«Реал» бас бапкерін жұмыстан қуды

296
0
Бөлісу:

Мадридтік «Реал» команданың бас бапкері Хулен Лопетегиді жұмыстан босатты. Басшылық мұндай шешімді «Барселонадан» 5:1 есебімен жеңілгеннен кейін қабылдаған.

Лопетеги соңғы рет команданы «Эль-Классико» кездесуінде алаңға бастап шыққан. Алайда Лопетеги шәкірттері каталониялық командаға тойтарыс бере алмады. Сөйтіп, ел чемпионатында қатарынан үшінші рет жеңіліске ұшырады. Еске салсақ, испаниялық маман биыл жазда Зинедин Зидан қызметтен кеткеннен кейін бас бапкерлікке келген болатын. Лопетеги басшылығымен «Реал» 14 матч өткізіп, алты рет жеңіске жетіп, екі рет тең ойнап, алты рет жеңілді.

Маман осымен соңғы 4 айда екі рет қызметтен қуылып отыр. Естеріңізде болса, биыл Ресейдегі Әлем чемпионаты басталар алдында Испания футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Лопетегиді қызметінен босатып тастаған еді. Бұл шешімге Хуленнің мадридтік «Реалмен» астыртын келісімшарт жасауы себеп болған.

Енді «Реал» бас бапкерінің міндетін 42 жастағы Сантьяго Солари атқара тұрмақ. Бұл маман қазіргі таңда «Кастилья» жастар командасын жаттықтырады. Аргентина құрамасының бұрынғы ойыншысы 2000-2005 жылдары «Реалда» ойнаған. Әлемдік БАҚ Антонио Конте, Маурисио Почеттино сияқты мамандардың бас бапкер болып келуі туралы ақпарат таратып жатыр.

Испания чемпионатының 10 турынан кейін «Реал» 9 орында келе жатыр. Команда келесі кездесуін 31 қазан күні Испания кубогы аясында «Мелильеге» қарсы өткізеді.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*