Немқұрайдылық – соғыстан да қaуіпті

558
3
Бөлісу:

Психология – жан туралы ілім. Алғашқы психологиялық түсініктер ерте заманда қалыптасқанымен, ғалымдар оның бастауын ХVІ ғасырдың аяғында «психология» терминінің қалыптасу кезеңімен байланыстырады. Содан бері қанша уақыт өтсе де, бұл ұғым өз күшін жойған жоқ, керісінше күн сайын кез келген салада қажеттілігі артып келеді. Біз «Ой-сана» деп аталатын жаңа айдарымызда қоғамдағы түрлі психологиялық проблемалардың туындау себептері мен астарына үңіліп, шешу жолдарын қарастырсақ деген ниеттеміз.

Алғашқы тақырыпты күнде­лік­ті өмірде жиі кездесетін нем­құрай­дылық мінез төңірегінде өрбітсек дейміз…
Америкалық жазушы Хелен Кал­лер «Ғылым көптеген ауру­лар­дың емін тапты, бірақ олар­дың ішіндегі ең қауіптісі енжар­лық­қа дауа таппады» деп жазады. Пси­холог мамандар өз кезегінде қа­зіргі қоғамда бойкүйездік, нем­кеттілік, салғырттық дерті ден­деп тұрғанын айтып, жиі-жиі да­был қағады. Селқостықпен бі­лек сыбанып күресуге ешкім асы­­ғыстық танытып отырмаға­ны­­на алаңдайды. Кез келген түйт­кілді мәселеге немесе болып жа­тқан оқиғаларға «маған бәрі­бір», «өзі кінәлі», «мені қызық­тыр­майды» деп самарқаулықпен қа­рау – түбі жақсылыққа баста­май­ды деген пікірде.
Айналаға «сен тимесең, мен тиме» деген көзқараспен қарау қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына қынжылады.
Иә, бұрын бала көтерген әйел мен ауыр жүк арқалаған қарияға кө­мектесу – азаматтық парыз са­налатын. Қазір құлап жатқан кі­сі­нің қасынан бейжай өте шығу – түк те ұят емес. Телеарнадағы атыс-шабыс, қантөгіске көз үй­ренді. Үрейлену, шошу, тітіркену се­зім­дері оянбайтындай халге жетті.
Шетелдік мамандар мұның ас­тарында – қоғамнан, отбасы­нан, қызметтен көңіл қалу, техникалық прогресс пен ақпарат нө­піріне ілесе алмау себептері мен ертеңгі күнге деген сенім­сіз­діктің жатқандығын айтады. Сон­дай-ақ төңірегінен түңіл­ген­дердің өз ортасына әкелетін зар­дабының да аз болмайтынын ес­кертеді. «Өйткені қоршаған орта мен өзгеге және өзіне селқос адам­дар мойнына ешқандай мін­дет алып, жауапкершілік жүк­те­гісі келмейді. Ештеңеге көңіл күйі соқпайтын адамның істеген ісі де мардымсыз. Мұндай жағ­дай­да, ең алдымен, оның себебін анық­тап барып, оңтайлы шешім қа­былдау керек» дейді олар.

