Бельгиямен байланыс берік

513
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Королі Филиппен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бельгияның саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен бірге, осы сапар барысында Елбасы Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығы (WTCA) басқармасы төрағасының орынбасары Рольф Драакпен және Nest Investments HOLDINGS компаниялар тобының корпоративтік қызметтер жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен жүздесті. Бұдан бөлек, Елбасы Еуропаның іскер топ өкілдерімен де бірталай мәселелерді талқыға салды.

Бельгия басшысымен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Бельгияны әуелден өзара түсіністік пен құрметке негізделген достық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Сондай-ақ тараптар қауымдастық пен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасындағы ынтымақтастық­тың перспективалы бағыттарын, соның ішінде Қазақстанға әлемнің ірі корпо­рациялары мен қаржы институттарын тарту, еліміздің халықаралық іскерлік бел­сенділік орталығы ретіндегі рөлін арт­тыру, сондай-ақ EXPO-2017 көр­ме­сінің ғимараттар кешенін көрмеден кейінгі кезеңде пайдалану мәселелерін тал­қылады.
WTCA басқармасы төрағасының орын­­басары Рольф Драакпен және Nest Investments HOLDINGS компаниялар то­бының корпоративтік қызметтер жө­ніндегі директоры Мехран Эфтехармен кездесуде еліміздің Еуропа елдерімен сауда-экономикалық байланысы сөз бол­ды. Халықаралық сауда орталық­та­рының қауымдастығы – жаһандық сау­да мен инвестицияны дамытуға ықпал ете­тін халықаралық саяси емес ұйым. Дү­ниежүзілік сауда орталықтары өзара бір желі арқылы байланысқан. Онда дәс­­­түрге сай Eni, «Лукойл», Panasonic, J.P. Morgan, Bank of New York және әлем­­­­нің басқа да ірі корпорациялары­ның офис­тері орналасқан. Кездесу Брюссель қа­ласында Қазақстан – Еуропа бизнес-форумы алаңында өтті.


Бұдан бөлек, Елбасы Еуропаның іс­кер топ өкілдерімен жүздесті. Кездесу­де көптеген мәселелер талқыға түсті. Мем­лекет басшысы сөзін Еуропа ел­дерімен байланыстан бастады.
«Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға Еу­ропадан 180 миллиард АҚШ долла­ры­нан астам тікелей инвестиция тар­тыл­ды. Біз Еуропа қайта құру және даму бан­кімен тығыз ынтымақтастық орнат­тық. Осы жылдар ішінде бұл банк жалпы құ­ны 7 миллиард евродан асатын жо­ба­лар­ды қаржыландырды. Соңғы жыл­да­ры Еуропа елдерімен тауар айналымы тұ­рақты өсіп келеді. Қазақстанда Еуропа ка­питалының қатысуымен түрлі са­лаларда 3 мыңға тарта кәсіпорын жұмыс іс­тейді. Серіктестеріміздің қатарында «Альс­том», «Линде Груп», «Эр Ликид», «Да­нон», «Викат», «Хайдельбергцемент» сияқ­ты ірі компаниялар бар. Бұлар же­місті жұмыс жүргізіп, заманауи өндіріс­тер құруда, сондай-ақ жаңа жұмыс орын­дарын ашып, табыс тауып отыр» де­ді Қазақстан Президенті.
Елбасы Еуропа өнімдерінің тұтыну на­рығын кеңейту аясында бизнесмен­дер­ге еліміздің географиялық жағдайы­ның артықшылықтары туралы айтты. «Қа­зақстан арқылы Қытай мен Азияның бас­қа елдерін Ресей, Каспий теңізі және Қа­ра теңіз, сондай-ақ Иран мен Түркия ар­қылы Еуропамен байланыстыратын 5 теміржол және 6 автомобиль жолы өте­ді. Енді Қазақстан арқылы Қытайдан Еу­ропаға және кері қарай жөнелтілетін жүк тасымалы теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады. Қазақстан Эко­но­ми­ка­лық ынтымақтастық және даму ұйы­мы­ның Инвестициялар жөніндегі ко­митетінің қауымдастырылған мүшесі са­налады. Әрі Халықаралық инвес­ти­ция­лар жөніндегі декларацияға қо­сыл­ды. Елімізде Президент жанындағы Ше­­тел инвесторларының кеңесі жұмыс іс­тейді. Оған мүше 33 шетелдік компа­ния­ның 13-і – Еуропа өкілдері. Бізде 66 ел­дің, соның ішінде Еуропаның 33 елі­нің азаматтары үшін визасыз режим ен­гізілді» деп еліміздегі инвестициялық ахуал­ды жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызу мәсе­лелеріне ерекше тоқталды.
Экономика саласын цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамы­ту­дың маңызы зор. Сондықтан Елбасы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру мәселелеріне на­зар аударды. «Біздің елде Назарбаев университеті және Инновациялық тех­но­логиялар паркі сияқты инно­ва­ция­лық кластерлер жұмыс істейді. Биыл Ас­танада ІТ-стартаптардың жаңа «Ас­тана Хаб» халықаралық технопаркі іске қо­сылады. Оны әлемнің ІТ кәсіпкерлері мен инвесторларын тартатын тұтас инф­рақұрылымға айналдыру көзделіп отыр. Технопарк жұмысына қатысу­шы­лар жеңілдетілген виза мен еңбек ре­жим­дерін пайдалана алады. Сондай-ақ олар­ға салық жеңілдіктері де ұсыны­ла­ды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қа­­­зақстанның ірі компанияларының ІРО-ға шығуы және мемлекеттік-же­ке­меншік серіктестік аясында ын­ты­мақ­тасуы тұрғысынан еуропалық инвес­тор­лар әлеуетінің маңызды екенін айтты. Аг­роөнеркәсіп кешенін дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өн­діру­шілерге қолдау көрсету жөнінде де сөз қозғалды. Жаңа технологияларды енгізу ар­қылы өнімділікті арттыру және ауыл шаруа­шылығы өнімдерін келешекте экс­портқа шығару мақсатымен қайта өң­деу – бұл саланың негізгі басым тұсы. Осы ретте Елбасы «Туризмді өркендетуге зор мән береміз. Бізде Туристік саланы да­мыту тұжырымдамасы жүзеге асы­ры­лып жатыр. Қазақстанның алуан түрлі ландшафты, бай мәдениеті мен тарихы жә­не осы саладағы еуропалық компа­ния­лардың мол тәжірибесі өзара пай­да­лы болар еді» деп атап өтті.
Жиынға қатысушыларға EXPO көр­месінің инфрақұрылымы базасында жұ­мыс істейтін және еліміздегі әр өңір­дегі «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетін «Жасыл» технология­лар мен инвестициялық жобаларды да­мыту жөніндегі халықаралық орталық ту­ралы айтты. «Елордада «Астана» ха­лық­аралық қаржы орталығы жұмысын бас­тады. Оның құқықтық мәртебесі кон­­ституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Бұл қаржы ор­талығының жұмысына қатысу­шы­лар­ға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық жә­не еңбек режимдері көзделген. Бұл – қыз­меті ағылшын құқығына негізделген өңір­дегі бірден-бір орталық. Сіздердің ком­панияларыңызды осы қаржы орта­лы­ғының жұмысына атсалысуға ша­қы­рамын» деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы бұл кез­десудің екі ел арасындағы өзара тиім­ді серіктестікті одан ары нығайта түсе­ті­ніне сенім білдіріп, қатысушылардың бә­ріне табыс тіледі.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*