Етікші коллекционер

420
0
Бөлісу:

Елімізде ерекше құнды дүниелерді жинауды сүйікті ісіне айналдырған жандар көп қой. Оның көбісі қалталы азаматтар екені анық. Десе де қоғамдағы бәсі артық мамандығымен ерекшеленетін қызылордалық коллекционер Сенбек Дүйсенбаевтың жөні бір бөлек.

Облыс орталығында «Жайна» атты сауда орталығы бар. Осында қарапайым кәсібінен нәсібін айырып отырған кейіпкеріміз етікшілік кәсіпті айналдырғанына 20 жылдан асыпты. Ол балға мен бізді ғана емес жастайынан қызығушылығын тудырған көне жәдігерлерді жиюды серік етеді.  Оның жинақ қорында өте сирек кездесетін ашық хаттар, төсбелгілер мен көне тиындар бар. Бұлардың әрбірі өткен тарихты көз алдынызға әкеліп, сыр шертеді.

– Коллекцияны бастағаныма 8 жылдың төңірегі болды. Мұндай істі шетелдік ғалымдар фалеристика деп атайтын көрінеді. Алғашқыда Кеңес заманынан бергі тиындарды жинауды бастадым. Бүгінде қолымда 100-ден аса тиын бар. Олардың ішіндегі ең ескісі – 1923 жылы шыққан 10 тиындық сөлкебай. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейінгі шыққан қазақ тиындарының бір ерекшелігі – онда халқымыздың ақын-жазушылары мен салт-дәстүріміз бейнеленген. Мәселен, оларда Әлихан Бөкейханов, Әбілқайыр хан, Сәбит Мұқанов сынды өзге де ұлт жанашырлары мен жазушылар бар. Сондай-ақ, олардың арасында қазақтың «сәбиді қырқынан шығару» жоралғысы 20 тиынның бедерінде таңбаланған, – дейді ол.

Соңғы бес жыл көлемінде ол 500-ге тарта Кеңес дәуіріндегі көне төс белгілерді де жинақтаған. Қай-қайсысының тарихына қызыққан етікші ең алғаш 1935 жылғы «Знак почёта» төсбелгісін Өзбекстанның Ташкент облысындағы колхоз басшысы Артықбай Тілебаев есімді қазақ азаматына берілгенін мақтанышпен айтты. Сонымен қатар, 1950 жылдардағы «Отличный паровозник», «Ударник коммунистического труда», «Ударник летней четверти» және спорт саласындағы «Чемпионат мира по хоккею. Москва», «Стрельба стендовая», «Акробатика» сынды түрлі төсбелгілерді жинақтапты. Кейіпкеріміз олардың әрқайсысына ерекше қамқорлықпен қарап, жұмыс бөлмесінің қабырғасына қаз-қатар тізіп қойыпты. Бөлмеге алғаш бас сұққанда құдды бір кішігірім мұражайға енгендей күй кешесің.

Бір қызығы, орыс суретшілерінің ішіндегі ең жұмбақ әрі оқыс құбылыстарды бейнелеуші Архип Куинджидің шәкірті, талантты суретші Зарубин салған пошталық ашық хаттар да осы кісінің қоржынынан табылды. Онда суретшінің әр мерекеге арнап жасаған түрлі хаттары бар. Мұндағы пошталық хаттардың ішіндегі ең ескісі де осы еңбектер көрінеді.

– Шеберханаға келушілер де бұларға қызығушылық танытады. Етігін тігіп бітіріп бергенше бұл жинақтардың тарихы туралы әңгіме-дүкен құрамыз. Бір аңғарғаным, мұндай дүниелерге қызығатын адамдар қатары көп екен. Жанымда жүрген балаларыма да есінде қала берсін деген ниетпен олар туралы баяндай беремін. Себебі, тарих – өткен күннің куәсі, қазіргінің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы. Алдағы уақытта жинақ қорын толықтыра түсу ойда бар, – дейді фалерист Сенбек Дүйсенбаев.

Нұрбек САҒАТҰЛЫ.

Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

Қызылорда қаласы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*