Дәрменсіз қоғам пәрменсіз полицейден неге қашады?

362
0
Бөлісу:

Бізде полиция туралы аңыз-әпсаналар көп-ақ. Шымшыма әзіл де жетіп артылады. Бәрінің түп мақсаты – погон таққан шенділерді әшкерелеу, жаман қылығын баттитып тұрып көрсету. Ал адам әдетте кімді жамандап, кімді келеке етеді? Әлбетте, өзіне зәбір көрсеткен, құрметсіздік танытқан адамды солай сарказмның ми батпағына әкеліп тығады. Қазақстанның күллі полициясына күйе жағудан аулақпыз, әрине. Бірақ шындық толы қаптың аузын буып тағы отыра алмаймыз. Біздің кейбір ішкі істер қызметкерлерінің сауаты төмен, мәдениеті кемшін, дөрекілігі басым екенін ешкім де жоққа шығара алмас. Өйткені бұл мәселе Елбасы Жолдауы кезінде де сөз болды. 

Әуелгі ой

Құқық қорғау саласына тың өзгерістің керек екенін қадап айтқан Елбасы, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа тығырықтан шығар жолды тап деп тапсырма арқалатты.
«Генерал Қасымовты біздің елдегі ең тәжірибелі полицей деп санаймын. Тәртіп сүйгіш, адал адам. Полицияны өзгерту үшін не істеу керегін ол өзі ұсынады деп ойлаймын. Бізде бағдарлама бар. Ішкі істер органдарын модер­ни­зациялау бойын­ша Жол картасын қабылдау керек» деген Елбасы министрді мақтап тұрып-ақ, бұл саланың құрдымға кетіп бара жатқанын аңғартқандай әсер қалдырды. Президент­тен сын есту – жауапкершілікке мұқият болу­ды білдіреді. Ал мақтау есту – біздіңше, екі есе міндет жүктейтіндей. Иә, рас айта­мыз. Тіпті біраз ұрсып та алды.
«Сіздерді Германияға да, Грузияға да жібердім. Шетелдің тәжірибесін көріп, үйренсін, елге әкеліп енгізсін дедім. Ол жақта полицейлер пара алмайды, көшеде тұрмайды. Саны да аз. Күзет қызметі – ол басқа сала. Сіздерде оқу мекемелері көп, басшылық мекемелері көп. Олардың бәрі керек емес. Барлық үнемделген қара­жат­ты полицейлердің жалақысын көтеруге жұмсау керек» деді Президент. Ризашы­лық­тан пайда болған сөз пошымы деп кім айтады? Әрине, жоқ. Қасымовқа қарата айтқан содан кейінгі сөзі алдыңғыдан да өткірлеу шықты.
– Ауылдағылар құрып кеткенде милиция болсам дейді. Погон тақса, одан адам қорқады. Алып келесің де, қызметке қоясың. Ештеңе айтпайсың, ештеңе үйретпейсің. Сосын одан қандай мәде­ниет талап етеміз? – деп тоқетерін бір-ақ айтты.
Президент Жолдауда «құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет» екеніне айрық­ша тоқталып, «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деді. Әңгімеміздің әрі қарайғы концепциясы осы сөз төңірегінде өрбімек.

