Ойлана берме, ономастика!

587
0
Бөлісу:

Астана Астана болғалы қала қазақыланды. Оған дау жоқ. Бірақ біздің бұған қуануымыз «Балықтар суда өмір сүретін болды» дегенге саяр еді. Өзі солай болуы тиіс дүниеге бұлай сүрең қосуымыздың да салмақты себебі бар болды, бірақ. Бір кездері орысы қазағынан үш есе көп қаланың қазақтануға қарай бет бұрғаны, қалай десек те дем алатындай жаңалық еді. Енді осы қалаға біз қандай ен салудамыз? Әңгіме – осы жайында.

Алаш алыптары қашан ардақталады?

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деп армандапты кезінде. Алаш көсемінің осыдан 100 жыл бұрын айтқан сөзі еліміз егемендігін алған уақытта жүзеге асты. Сол жердегі Қараөткел – Ақмола өңірінің байырғы жер атауы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы. Алайда біз әлі ХХ ғасыр басындағы қазақтың мәдени-рухани деңгейін көтеруге күш салған, мол шығармашылық мұра қалдырған ұлт зиялыларының атын Астанамен тығыз байланыстыруға асықпай келеміз.
Соңғы деректерге сенсек, Астанада қайраткерлердің атында 1 даңғыл, 26 көше және Алаш деп аталатын тасжол бар екен. Ал бұл 1200-ден астам көшесі бар Астана үшін өте аз көрсеткіш. Бүгінде Астана бойынша 950 атау берілген көше болса, 300-ден астам көше тек цифрлармен тұр. Қалаға қарап отырып, көше атауларындағы бірізділіктің жоқтығы да байқалады. Көше атауларына қатысты олқылықтар да кездеседі. Осыған дейін баспасөз беттерінде бірнеше рет мәселе болып көтерілсе де, Октябрьдің 70 жылдығы көшесі әлі тұр. Былтыр Астана қаласы әкімі орынбасарларының халықпен кездесулерінде де осы мәселе жиі көтерілді. Демек, бұған тұрғындар алаңдайды. Осындай бір жиында қала тұрғыны Әлім Сағындықұлы да өзін толғандырып жүрген мәселені көтеріп еді. «Астана көшелеріне неге белгілі Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің,Тәуке ханның аттары берілмеген? Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдаған. «Жеті жарғы» көшесі неге жоқ? Петрова деген көше, түрлі сандармен белгіленген көшелермен әлі күнге дейін жүрміз ғой» деген ақсақал тіліміздің даму деңгейіне қатысты көңілі тола бермейтін жайттарға да тоқталды. «Көшелерге ат берер кезде осы ағаларымыз сияқты азаматтардың пікірін ескеріп отырыңыздар» деген Ермек Аманшаев Тілдерді дамыту басқармасының басшылығына ономастиканың отырысына осындай азаматты да қатыстыруын тапсырып еді сонда. Араға жыл салған тапсырманың нәтижесін әлі көрген жоқпыз.
Оның үстіне кейбір тұлғаларымызға көше берілгенмен, орналасқан жері тұлғаның атына лайық келмейтін көшелер бар. Мәселен, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірегейі, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың атындағы көше елеусіз жерде орналасқан. Ол – бүгінгі қаланың шетіндегі бұрын «Промышленный» кенті болған, қазір тұрғын алап атанған аудандағы ұзындығы 1108,8 метрге созылған көше. Бір жылдары Әлихан Бөкейхан пен Ахмет Байтұрсынұлына елордадан елеусіз көше берілген еді. Оны әйтеуір зиялылар дабыл қағып жүріп, алаштың ардақты екі азаматына көрнекті көшелерді берген еді. Енді Мұстафа Шоқайдың көшесіне де осындай күш керек боп тұр. Қалалық ономастика осының бәрін ойланып барып, жүзеге асырса дейсің. Әйтпесе, бір көшені атап алып, артынан өзгертуге кеткен уақытты бас жоспардағы басқа да мәселелерге жұмсар еді.