Жарас СЕЙІТНҰР,
психология ғылымдарының кандидаты:
– Психологиялық тұрғыда тү­­сіндіретін болсақ, немқұрай­ды­­лық – кейде cтрестен (күй­зе­ліс­тен), жағымсыз сезімдерден құ­тылудың бір тәсілі сияқты. Тұл­ғалық қорғаныс механизмі деу­ге де болады…
Өйткені қазір ақпарат ағыны өте көп, оған төтеп беру үшін адам жан-жағына сәл салғырт қа­райтын болса, жеке тұлғалық кеңіс­тігін қорғап қала алады.
Объективті тұрғыдан алсақ, әлеу­меттік-саяси жүйе дамуға ке­дер­гі келтірген кезде де сенім­сіз­дік қалыптасады. «Еңбек еткен­нен, ізденгеннен еш пайда жоқ» деген түсінік бой көтереді. Бұған қоса, урбанизация үрдісі де кері әсе­рін тигізіп отыр. Қалаға көшіп келгендер көпшілікті жіті таны­ма­ғаннан кейін, етене араласпа­ған соң, тек бақылаушы қалып ұс­танады. Мегаполистің у-шу, ба­зарының өзі басқаның мәсе­ле­сіне бас ауыртпайтын жағдайға тү­сіреді.
Субъективті жағдайға келсек, өмірде кездесетін әділет­сіздік­тер­ден болатын түңілу салдары да ты­ғырыққа тірейтін бір себеп. Шын­дық жоғалып, әділетсіздік орын алған жерде – адам қанша мық­ты болса да қолын бір сілтей­ді. «Мен ештеңе өзгерте алмай­мын» деп дәрменсіз күй кешеді.
Тұлға, маман ретінде бола­шақ­тан үміті үзіліп, өмірлік мақ­сат-мағынасы жоғалған кезде бойын селқостық, енжарлық жай­­лайды және айнала өртеніп жат­са да ол адамға бәрібір бола­ды. Мақсаты болса да, жүзеге асы­руға мүмкіндігі жоқ. Әсіресе, шы­ғармашылық адамдардың ор­тасында мұндай жағдай кездескен сәтте, олар томаға-тұйықталып ке­теді. Ақыр аяғында күйзеліске ұрынуы мүмкін. Өкінішке қарай, адал еңбекті бағаламау фак­тор­лары өте көп. Біреу күні-түні тер тө­геді, мақтау мен марапатты, сыйа­қыны «көкесі» барлар ала­ды. Қабілетіне, кәсіби білік­тілі­гі­не, сан жылдық тәжірибесіне қа­ра­май, кеше келген жас ма­ман­ды бастық етіп қоя салу оп-оңай. Әлем елдерінде етек алған жем­қорлық пен бармақ басты, көз қысты әрекеттер, қызметтің са­тылуы, көкеге сүйену – еңбе­гің­ді еш қылады. Бұл ұжымдағы на­разылық пен келіспеушілікті ту­дырады. Жоғарыдағылар мен тө­мендегілердің арасында кері бай­ланыстың болмауы да жағ­дай­ды ушықтырады. Төмен­де­гі­нің жан айқайы мен зар-мұңы жоғары жаққа жетуі керек қой. Оны ешкім естімесе, басшы мен қосшы әр бөлек өмір сүрсе, әркім өз қайғысымен кетеді. Олардың мақ­саты, талабы – бір-бірімен үйлесуі міндет.
Бір сөзбен айтқанда, қоғамда, адамдардың жеке басында мұн­дай селқостықтың орын алуы – терең психологиялық пробле­ма­ның бар екенін көрсетеді.
Немқұрайдылықтан құтылу­дың ең тиімді жолы – ең алдымен адамға тұлға ретінде қалыптасып, идея­ларының жүзеге асуына мүм­кіндік беру. Тығырыққа ті­реп, жігерін жықпау, сағын сын­ды­рып, бетін қақпау. Оның ор­нына үміт беру керек. Үміт, сенім, күту бір-бірімен тікелей байла­ныс­ты. Үміт жоқ жерде, сенім жоқ. Үміт пен күту жақсылыққа жол ашады. Шындық бар, әді­леттілік бар деген сенім ұялаған жер­де құштарлық оянады. Адам өз әрекетінің нәтиже беретініне сенетін болса, көзқарасын жақ­сартуға тырысады. Алдыңда еш бо­лашақ күтіп тұрмаса, өмірдің нағыз қасіреті сол емес пе?!
Егер бәріміз басымыз сал­бы­рап, қолды бір сілтейтін болсақ, бұл дүниені кім өзгертеді.
– Сен жанбасаң лапылдап,
Мен жанбасам лапылдап.
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ, – деген өлең жолдары осының анық дә­лелі болса керек.
Кей адамдар қандай жағдай бол­масын, өзін алға сүйреп, же­тек­теуге тырысады. Бірақ қанша өз-өзін итермелегенмен, тауың ша­ғылып, тұмсығың тасқа тие бер­се, не болады? Мәселен, мек­теп­те мұғалім қит етсе өзгелердің ал­дында басып тастап, аузыңды аш­қызбаса, сенде білімге деген қан­дай құлшыныс болады? Бәрі де сол сияқты, еңбегі бағаланбаса, кей таланттар өліп те қалады. Кім адал еңбек етіп, адал жүргісі кел­мейді?! Бірақ бұл өмірде адал адам­дарға өте қиын, сондықтан нем­құрайдылыққа жиі ұшырай­тын­дар ең әуелі таза жандар. Жақ­сы ой-ниетіңнің бәрін өзге­лер тас-талқан етеді. Нәтижесін­де, жеке тұлғалардың басында ға­на емес, ұлттың бойында нем­құ­райдылық қарқын алып бара­ды. Бұл дерттің алдын алып, сал­дарымен түбегейлі күресу қа­жет. Өйткені немқұрайдылық – жаудан жаман.

