БИЛІКТІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ БҰЛ!

325
0
Бөлісу:

Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан азаматтық альянсының бастамасымен елімізде алғаш рет үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕМ) өз жұмысын бастады. Содан бері елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бәрі де солардың қатысуымен өтіп келеді. Бүгіндері ҮЕҰ биліктің серіктесіне айналды. Бұл жөнінде Астанада өткен  «Азаматтық қоғам және мемлекет» атты қалалық азаматтық форумда айтылды.

Астана қаласы әкімдігі, қоғамдық даму басқармасы және «НКО – Аста­на форумы» заңды тұлғалар бір­лес­тігі ұйымдастырған форумға Қоғамдық даму министрі, Астана қаласы әкімі, Парламент және қалалық мәслихат депутаттары, қалалық мемлекеттік органдар басшылары, ҮЕҰ мен саяси партиялар өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөз алған Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жиын қатысушыларына жағымды жаңалы­ғы­­мен бөлісті. Оның айтуынша, Аста­на­да азаматтық бастамалар орта­лы­ғы­ның құрылысы басталды. Одан бө­лек әлеуметтік кәсіпкерлікті дамы­туға арналған бірқатар жобалар қолға алынды. Осы бағытта арнайы сала мамандарын шақырып коучер оқыту көзделіп отыр. Сол сияқты еліміздің барлық өңірлері бойынша әлеуметтік жобалардың карталары жасалмақ.
Осы жылдың 27-28 қарашасында Мемлекет басшысының қатысуымен Республикалық азаматтық форум өтетінін тілге тиек еткен министр сол форум қарсаңында ҮЕҰ дамытуда кездесетін мәселелерге де тоқталды.
«Еліміздегі ҮЕҰ-лардың үштен бірі жұмыс істемейді, ал Астанада 1 мыңға жуық ҮЕҰ белсенді емес, олар­дың тарапынан ешқандай әрекет байқал­майды. Солардың ішінде тек 52 ҮЕҰ жабылу кезеңінде тұрса, қалған­дары әрекетсіз немесе жұмыс­та­рын уақытша тоқтатып қойған. Олар неге жабылмайды, себебі, заңды тұл­ғаларды жабудың күрделі проб­ле­ма­сы бар. Ал Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Үкімет көлеңкелі экономиканы төмендету үшін, негізгі қарызды жапқан жағдайда айыппұл мен өсімпұлды жоятын тетікті қамти­тын салықтық амнистия жариялана­ты­ны айтыл­ды. Екіншіден, салықтық құ­қықбұзушылықты қылмыс деп таны­мау қадамы. Үшіншіден, бан­крот­тық­ты сауықтыру рәсімдерін жетілдіру қарастырылған» деген ол ҮЕҰ жабу­дың жеңілдейтінін де ескертті. Мәсе­лен, бұған дейін ҮЕҰ жабу рәсі­мі 9 айдан бірнеше жылға дейін созылып кел­се, енді банкрот­тықты сауықтыру рәсі­мі екі апта уақытты ғана қамтуы мүмкін.
Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлта­нов ҮЕҰ азаматтық қоғамдағы маңыз­ды жұмыстарды атқарушы ғана емес, би­лік­тің мемлекеттік әлеуметтік жо­ба­­­ларды жүзеге асырудағы сенімді сері­г­іне айналғанын атап өтті.
«Бүгінде Астана әкімдігі мен 30-дан астам ҮЕҰ бірлесіп 464 миллион теңгеге әлеуметтік маңызы бар 66 жобаны жүзеге асырды. ҮЕҰ-лар өздеріне көптеген әлеуметтік функ­цияларды жүктеу арқылы әлеу­мет­тік саладағы түрлі мәселелердің шешім табуына үлес қосып жатыр, соның ішінде цифрландыру секілді маңызды бағыттар да бар. Сондықтан азаматтық қоғамның дамуы үшін және ҮЕҰ-лар қызметіне қажеттінің барлы­ғын ұсынуымыз керек» деді қала басшысы. Ол алдағы уақытта елор­­дада құры­латын Азаматтық бас­та­­малар орта­лығы коворкинг орта­лығы форма­тында жұмыс істейтінін және барлық ҮЕҰ үшін қолжетімді болатынын жеткізді.
Форум аясында 19 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында ҮЕҰ арасында өткен байқаудың қорытындысы жарияланды. Бұл байқау әлеуметтік мәселелерді шешудегі инновациялық тәсілді ұсынған жобалардың үздігін анықтауға арналған болатын. Он жоба үздік деп танылды. Олардың қатарын­да «Қазақстан әйелдері» қоғамдық бірлестігінің «Өмірді сақта!» жобасы да бар. Аталған қоғамдық бірлестіктің президенті Гүлнар Байымбетованың айтуынша, бірлестік ұсынған жоба жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін шешуге арналған.
«Бізде балаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды білетін білікті психологтар командасы бар. Біз балалармен, ата-аналармен жұмыс істеудің тұтас әдістемесін жасап шықтық» дейді ол.
Астана қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есиннің айтуынша, әкімдік ҮЕҰ-мен бірге жүзеге асырған 60-тан аса жоба­ның 20-ы форум шеңберінде ұйым­дастырылған көрмеге ұсыныл­ды. «Көрмедегі жобалардың барлығы да Мемлекет басшысының әлеуметтің осал топтарына, қоғамдағы маңызды проблемаларға назар аударуға бағыт­талған бастамаларына сай келеді» дейді.
Астана азаматтық форумы соңын­да мемлекеттік органдар мен үкі­мет­тік емес ұйымдар секторын дамы­ту­дың өзекті мәселелері талқыланған соң, тиісті қарар қабылданды. Қарар­да азаматтардың әл-ауқатын және өмірлік сапасын жақсарту мақсатында азаматтық қоғамды ары қарай дамы­ту­ға және Қазақстан Президенті
Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолда­уын­да айтылған әлеуметтік бас­та­­маларды іске асыруда қолайлы жағ­дай­лар жасауға жәрдемдесу, ай­мақ­тық ерекшеліктерді есепке алып, ынтымақтастықтың инновациялық механизмдерін енгізу арқылы үкімет­тік емес ұйымдар, мемлекет пен биз­нес­тің серіктестігі жүйесін дамыту, қоғам­да әлеуметтік жауаптылық, тілек­­тес­тік пен қоғам өміріне ортақ­тық сезімін өзекті ету мақсатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін кеңінен тарту құралдары мен меха­низм­д­ерін жетілдіру, Жолдауды іске асыруда қосымша интеллектуалды және ұйымдастырушылық ресурс­тар­ды тарту мақсатында қоғамдық ұйымдардың, сарапшылардың, баста­машылдардың әлеуетін пайдалануды жандандыру сынды баптар бар.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*