Келмеске кеткен комсомолда неміз бар?

Біз бұл жазбамызбен Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының жұмысын жоққа шығарғымыз кеп отырған жоқ. Тек ақсақ қойдың аяғындай сылбыр жұмыстың жүйесіне тоқталып отырмыз. Рас, кешегі Целиноград-Ақмоланы қазіргі Астанамен салыстыра алмаймыз. Алайда қалада кеңес заманынан қалған атаулар әлі де бар. Жиырма жыл ішінде олар неге өзгермей келе жатыр? Қаланың кез келген автобустарына назар салыңыз. Осы бағыттағы көліктерде көңіліңді түсіретін атаулар жиі айтылады. Промышленный, Кирпичный, Комсомольский, Силикатный, Железнодорожный, Пригородный, Мичурино, Интернациональный болып кете беретін осындай атаулардан арылатын күн қашан туады? Келмеске кеткен комсомолда, түбімізге жете жаздаған интернационалда неміз бар? Осыдан он жыл бұрын Астананың 300-ден астам көшесі бір мезгілде қазақыланды. Елбасының пәрменінен кейін «Синема-сити», «Сити-маркет», «Еуропа-палас» сынды нысандардың атаулары «Самұрық», «Қазына», «Ақсұңқар» болды. Осы қарқынмен жұмыс жалғасқанда бүгінгі базынамыз газетке басылмас та еді. Алайда араға уақыт салып, «Ақсұңқарымыз» қайтадан «Еуропа-палас» боп шыға келді. Ол сонда «Ақсұңқар» болып тұра берсе, аттан түсіп қала ма? Бұл уәжімізге Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев: «Біз кәсіпкерлік нысандардың атауларын өзгерте алмаймыз. Бұл жұмыспен Әділет органдары айналасады. Атауды да солар бекітеді. Жалпы, дүниежүзінде бренд атаулар болады. Кейбіреулер атауларына осы брендті алады. Сосын қалай өзгертсін? Егер Әділет департаментінен атауға қатысты куәліктері жоқ болса, біз кәсіпкерлермен әңгімелесеміз. Қаны барлар атауларын жөндеп жатады» деген еді. Жалпы, Астанадағы «менмін» деген осындай нысандардың атауларына, көшедегі қате-қате жазуларға, қарапайым дүкендердің маңдайшасындағы атауларға, түрлі жазуларға Тіл басқармасының қатысы болмай шығады. Олар кейде Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасына, кейде құрылыс басқармасына сілтейді. Осылайша, үш басқарманың жауапкершілігі қосылғанымен, қазақша жарнаманың бағы бәрібір жанбай тағы тұр.

Мектептерге атау беру аяқсыз қала ма?

Бұл мәселенің де көптен бері көтеріліп, шешімін таппай келе жатқаны анық. Әйтпесе, қалалық ономастика осы мәселеге қатысты тура 5 жыл бұрын шешім шығарып қойған еді. Арада қанша жыл өтсе де бұл мәселе әлі қолға алынған жоқ. Бір жағынан қағазбастылықты құнттайтын қоғамымызда да шешімнің орындалмайтын кездері болады екен-ау деп таңғаласың. Біздің қолымызда осы шешім шыққан хат та бар. Онда № 10 мектепке Ж. Тәшеновтің, № 49 мектепке Қошке Кемеңгерұлының, № 52 мектепке Батыр Баян Қасаболатұлының, № 58 мектепке Кенесары Қасымұлының, №56 мектепке Шәкәрім Құдайбердіұлының, № 54 мектепке Ақселеу Сейдімбектің, № 35 мектепке Нәзір Төреқұлұлының есімдерін беру нақтыланған. Бүгінде Астана қаласында 85 мектептің бар екенін ескерсек, оның тек 10-ы ғана белгілі тұлғалардың есімін иеленген. Олар – Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектебі, Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп, Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектеп, Нұркен Әбдіров атындағы №33 мектеп, Ақан Нұрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясы, Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп, Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясы, Юрий Гуров атындағы №6 гимназия мектебі, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы, Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясы. Яғни, оқушыларды тұлға арқылы ұлтты сүюге тәрбиелеу шамалы ғана мектепте жүріп жатыр. Алаш арыстарының есімін Астананың бар мектебіне беріп, ол білім ошақтарында арнайы музей ашса, артық болмас еді. Астанада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әміре Қашаубаев атындағы мектептер тұрса несі айып?! Елордамыздың атына Абай, Ыбырайдың атындағы мектептердің болмауы сын емес пе?!

