Ол өз стилінде: Трамп тағы бір халықаралық келісімнен шығып кетті

375
0
Бөлісу:

АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Америка Құрама Штаттарының орта және жақын қашықтықтан зымырандардың көзін жою туралы келісімнен шығатынын мәлімдеді. Аталған келісімге АҚШ  1987 жылы қол қойған. Трамп мұндай шешімді Ресейдің келісім міндеттерін бұзып отыруы себепті қабылдаған. Ақ үй баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент Невада штатындағы жақтаушылар алдында сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді.

«Біз келісімді бұзғалы жатырмыз. Біз одан шыққымыз келеді. Бізге ондай қаруларды (орта және жақын қашықтықтағы зымырандар) құрастыруға тура келеді» депті Трамп.

The New York Times газетінің жазуынша, АҚШ-тың бұл шешімін Мәскеуге аттанып кеткен Джон Болтон Ресейге хабарламақ. Еске салайық, Джон Болтон – АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі.

АҚШ дәл осы мәселе бойынша Ресейді 2014 жылы да айыптаған. Содан бері ресми Вашингтон бұл проблеманы жиі қайталап келеді. Бірақ Ресей тарапы АҚШ көзқарасымен келіспейді.

Былтыр желтоқсан айында Вашингтон мәлімдеме жасап, Мәскеу келісім бойынша талаптарды орындамайтын болса онда «экономикалық және әскери мазмұндағы шаралар» қолданатынын ескерткен еді.

Трамп сондай-ақ бұл мәселеге Обаманың неліктен көз жұма қарағанын да айтып, өзіне дейінгі президентті әдетінше тағы бір мәрте кінәлап өтті.

«Ресей келісімді бұзды. Олар талаптарды бірнеше жыл бойы бұзып келе жатыр. Президент Обаманың олармен неліктен келісім жүргізбегенін және неге шығып кетпегенін түсінбеймін. Ал біз Ресейдің ядролық келісімді бұзуына жол бермейміз. Бізге құруға, жасауға болмайтын қарудың оларды жасап шығаруына мүмкіндік беріп қойып отырмаймыз» депті АҚШ президенті.

Еске салсақ, алыс және жақын қашықтықтағы зымырандар туралы келісімге АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО президенті Михаил Горбачев 1987 жылы Вашингтонда қол қойған. Бұл келісім – жүздеген ядролық оқ-дәрілерді жойып жіберудің негізі ретінде қарастырылған. «Қысқартуға» 500-ден 1000 шақырымға дейін және 1000-нан 2500 шақырымға дейін еркін самғай алатын жойғыш зымырандар да іліккен еді. 1991 жылдың мамыр айында аталған келісім лайықты деңгейде орындалды. КСРО 1752 баллистикалық және қанатты зымырандарды жойып жіберген болатын. Ал АҚШ 859 зымыранның көлік көкке ұшырды. АҚШ-тың ойынша ресейлік жаңа қанатты зымырандар ядролық соққы беруге тым қолайлы. Бұл – келісімге қайшы. Ресей болса айыптауды жоққа шығарып әлек. Ядролық әлеуеті мықты Қытай аталған келісімге қол қоймаған.

АҚШ пен посткеңестік Ресейден бөлек, Шығыс Еуропаның бірқатар елдері және бұрынғы кеңестік республикалар бұл келісімді орындаған болатын.

Жалпы, Дональд Трамп президент болып келген уақыттан бері бірнеше халықаралық келісімнен шығып кетті. Оның ішіндегі өзектісі – климат жөніндегі Париж келісімі.

Трамп әкімшілігінің хабарлауынша, АҚШ жуық арада Дүниежүзілік сауда ұйымынан да шығып кетуі мүмкін.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*