Алматы облысы: Кәсіпкерлер жалақыны 50 пайызға көтеруді бастады

513
0
Бөлісу:

Алматы облысында бірқатар компаниялардың басшылары қызметкерлерінің жалақысының ең төменгі мөлшерін 50 пайызға көтеру туралы шешім қабылдағандарын жеткізді. Бұл туралы кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу барысында айтты.

«Алматы бояулары» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС басшылары Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.

«Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Римма Салықова компанияның биылғы қараша айынан бастап жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге ниетті екенін жеткізді. Бұл кәсіпорны 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді, жол белгілері үшін лак-бояу заттары мен жол жөндеу үшін материалдар шығарады.

– Компанияның қалыптасуында мемлекеттік қолдаудың рөлі зор болды. Біз «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының алғашқы қатысушыларының бірі болдық, зауытты жаңғыртуға несие алдық, соның есебінен жаңа жабдықтар сатып алып, жұмыс орындарын құрдық. Қазір бізде 160 жұмыскер жұмыс істейді, – деді Р. Салықова.

Сонымен қатар ол компания басшылығы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге және адам капиталын дамытуға қаражат салуға ерекше көңіл бөлетінін айтты.

Бұл орайда ол кәсіпорындағы ең төменгі жалақы 76 мың теңгені құрап отырғанын айтты. Қараша айында еңбекақы тағы 15 пайызға артады. Бұған қажетті қаражат компания бюджетінде қарастырылып қойылған.

Өз кезегінде «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасанов та Президенттің ең төменгі еңбекақыны арттыру туралы шешіміне қолдау білдіретінін жеткізді.

Зиятхан Гасанов өз кәсіпорнындағы еңбекақы мөлшерлері туралы айтып берді: ең төменгі еңбекақы – 120 мың теңгені құрайды, орташа жалақы – 353 мың тг. Сонымен қатар, кәсіпорында Президент Жолдауына қолдау білдіру аясында еңбекақы мөлшерін қосымша арттыру туралы шешім қабылданған.

Бұдан өзге, өңірдің кәсіпкерлер қауымынан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиев сөз сөйледі. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге мамандандырылған. Оның айтуынша, өнімдердің 63 пайызы Орталық Азия, Қытай және Ресей нарықтарына экспортталады.

Асқар Алтайұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*