Тақырыптың тоқетері:

Астанада қазақ көбейді деп қуанғанымызбен қазақылықтың иісін сезбей қалатын кездеріміз де жиі болады. Оны тарқатып айттық та. Енді бізге бұл мәселені қалалық ономастиканың бірізділікпен қолға алғаны керек. Бас қаламыздың төрінде Алаш алыптарының ескерткіштері тұрса, Алаш аллеясында қыдыра алсақ, мектептерге ұлылардың есімдері берілсе бұл мәселенің іргесі сөгілер еді.

Тақырыпқа тұздық:

Аятжан АХМЕТЖАН,
«Қазбілім» республикалық орталығының директоры:
– Кезінде, 2010 жылы, жергілікті билік «Мектепке болашақта зерттеуші, ғалым Ақселеу Сейдімбектің аты беріледі, заң бойынша тұлғаның атын мемлекеттік нысанға қайтыс болғаннан кейін тек бес жылдан соң ғана беруге болады» деп қуантып тастаған болатын. Алайда арада бақандай жеті жыл өтсе де, бұл желсөз күйінде қалды. Басқаны айтпағанда, астаналықтар үшін Ақселеудің көше аттарын қазақ тарихымен байланыстыруға қосқан еңбегінің өзі неге тұрады?
Сөйтіп, №54 мектеп-лицейі әлі бейресми ғана Ақселеу ағаның атында тұр, құжат жүзінде әлі орындалған жоқ. 2012 жылы 5 наурызда №66 мектеп-лицейінде Әлихан Бөкейханның 146 жылдығына орай іс-шара өтті. Сол жиында Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильм көрсетілді. Оқушылар сонда «Осы мектепті Әлихан атаның атына берейікші, сіздер осыған мұрындық болыңыздаршы» деп жиналған қауымға ұсыныс білдірді. Одан бері алты жыл өтті. Былтыр Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын әлем тойлады. Бірақ әлі күнге сол мектеп те, Астанадағы басқа мектеп те Алаш көсемінің атына берілмей келеді.
№49 орта мектеп те ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосқан Қошке Кемеңгерұлының есімін бейресми иеленіп келеді. Мектеп ұжымы кезінде өз еңбектері арқылы қазақ жастарының санасын оятуды көздеп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеген, елін қастерлеуге, жерін сақтауға баулыған қайраткердің есімін мектепке алуды біраз жылдар төңірегінде қозғап келеді.
Мектептерге танымал тұлғалардың есімін беруді ұстаздар қауымы құптайды. Өйткені оның астарында үлкен мән жатыр. Мәселен қаламыздағы Ғали Орманов атындағы №7 мектепте, Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектепте жыл бойына талай игі шаралар өтіп жатады. Осы тұлғаның кім болғанын, оның еңбектері, мектеп ішіндегі мұражайы бәрі, бәрі бала үшін қажет-ақ. Осы сияқты бас қаланың әрбір білім ұясы ұлт жанашырларының есімімен аталып, олар жүріп өткен жолды бүгінгі, келешек ұрпақ үлгі тұтатындай болса, керемет болар еді. ХХ ғасыр басындағы қазақтың саяси элитасы ретінде халқымыздың саяси тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың мәдени-рухани деңгейін көтеруге күш салған ұлт зиялыларының өнегесін дәріптеу осы мектептердің қабырғасында қаланбай ма? «Ол – мектеп. Оған тұлғаның есімін беріп не керек? Бала жүйелі білімін алса болды» деп бұл мәселеге немқұрайлы қарауға да болады. Өзіміз ұстаз ретінде мұндай пікірлермен келіспейміз. Мұның түбінде ұлттық мүдде тұр. Ал ол мәселенің түп тамыры тек мектептен бастау алғанда ғана жапырағын жайқалтатын болады.

