауыл шаруашылығы маман­да­рын оқыту мәселесі қолға алы­нып жатқаны дұрыс. Елбасы бұл мәселені назарда ұстап отыр. Ел­ба­сы өз Жолдауында роботтан­дыру­ға, автоматтандыруға байла­ныс­ты еңбек нарығындағы – адами капи­талға сұранысты жақсарт­пайын­ша жаңа жетістікке жете ал­майты­нымызды айтты. «Қазір үкі­меттің де, мемлекеттік органдар мен ком­паниялардың да негізгі мін­деті – адами капиталмен жұмыс іс­теп, еңбек тиімділігін арттыру» де­ді. Үкі­мет, мемлекет, қоғам, біздің аза­маттарымыз болып бірлесіп жұ­мыс істеуіміз керек. «Әрбір қазақ­стан­дық азаматтың міндеті не?» дегенде Елбасы «Әрбір Қазақстан­ның аза­маты, біріншіден, еңбексүй­гіш болуы керек, екінші, ол өзінің кә­сіби білімін жетілдіріп, оны терең меңгеруі керек, үшіншіден, мем­ле­кет оған барлық жағдайды жасауы тиіс» деді. Егер шағын бизнесін ашып, кәсіпкерлігін дөңгелетем де­се, оған мемлекет барлық жағдайды жасауы керек. Мемлекет, қоғам және жеке азаматтар тарапынан өза­ра келісім болғанда ғана жетіс­тікке жететінімізді тілге тиек етті. Осыған байланысты ауыл кәсіпкер­лерін өз кәсібіне терең үйретуіміз керек екендігін баса айтты. Жаңа тех­нологиялар келіп жатыр, там­шылатып суару, роботтандырылған техника, жаңа сұрыптар, малға жем-шөп әзірлеу, оларды емдеу, осы мәселелердің барлығының негі­зін ауылда жұмыс істеп отырған кәсіп­кер білуі керек. Өзі білсе әрі қа­рай шаруаны дамытып кете ала­ды. Олардың бірі – кешегі мұғалім, бірі – механизатор, енді бірінің мүл­дем мамандығы жоқ. Осындай жан­дардың барлығы бірі фермер, бірі шаруа қожалығы болып шыға келді. Олардың білімін арттыр­майын­ша еңбек өнімділігін арт­тыруымыз мүмкін емес. Олар өз жұ­­мысын терең біліп, кәсібін терең мең­геруі керек. Мәселе – осында.
– Елбасы Жолдауында көп мә­селе айтылды. Сол мәселелерді іске асырудың кілті неде?
– Бұл мәселелер іске асуы үшін, бірін­шіден, оны халыққа терең түсін­діруіміз керек. Әрбір адамға оның мән-мағынасын ұғындыруға тиіс­піз. Елбасының әрбір айтқан сөзі­нің арғы жағында терең мағына жатыр. Сол мағынаны ашып, аза­мат­тардың миына құйып беруге тиіс­­піз. Олар содан қорытынды шы­­­ғаратын болуы керек. Екін­шіден, Жолдауда әр сала бойынша ондаған тапсырма берілді. Ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, тағы да басқа салалардың бәрін терең талдап, тиімді орын­дауы­мыз қажет. Орындалуының тиім­ділігін табуымыз керек. Әр тап­сырманы орындаудың әр түрлі жол­дары бар. Бұл мемлекеттік орган­дар­дың – әкімдердің, министрлік­тердің, басқа да тиісті органдардың міндеті. Жолдауда көп тапсырма беріліп жатыр, бұрын да берілген, соның орындалуын қатаң бақылап, қадағалау керек. Әр бағыт бойынша жол картасын жасап, кім орындай­ды, оның орындалу мерзімі, кім қа­­да­ғалап, бақылайды, кімге есеп бе­ріледі, осының бәрін ретімен жүйе­леп жұмыс істемесе, айтыл­ған тапсырмалардың барлығы сөз жү­зінде қалып қоюы мүмкін. Осы жа­ғына мұқият болуға тиіспіз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*