Игі істің жанашыры

843
0
Бөлісу:

Биыл еліміз бойынша осымен алтыншы рет өткізіліп отырған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауында әлеуметтік салада белсенділігімен танылған бірқатар қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтардың ұсынған жобалары үздік атанып, марапаттарға ие болды. Байқауға еліміздің барлық аймағынан 318 автор қатысып, жобаларын ұсынған. Солардың ішінде Түркістан облысы бойынша үміткерлерден түскен 22 жобаның он тоғызы комиссия мүшелерінің іріктеуінен өткен. Осылар арасынан Кентау қаласынан келген Айдана Жораеваның «Әлемді сезіну» жобасы жеңімпаз атанды. Осы орайда, Айданамен сұхбаттасып, биылғы байқауға қатысты ой-пікірін білген едік.

Түркістан облысы бойынша ұйымдас­тырыл­ған байқауға өзінің «Әлемді сезіну» атты жо­басын ұсынған Айдана Жораеваның айтуын­ша, жобаның негізгі мақсаты – зағип жандарға аудио журнал шығару. Яғни, зағип және көз жанары нашар көретін жандарды ақпарат құралдарымен қамтамасыз ету, тірек (қимылы) аппараты бұзылған жан­дар­ды жұмыспен қамту, зағип жандардың шы­ғармашылығын насихаттау және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары жөнінде туын­даған мәселелері бойынша тиісті адамдармен сұх­баттасу. Айта кетерлігі, аталған жобаны пош­­та арқылы да жүзеге асыру көзделген. Атап айт­­қанда, зағип жандар пошта қызметін пай­да­лана отырып, аудио журнал­дарға ақылы түр­де жазылып алуды жөн көреді екен.
Айдананың айтуынша, жалпы, зағип жан­дарға аудио журнал шығару өткен жылдың мау­сым айынан басталды. Бү­гінгі таңда мүмкіндігі шектеулі үш адам жұ­мыс­пен қамтылып, 40 зағип аудио-журналмен қам­тамасыз етіліпті. 60-қа жуық зағип жан­дар арасында сауалнама жүргізіліп, оларды мазалайтын мә­се­лелер бойынша және қазіргі таңда шыға­ры­­лып жатқан аудио журналдарда жетіспей жат­қан айдарлар тізімі алынған. Сонымен қа­тар дайындалған аудио журналдар арнайы кі­тап­ханаларға жолданады. Алайда кітапханаға бару үшін барлығының мүмкіндігі жоқ.
Байқаудың аймақтық деңгейдегі жеңім­паз­дарын марапаттау мақсатында Шымкентте сал­танатты шара өтіп, онда «Нұр Отан» пар­тия­сы Түркістан облыстық филиалы төраға­сы­ның орынбасары Қалыйма Жантөреева және байқаудың комиссия мүшелері марапаттар табыстады. Айданаға бір миллион теңгенің сертификаты мен Астана қаласында өтетін байқауға жолдама берілген. Мұнан өзге, екінші орын және 700 мың теңге «Арманға ұмтыл» жо­басының авторы Шалтан Еркінбайға бұйыр­са, үшінші орынды «АИТВ-позитивті жасөс­пі­рім­дердің статусын ашып, жасөспірімдерді әлеу­меттік психологиялық бейімдеуге пси­хо­логиялық дайындау» атты жобамен Жанетта Жа­зықбаева иеленді. Бұл жобаға 500 мың тең­генің сертификаты тапсырылыпты. Сондай-ақ ай­мақ­тық конкурстық комиссияның шешімі­мен «Даму» жастар қоғамдық бірлестігінің пре­зиденті Айгүл Елібаева және «Жалынды» жас­тар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сардор Ис­манов ынталандыру сыйлықтарына ие бол­ған.
«Түркістан облысындағы байқауда ұсынған жо­бам үздік атанып, марапатталдым. ұсын­ған жобам зағип жандарды дыбысты ақпа­рат құрал­дарымен қамтамасыз етеді. Яғни, мүм­кіндігі шектеулі азаматтар біз ұсынған ау­дио журнал арқылы ағымдағы ақпараттардан ха­бар­дар болып, өздерімен тағдырлас жандар­дың өмір жолдарымен танысып, сырласып оты­ру­ға мүм­кіндік алады. Бұл жоба көру қа­білеті төмен аза­маттардың сырласу алаңына, олар­дың мінберіне айналады. Сондай-ақ осы ар­қылы біз үш адамға тұрақты жұмыс тауып бе­ріп отырмыз. Бұл жобаны осыдан екі жыл бұ­рын ойластырған едім. Енді жүзеге асырудың сә­ті түсіп отыр. Бізді қолдағаны үшін «Нұр Отан» партиясына алғыс айтамыз» деді Айдана Ма­ханбетқызы.
Айдананың мәліметінше, жоба жеңім­паз­да­рын анықтауда әлеуметтік мәселелерді ше­шуге ақпараттық жағынан ынталандыратын жә­не осы салада еріктілер қозғалысын дамы­та­тын, сондай-ақ ауыр тағдырларды жеңіл­де­ту­ге көмектесетін жұмыстарға ерекше мән бе­ріл­ген екен.
Өңірдегі марапаттан соң Айдана қасындағы басқа да жүлдегерлермен бірге Астанаға «Қа­зақ­станның үздік әлеуметтік жобалары» бай­қауы­ның қорытындысына аттанды.
«Одан соң еліміздің барлық өңірлерінде үз­дік шыққандар Астанада бас қостық. Жеңім­паздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ басқа да мемлекеттік орган, бизнес қауымдастық, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен Парламент депутаттары қа­тысты» дейді Айдана Маханбетқызы.
Астанадағы марапаттау рәсімінде ол «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев пен Еңбек және ха­­лықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбіл­қасымовадан алғысхат алған.
Айта кету керек, биылғы байқауды алғаш рет «Нұр Отан» партиясы және Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп ұйым­дастырды. Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен аймақтық жә­не аумақтық кезеңдерден кейін байқау ко­миссиясының шешімімен 55 жоба іріктеу та­лап­тарына сай деп танылып, республикалық ке­зеңге жолдама алды. Оларға 56 мың қазақ­стан­дық интернетте онлайн дауыс берген.
«Түсінгенім, жақсылық деген үлкен-кі­ші, үздік-әлсіз болып бөлінбейді. Мүмкіндігің шек­­­теулі бола отырып, өзің сияқты тағдырлас адам­­дарға мүмкіндік берудің өзі үлкен жеңіс деп білемін» дейді Айдана.
Қалай болғанда да, осындай мейірім шуа­ғын шаш­қан рухани игі істер қоғамда қайырым­ды­лық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкер­ші­лік­тің қалыптасуына үлес қосары сөзсіз.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*