Жанат ТҰРЫСБЕКҚЫЗЫ,
Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның директоры:
– Қазір өзіңіз кез келген мектеп оқушысынан Ғали Орманов туралы сұрап көріңізші. Дені білмейді. Ғали Орманов қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі. Ол орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да біршама үлес қосып, ірі жұмыстарды игерді. Ал біздің мектептің кез келген баласы осыны жатқа айтады. Бұдан не қорытынды жасауға болады? Яғни, мектепке тұлғаның атын беруден ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жыл сайын түлеп ұшатын 300 оқушы осыны біліп кетсе, онда біздің ойымыздағының орындалғаны. Жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Оқушыларды ақынның шығарашылығымен таныстырамыз. Артындағы ұрпақтарымен кездестіреміз. «Болашағың өзіңді зеңбірекпен атпауы үшін өткеніңе тапанша кезенбе» деген жақсы сөз бар ғой. Біліммен бірге осындай кесек тұлғалардың өнегелі өмір жолының насихатталуы біздің бүгінгі жастар үшін өте қажет.

Серік ЖОЛДАСБАЙ,
журналист:
– Бұл бағытта әлі де болса кемшіліктерге орын беріп отырғанымыз жасырын емес. Кейбір азаматтар «ономастикалық жұмыстар бойынша Астана өзге өңірлерге үлгі болады» деп айтып жүр. Бұған белгілі бір деңгейде келісуге болады. Өйткені Елордамызда Сарайшық, Тұран, Ақмешіт, Сауран сынды тарихи атаулар үлкен даңғылдарға берілген. Алайда кейбір Алаш қайраткерлерінің атындағы көше қаланың сыртында назардан тыс қалып отыр. Нақтырақ айтсам, Алашорда үкіметінің премьер-министрі Әлихан Бөкейханның орынбасары яғни, вице-премьер Халел Ғаббасов атындағы көше Көктал ықшам ауданында. Менің ойымша, Алашорда үкіметінің саяси салмағы жөнінен екінші тұлғасының атындағы көше қаланың орталығында және шолақ болмауы керек еді. Сол секілді Міржақып Дулатұлы, Халел және Жаһанша Досмұхамедұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сынды Алаштың көрнекті тұлғаларының атындағы көше қаланың сыртындағы елеусіз жерге берілген.
Бір қызығы қаладағы ең ұзын көшелердің бірі (Ұзындығы – 2009, 2 м.) әнші, Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекованың атына берілген. Әрине, елордада әншінің атындағы көше болмауы керек деп айта алмаймын. Алайда ең бірінші біз бас қаланың күре жолдарына жұрт тегіс мойындаған айтулы тұлғалардың атын беруіміз керек еді. Мәселен, Лениннің алдында сөйлеп, қазақтың шекарасын заңдастырып берген Әлімхан Ермековтің атындағы көшенің қайда екенін білесіз бе? Қатарластары «Алаштың бегзадасы» деп атаған қайраткердің атындағы шолақ көше Шұбар тұрғын үй алабынан берілген.
Әу баста қаланың ономастикалық мәселелерін қарағанда осындай түйткілді проблемалар жіті назарға алынуы керек еді. Жалпы, Астана ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де негізгі көшелерге елеусіз тұлғалардың аты беріліп жататыны жасырын емес. Сондықтан да ономастикалық комиссия көшелердің категориясына байланысты тізім жасап, сол бойынша жұмыс жасағаны дұрыс секілді.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*