3 МЫҢ ТЕҢГЕ ПАРА БЕРІП, 336 700 ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕМЕК

499
0
Бөлісу:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты лауазымды тұлғаға телефон балансы түрінде сыйлық жасаған әйелге 336 700 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

А. есімді әйел Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы аумақтык инспекциясының қызметкеріне заңсыз материалдық сыйақы берген. Яғни, 2018 жылғы 3 қыркүйекте  А. Қазақстаннан тыс жерлерге карантинге жатқызылатын өнімдерді шығару туралы фитосанитарлық сертификатты рәсімдеу мақсатында Аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторының ұялы телефонына 3000 теңге баланс аударып, тексеру жүргізуді бейнеқоңырау арқылы жүргізуге өтініш жасаған. Ұсыныс мемлекеттік инспектордың ұялы телефонына «WhatsApp» мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен.

Мемлекеттік инспектор бұл оқиғаны өзінің тікелей басшысына  хабарлап,  3000 теңгені арнайы мемлекеттiк қорға жіберген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған судья  А.-ға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн 200 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік шараға тарту туралы қаулы шығарды.

Сот отырысында азаматша А. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 829-11-бабын басшылыққа ала отырып, сотталушының материалдық жағдайын, айыпталушының бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны ескеріліп, айыппұл мөлшері 30%-ға қысқартылған. Соның өзінде айыпталушы төлейтін сома 336 700 теңгені құрады.

Айдана Бегім

Бөлісу:

Пікір жазу


*