«Мейірім» автокеруені тартылады

321
0
Бөлісу:

Панфилов ауданының іскер әйелдер кеңесі облысымыз бойынша алғаш рет кең көлемде «Мейірім» автокеруенін ұйымдастырды. Шекаралы аймақтағы бизнес-ледилер үш күн ішінде аудан­дағы 13 ауылдық округті аралап, аз қам­тылған 71 үйге азық-түлік себеттерін апа­рып берді. Олар жергілікті әйел-кәсіп­керлердің қаражатына алынған, ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмы­сына ең қажетті деген тауарлармен толтырылған.

Қайырымдылық шарасына кәсіп­керлер палатасының аудандық филиалы ұйытқы болса, аудандық әкімдік көлік­пен қамтамасыз ету арқылы қолдау көрсетті. Әрбір себет жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әзірлеген көмекке мұқтаж азаматтардың тізіміне сәйкес тиісті мекенжайларға жеткізіліпті.
Бұл жолғы шарапатты шара – іскер әйелдер кеңесінің алғашқы демеушілігі емес. Бизнес-ледилер қыркүйек айы­ның басында «Мектепке жол» респуб­ликалық акциясына да белсене қаты­сып, оқушыларды мектеп құралдарымен қамтамасыз еткен болатын. «Мейірім» автокеруені – сол игі дәстүрдің жара­сымды жалғасы десек те болады.
«Кең көлемде, барлық ауылдық округтерді аралап көмек көрсетуіміз – бірінші рет. Менің ойымша, мұны көмек деудің қажеті жоқ. Адамдардың жағ­дайына назар аударып, көңілін көтеру деп бағалау керек сияқты. Себебі, отбасы өкілдерімен тілдескіміз келді. Кей жерде кеңесі­мізбен де бөліс­тік» дейді Панфилов ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Ирада Балық» ЖШС директоры Суриям Изимова.
Пенжім ауылдық округіндегі Ғалия Дәркембаева жағдайын сұрап, жақ­сылық жасап кеткендерге дән разы. Сегіз баласы бар отбасының отағасы ға­на жұмыс істейді. Кейде жұмыс таппай, апталап үйде отырып қалатыны да бар. Осындай қиналыңқырап қалған кезде, олар үшін кез келген қайырымдылықтың орны ерекше.
Панфилов ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Суриям Изимова­ның айтуынша, әйел-кәсіпкерлер әрбір ауылдық округ бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отба­сыны қамқорлыққа алып, жыл бойы тұрақты көмек көрсетіп тұрмақ.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*