Головкиннің бұрынғы қарсыласы «Астана Арланстың» экс-боксшысын жеңіп тастады (видео)

1412
0
Бөлісу:

28 қазан күні Астана уақытымен таңғы 9:20-да америкалық боксшы Дэниэл Джейкобс пен украиналық Сергей Деревянченко жекпе-жекке шықты. Екеуі орта салмақтағы IBF тұжырымының белдігіне таласқан болатын.

Нью-Йорктегі Madison Square Garden  аренасының кіші залында өткен басты жекпе-жекке дейін андеркартта екі кездесу болды.

Бірінші раунд қарсыластардың бір-бірін бақылап, аңдуымен өтті. Раунд соңына қарай Джейкобстың соққысы Деревянченкоға дөп тиіп, украиналық боксшы ногдаунға түсіп қалды. Бұдан кейін америкалық өршелене шабуылдаған. Бірақ Сергей дереу еңсесін тіктеп үлгерді.

Алғашқы алты раундтың қорытындысы бойынша Джейкобс 58:55 есебімен басым тұрды. Бұдан кейін де Джейкобс өзіне соққыны аз дарытып, барынша сақ жұдырықтасты. Әрі бойының биіктігі де өзіне көмек болған сияқты. Сергей қанша шабуылға шыққанымен де, америкалықтың қорғанысын бұзып-жарып өте алған жоқ. Соңғы раундта Деревянченко қарсыласын нокаутқа түсіру үшін жанталасып баққанымен, ол ұмтылысынан еш нәтиже шыққан жоқ.

Осылайша, Джейкобс кәсіпқой бокстағы 35-ші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Кәсіби мансабында ол екі рет ғана жеңіліске ұшыраған. Ал Деревянченко 13 рет кәсіпқой шаршы алаңға шығып, бүгін алғаш рет жеңіліс тапты.

Еске салсақ, IBF титулы осы жылдың маусым айында вакантты болған еді. Себебі, аталған ұйым белбеуді Головкиннен тартып алды. Бұған қазақстандық боксшының 3 тамызда міндетті үміткер Деревянченкомен жұдырықтасудан бас тартуы себеп болған.

Сергей қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Украиналық боксшы 2011, 2012 жылдары «Астана Арланс» жартылай кәсіпқой клубы сапында өнер көрсетіп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.

Ал Головкин 2017 жылдың наурыз айында Джейкобспен кездесіп, бруклиндік боксшыны ұпай санымен жеңген болатын. Бір қызығы Джейкобс сол жекпе-жек қарсаңында IBF үшін салмақ өлшеу рәсіміне қатысудан бас тартқан. Сол себепті титулға үміткер бола алған жоқ. Бірақ бұл ереженің қазір күші жойылды. Сол кездесудің алдында Деревянченко Джейкобстың сенімді спарринг-серіктесі болған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*