Сана өзгермей,
Сала өзгермейді

Белгілі адвокат Тілеужан Кішкенебаев елімізде полиция беделінің төмендеп, халықтың оларға деген сенімі жоғалып бара жатқанымен келіседі. Себеп – адамдардың полиция үстінен жиі арыз түсіруінде.
– Полицияның іс-әрекетіне көңілі толмай, бізге арызданып келіп жатады. Мені алдап, ақшамды алып қойды. Сол бойынша арызданып едім, полиция дұрыс қарамады деп келетіндер бар. Айту­ларынша, полиция: «Бұл – аза­маттық іс. Одан да сотқа жүгін деп» қараудан бас тартып, қашқақтайды екен. Біз шағыммен танысып, сосын ішкі істер басқармасының полиция қызметімен байланысқа шығып, істі не үшін қыс­қартқаны туралы қаулыны аламыз. Олар көп жағдайда «істе қыл­мыстық құрам жоқ» деген желеумен жәбірленушіні алдап-сулап, кешірім жазғызып, істі қысқартып тастауы мүмкін. Полиция көп жағдайда арыз берушінің заңды дұрыс білмей тұрғанын пайдаланып кетуге тырысады. Қазір соттардың жаны­нан «тергеу судьясы» деген ашылған. Соның арқасында біз тергеушінің іс-әрекетіне қатысты шағым түсіреміз. Біздің олай істеуімізге 106-бап арнайы құқық береді. Тергеу судьясы тергеуші шығарған шешімді заңсыз деп таныса, біз әрі қарай сотқа дейін жеткізуге тырысамыз, – дейді заң саласының білгірі.
– Көп жағдайда адамдар: «бізбен дұрыс сөйлеспейді», «жөнін айтпайды», «өзімізге айғайлап қоя береді» деп шағым­данады. Тіпті соңында өзіміз кінәлі сияқты болып қаламыз дейді олар. Біз мәселеге мән беріп:
– Шағымданушы рас айтып отыр ма?
– Полиция расымен дөрекілік істеді ме?
– Әлде дұрыс жауап берді ме?
Бұл сауалдардың ақ-қарасын анық­тауға күш саламыз, – деді адвокат.
Есенғазы Қуандық біраз жылдан бері ішкі істер саласын бақылап, зерттеп келе жатыр. Бұл саланы жемқорлық жайлап алған деп күйінген ол, реформаның жасалуын қуаттайды.
– Бізде «Ар-намыс кодексі» бар. Соның 1-бап, 3-тармағында «Ішкі істер министрлігі Азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, оларды бұзу іс-әрекетіне жол бермеуге міндетті» дейді. Ал қазір осы сақталып отыр ма? Кеше ғана погон таққан, шала­сауатты сақшылар «Үкіметтің адамымын, не айтсам сол заң» деп дөрекілік таны­тады. Олардың басты міндеті – халықтың тыныштығын, қоғамның қауіпсіздігін қорғау. Полицейлер, керісінше, халықты емес, биліктегі адамдарды қорғап жүреді. Одан қалса өз креслосын қорғайды, – дейді респондент.
Айтуынша, Есенғазының шағымымен осыған дейін үш рет қылмыстық іс қоз­ғал­ған. Сол істі 13 тергеуші қарап, бір-біріне сілтеп, ақыры шаруаның соңын сұйылтып тыңған.
– Қазіргі кейбір полиция қызмет­керлері заңды білетін, қолында құжаты бар, дұрыс талап ете алатын адамдардың өзінің құқығын шектеп отыр. Тергеуші­лердің көпшілігі сауатсыз десем, қате­леспейтін шығармын. Осыдан келіп қоғамдық құбылыстар, ішкі істер орган­дарының теріс әрекеті Елбасына көлеңке түсіреді, – дейді ол.
Президент Жолдауда полицейлер даярлауға да қатысты ойын ашық жет­кізіп, «Елімізде заң факультетін бітірген қаншама заңгер, қаншама түлектер жұмыс таппай сенделіп жүр. Солардың арасынан таңдап, білімділерін жұмысқа алу керек. Шетелде Полиция академиясы алты ай ішінде полицейлерді даярлап шығарады. Адамдармен қалай сөйлесуді үйретеді де, погон тағады да жібереді. Ал бізде бақандай бес жыл. Мүмкін ол жерлерде ғалымдарды оқыту керек шығар онда. Сондықтан 3-6 айға негізделген академиялар ашу қажеттілігі туындап отыр» деген болатын Елбасы.
Есенғазы Қуандық та Президенттің бұл пікірімен келіседі. Тек ішкі істер органдарының қазіргі құрамына біраз тазалық жүргізілуі керек деп есептейді.
– Адал адамдар баршылық. Жұмысқа деген құлшынысы жоғары жастар да бар. Тек соларға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Алдымен санаға революция керек. Ойында тек ақша мен мансапты ғана бекітіп алған полицейлермен
«сер­вистік» деңгейге жету – қиынның қиыны, – дейді тарих ғылымдарының докторы.

