Ереванда «Еуразия апталығы» халықаралық форумы өтті

683
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Ереванда өткен «Еуразия апталығы»: Еуразиялық экономикалық одақтың нақты секторы: интеграция жағдайында әлеуетті арттыру» атты халықаралық форумның пленарлық отырысына қатысты.

Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Армения Премьер-Министрі Николо Пашинян «Еуразия апталығының» маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл шараның ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды пікірталас алаңына айналатынына сенім білдірді.

2000-ға жуық адам қатысқан жиында сөз сөйлеген 150 баяндамашының ішінде Ресей Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Антон Силуанов, Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Игорь Петришенко, Қырғыз Республикасының вице-премьері Жениш Разақов, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян, үкімет министрлері, мемлекеттік корпорациялар мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнес өкілдері бар.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин өз сөзінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер алдында жаһандық экономиканың алдағы циклдық баяулауының салдарын азайту міндеті тұрғанын жеткізді.

Сондай-ақ, А. Мамин ЕАЭО елдерінің оңтайлы саясатының арқасында теріс үрдістерге қарсы тұра алатын механизмінің бар екенін де атап өтті.

– Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыту бағыттарын жүзеге асыру, ЕАЭО елдерінің нарықтарына кедергісіз кіруді қамтамасыз ету шаралары сыртқы факторларға қарамастан, осы елдер арасындағы сауда-саттықты арттыруға жақсы жағдай жасады. «Doing Business 2018» рейтингісінде ЕАЭО 190 орынның ішінде 35-ші болып тұр. 2017 жылмен салыстырғанда 5 позицияға көтерілген, – деді А. Мамин.

2018 жылдың қаңтар-шілде айларында ЕАЭО-ның өзара сауда-саттық көлемі $34,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға көп. 2018 жылдың қаңтар-шілде айларында ЕАЭО мүшелерінің сыртқы саудасы $419,6 млрд жетті. Бұл – 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,7 пайызға артық көрсеткіш.

ЕАЭО ішкі нарығындағы бизнес-ортаны жақсарту үшін түрлі салалардағы 15 кедергі жойылып, кәсіпкерлерді біраз қаржы шығынынан сақтап қалды.

Асқар Мамин ЕАЭО аясында тұрақты экономикалық өсім болуы үшін өңдеуші сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын келісілген экономикалық саясаттың қажеттігін баса айтты. Бұл жұмыста ең алдымен, ЕАЭО-ның барлық мүшелерінің бәсекелестік артықшылықтарын интеграциялауға және қосылатын құн тізбегінде шығындарды азайтуға бағытталған ортақ өндірістік процестерді қалыптастыру керек.

– Ғарыш, медицина, табиғи ресурстарды өндіру, экология және ауыл шаруашылығы салаларында 130 бірлескен жобаны әзірлеу жоспары жасалды, – деді А. Мамин.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары өндірістік әлеуетті одан әрі дамытудың басты мәселесі цифрландыру екендігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, әсіресе жекелеген секторларда немесе өңірлерде бұл процесстің артта қалу үдерісіне сезімталдығының жоғары болуына байланысты ЕАЭО елдерінің арасында цифрландыруды бірқалыпты үйлестіру қажеттілігі туып отыр.

ҚР Бірінші Вице-Премьері «Еуразия апталығы» форумы ЕАЭО елдерінің экономикасын, инвестициялар мен экспорттық әлеуетін дамытудың, бизнес-процестерді интеграциялауды одан әрі тереңдетудің маңызды құралы болады деп сенім білдірді.

Ереванға сапары аясында Асқар Мамин «ЕАЭО аясында қазіргі заманғы даму парадигмасы» таныстырылымына барып, ЕАЭО-ға қатысушы елдердің өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрмесінің жұмысымен танысты, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысына да қатысты.

Анар Қоныс

Бөлісу:

Пікір жазу


*