Немқұрайдылықтан қалай құтыламыз?

Неміс әдеби тілінің негізін қа­лаушылардың бірі Мартин Лю­тер «Шыдамдылық – ең мық­ты қару, үнсіздік – айқайдан да жо­ғары, немқұрайдылық – соғыстан да қорқынышты» дейді. Бұл ойды Нобель сыйлығының иегері Аль­берт Эйнштейннің «Өмір зұлым­дықпен емес, осының барлығын кө­ріп отырған кей адамдардың селт етпеуімен қорқынышты» деп толықтырады.
Сол себепті мамандар «егер жұ­мыс жүктемесін көтере алмай жүр­сеңіз, ең дұрысы демалыс алу» дейді. Демалысыңыз неғұр­лым жағымды және көңілді өтсе, соғұрлым пайдалы болмақ.
Америкалық жазушы Ричард Бах «Егер сезімің суымасын де­сең, сүйіктіңе немқұрайды қара­ма» деген кеңес береді. Өйткені шы­дамның да шегі бар, ең кере­мет өліп-өшкен сезімнің өзі сал­ғырттыққа төтеп бере алмай­ты­нын еске салады. «Отбасыңызбен, балаларыңызбен тіл табыса алмай жатсаңыз ұнжырғаңыз түспесін. Отбасындағы кикілжің әрине көңіл суытады. Сүйген ада­мыңыздың салқындығы жа­ныңызға батып, жүректі ауыр­та­ды. Кеудені өкпеге толтырары сөз­сіз. «Бұл жағдайда сезіміңізге сел­кеу түскеніне көз жеткізсеңіз, он­да ажырасқан жөн» дейді сала мамандары.
Немқұрайдылықтың тағы бір төте жолы – өмірден түңілу, үнемі асы­ғып жүру, ұзаққа созылған күй­зеліс. Бұл күнделікті жұмыс ба­рысында әріптестермен қарым-қатынасты бұзады. Олардың жа­қын досы болмайды, жұмысқа зау­қы соқпайды. Кәсіби тұрғыда өс­пей, өз міндетін дұрыс атқаруға ын­та-ықылас танытпайды. Мұ­ның барлығы айналып келгенде қыз­меткер мен басшы ара­сын­да­ғы түсініспеушілікке ұла­са­ды. Кез келген жұмыс беруші тап­сыр­ма­ны орындамай отырған маманды басынан сипамайтыны анық. Мұндай жағдайда көңіліңізден шы­ғатын кәсіппен айналысу өзіңіз­ге де, өзгеге де тиімді бол­мақ.
Ата-ананың енжарлығы бала психологиясын жараламай қой­майды. Жақындарының жан жылуы мен мейіріміне бөлен­бе­ген перзент агрессияға бой алды­рып, ақыл-ойының дамуы теже­леді. Өскенде әке-шешесінен өт­кен немкетті болып шығады. Ба­ла тәрбиесіндегі отбасы құн­ды­лықтарының орны жоғары бол­ғандықтан, ата-аналар өз қа­рым-қатынасына мән беруі тиіс.
Жалпы саяси өмірге, қор­ша­ған ортаға, қоғамдық өмірге бей-жай қарайтындар азаматтық жауап­кершілігін өзгенің мой­ны­на арта салатындар.
«Бұл немқұрайдылық оның өмі­рін бәрібір айналып өтпейді. Ішіп-жеуді ғана ойлайтын адам­ның жан дүниесімен ғана емес, арымен де байланыс үзіледі.
Олар өзгенің бақытына, қуа­нышына ортақтаса алмайды. Бұл тұңғиықтан алып шығар жалғыз мүмкіндік – мейірім және жалғыз ауыз жылы сөз.
Ирланд драматургі Бернард Шоу­дың тұжырымынша, «күнә­нің ең ауыры – жеккөрушілік емес, немқұрайлы көзқарас. Бұл адам­дықтың шектен шыққан
же­рі».