Детектив қызметі енгізілсе…

Белгілі қоғам белсендісі, бірер ай бұрын автокөлігінің айнасын ұрлатып, құқыққорғау органдарын тікесінен тік тұрғызған Азаматхан Әміртай да – қазақ полициясына көңілі толмайтындардың қатарынан. «Елімізде кешенді реформаны бастан өткермеген бір сала болса, ол – ішкі істер саласы. Менің ойымша, бізге жеке детектив қызметін енгізу керек. Бұл ішкі істер саласында бәсекелестік ту­дырады. Сапаны өсіреді» деген белсенді, Грузияны мысалға келтіреді.
– Грузия билігі кезінде елдегі бүкіл полицияны жұмыстан қуып жіберді. Сөйтті де бұрын ішкі істер саласында істемеген адамдарды алып келді. Кейін оларды да жұмыстан босатып, қайтадан жаңартты. Сосын барып елдің полиция жүйесі реттелді. Таза адамдар келді. Олар өздерін халықтың көмекшісі ретінде түсінеді. Бұл қасиет бізге де керек. Негізі, бұл оңай жүзеге асады. Бір жыл ішінде бәрін істеп тастауға да болады. Бірақ біз бұған қаншалықты саяси тұрғыдан дайын­­быз? Шенеуніктеріміз бір-бірімен жау­ласпай, керісінше тізе қосып жұмыс іс­тесе, іс оңды болар еді. Онсыз нәтиже бол­майды. Бұл жерде де қоғамдық ұйымдарды тартып, процеске қатыстыру керек, – дейді ол.

Қайдасың, мейірімді полиция?