Түйін:

Немқұрайдылық – орыс жазушысы Иван Гончаровтың «Обломов» деп аталатын романын еске салады. Оқиға желісінде бас кейіпкер Петербор қаласында тұратын Илья Обломовтың диваннан түспей, тек қиялдап жататыны баяндалады. Ол саналы түрде ешқандай қоғамдық жұмыс атқармайды, көпшілік ортаға аяқ баспайды, барлық шаруасы күндіз-түні тәтті тамақ жеу ғана. Сол себептен психологтар немқұрайдылықты заманауи тілде «Обломов синдромы»
деп атап жүр.
«Жан дүниесі дағдарысқа ұшырағандар психологиялық аурулардың көбеюіне алып келеді. Сондықтан әркім уақыт оздырмай, дауасыз дерттің салдарын сезініп, түбегейлі күрес жүргізуге тырысу қажет» дейді олар.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

3 пікір жазылған

  1. Күлмәш 27 Қазан, 2018 at 19:02 Жауап

    Мақалаңыз – тағылымды, мазмұнды, терең мәні бар, ой салатын, ой қозғайтын, қоғамдағы індетті дөп басып айтқан, көкейтесті, өзекті, ауқымы кең дүние екен. Әрине, түсіне білгенге. Жақсы мақала, сөз жоқ. Ырза болдым. Қаламыңыз мұқалмасын, айналайын!

    • Қаншайым Байдəулет 27 Қазан, 2018 at 21:45 Жауап

      Мақаламды оқып, ерінбей пікір жазғаныңыз үшін рахмет, апай! Алла разы болсын!

  2. Марат 29 Қазан, 2018 at 12:38 Жауап

    Мақалада ең өзекті қоғамдық мәселе көтерілген. Асықпай, екі қайтара оқып шықтым. Кәдімгі дауасы жоқ дертке айналды ғой немқұрайлық дейтін індет. Мемлекеттің тармақ-тармағына, қоғамның қат-қабатына жайылып кеткен. Ал оның шешімі қандай, қалай емдейміз немесе қалай емделеміз? Осы тұрғыдан келгенде, мақалада тығырықтан шығатын жолды да жақсы көрсеткен. Мен бұған мынаны қосар едім: бұл немқұрайлық деген дерт түпкі-түбінде имансыздықтан, руxаниятсыздықтан туындайды. Осыдан ғой ел кітап оқымайды. Ізденбейді. Өйткені ғибадатxаналарға бар тұра құдайынан ажыраған, кітапxаналарда талай шара өткізсе де кітаптың бетін ашпайды, театрға барса жыламайды т.б. Ештемеге селк етпейді. Ал әкім-қараларға дәл осындай қоғам керек. Оған талас жоқ. Бірақ осындай селқос қарайтын қоғамның ақыр-аяғы дүмпуға айналатындығы тағы бар. Мақала талай ойды қозғайды. Авторға мың алғыс!

Пікір жазу


*