Шет мемлекеттерге жиі сапар шегетін саяхатшы Динара Болаттың сөзінше, шетел полициясы өзінің сауатты, мәде­ниетті қалпымен дараланып тұрады.
– Еуропа елдерінде полицейлер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жіті қадағалайды. Олар босқындарға не туристерге себепсіз тиісіп, құжаттарын талап етіп, артық әрекет жасамайды. Бәрі жүйелі түрде жұмыс істейді. Қолымда билігім бар деп, адамдарды мазалай бермейді. Өзбекстанды да үлгі ретінде мысалға келтіре аламын. Өйткені бұл елде жалпы тәртіп сақшыларынан бөлек туристерге арналған «туристік полиция» қызметі бар. Бұл да қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған. Ол жақтағы полицейлер кез келген адамның сұрағына жауап береді. Әлдебір көшені, ғимаратты, саябақты іздеген адам сұрағын тікелей полицияға қойып, сақшылар оларға зыр жүгіріп қызмет көрсетеді. Қалыпты, адекватты жауап береді. Тағы бір таңғалғаным, шетелден келген қонақтарға да сол адамның тілінде лайықты жауап қайтара алады. Бізде қалыптасқан бір стереотип бар, яғни Өзбекстанға қырын қарап, олармен салыстырғанда өзімізді дамыған ел санаймыз. Бірақ шынын айту керек, экономикалық тұрғыдан алға кетпесе де, тәртіп жағынан әлдеқайда озық тұр. Бұл сол мемлекеттің туризмін дамытуға үлесін қосып тұрған үлкен фактор деп айтуға болады, – дейді жиһанкез.
– Шетел полициясының бойынан дарақылық, дөрекілік байқалмайды. «Сен өзің кінәлісің», «не қарап жүрсің» дегенсөздерді де айтпайды. Бірде рюкзагымды жоғалтып алып барғанымда олар өзіме еш кінә артқан жоқ. Тиісті тетіктерін іске қосып, затымды тауып беру үшін жұмыстарына кірісті. Ал Қазақстанда адамдардың полицияға деген сенімінің төмен екенін байқауға болады. Көбісі проблеманы ішкі істер органына табыс­тамай, өз беттерінше шешуге тырысады. Себебі, құқық қорғау органдарындағы адамдар істі бүркемелеп, пара талап етіп, мәселені созбаққа салып жібереді деген пікір қалыптасқан. Жол полициясы да солай әбден халықтың фобиясын тудырып біткен. Өз жағдайымды айтар болсам, ол жердегі қызметкерлердің сауатсыздығын аңғардым. Өйткені диалог жүргізгеннің өзінде кейбір ресми, заңдық мәселелерді дұрыс біле бермейді екен. Талай мәрте бетпе-бет отырып, соған көзім жетті, – деді Динара Болат.
Белгілі психолог Анна Құдиярова:
– Санаға бірінші кезекте өзгеріс керек. Ішкі қауіпсіздікке жауап беретін маңызды сала өкілдерінің ішкі рухын күшейтіп, жан дүниесін мейірімділік және адал­дықпен жасақтай алсақ, қоғам мен полиция арасында берік, тығыз бай­ла­ныс орнайды. Полицейлерді психоло­гия­лық тренингтерге қатысты­рып, жұмысқа қабылдамай тұрып арнайы тест тапсырту қажет. Олардың ішкі дүние­сін­дегі қара бояуларды, агрессияны алып тастап, күншуақ кіргізсек, әлде­қайда оңды бастамалар орындалады, – дейді психолог.
Адам жанының тереңіне бойлап, көңіл түкпіріндегі сырды аулап үйренген маманның тағы бір уәжі еріксіз бас шұлғытты.
– Бүгін кабинетіме келген кішкентай қыз: «Әкем – полицей. Оның киімі өте әдемі. Өскен соң мен де полицей бола­мын» дейді. Енді сол қызға жақсы тәрбие беріліп, полицей болсаң сен халықтың қорғаушысы боласың деген мотивация берілгені дұрыс. Сонда әлгі бала ертең әділ, мейірбан тәртіп сақшысына айна­лады. Ал қазір полицей болып жүр­гендердің көпшілігі кішкентай кезінде әділетсіздікке ұшырағандар. Олар «кейін осы жұмысқа тұрсам, қолыма билік тисе, есемді қайтарар едім» деп тырысып, құқық қорғау саласына барады. Сөйтіп, олардың ішінде жазалаушылық амбиция басым болып шыға келмек. Іші ашу мен кекке толы адам полиция болса халықтың төбесінде әңгіртаяқ ойнатпай ма?!
Отбасында әке-шешеміз уәдесінде тұрмаса, олардың сөзі мен іс-әрекеті сәйкес болмаса біздің оларға деген сенім мен құрметіміз азаяды. Сондықтан бұл жерде, яғни үкімет пен тиісті органдар өздеріне деген талапты жоғарылатуы керек. Мәселен, әкесі маскүнем бола тұра баласына «ұлым, ішпе» деп айтқанымен еш пайда жоқ қой, – дейді маман.

Түнеукүні телефон жоғалтып полиция бөлімшесіне бас сұқтық. Осы шаруаға бола бір жарым сағат уақыт түсініктеме алды. Бірақ нәтиже жоқ. «Сендер сияқты қаншама адам телефонын жоғалтып келеді. Олардың бәрінікін тауып беру мүмкін емес қой» дейді шығып бара жатсақ. Телефон, әмиян ұрлығына – майда-шүйде қылмыс деп қарай салатыны байқалады. Қабылдауы, сұрақ қоюы, қызмет көрсетуі – сыпайылықтан ада. Ашу қысып, ызаға булығып, әрең шыдайсың. Көшеде көре қалсақ та сол. Байланыспай, алыстан сыйласайықшы деп талай адам қызыл жағалылармен қол алыспауға тырысады. Өзіңе дүрсе қоя беретін, қит етсе кінә тағып, айып арқалатып жібергенге құмар полицияны кім сыйлайды? Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап реформа жүргізіп, нәтиже шығарыңдар деді. Кешелі бері ведомствоның полиция сырт киімі мен фуражкасын өзгертіп бастағанын естідік. Ары кетсе сырт көзге тартымды болып көрінер. Ал ішкі дүниесі тап бұрынғыдай қала берсе не болмақ? Бір ағамыз «Біздің полициядан сервистік функция күтіп жүрген сендер де қызық екенсіңдер» деген. Сол расқа айналмаса деңіз.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*