Түркия тәуелсіздігі Атажұртта тойланды

458
0
Бөлісу:

29-қазан – Түркия Республикасының құрылғанына 95 жыл толды.
Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) айтулы күнге орай салтанатты қабылдау өткізіп, шараға Қазақстандағы Түркия мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан елшісі Рашад Маммадов, Моңғолия елшісі Лувсан Баттулга және дипломатиялық корпус пен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) президенті Дархан Қыдырәлі жиынды ашып, 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің қолбасшылығымен Тәуелсіздікке қол жеткізген түбі бір туыстас елді мемлекеттік мерекесімен құттықтады.
– 1925 жылы жазылған мақаласында Мұстафа Шоқай «Түркі кіндігінен тарап, түркі топырағында дүниеге келген әрбір азаматтың екі Отаны бар, біріншісі  – кіндік қаны тамған туған жері болса, екінші Отаны – Түркия» деген екен. Қазақ халқы үшін әрдайым түрік бауырларымыздың орны бөлек, Түркияның Республика күні айрықша мереке. Жақында Түркі академиясының құрылтайшы мемлекеттерінің атаулы күндері мен ұлттық мейрамдарын жоғары деңгейде атап өту туралы шешім қабылдадық. Бұл бастама жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады, – деді TWESCO президенті Дархан Қыдырәлі.


Қазақстандағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ел тарихындағы орны мен Қазақстан – Түркияның аймақтағы ең сенімді сауда-экономикалық әріптесі екеніне тоқталды. Екі ел Президенттері саяси-экономикалық қарым-қатынастардың нығая түсуін үнемі басты назарда ұстап келе жатқанын атап өтті. Түркия тәуелсіздігінің 95 жылдығы атажұртта, оның ішінде Түркі академиясында тойланып отырғаны үшін алғыс айтты.


Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мәмедов Әзербайжанның негізін қалаушы, қайраткер тұлға Гейдар Әлиевтің «Әзербайжан мен Түркия – бір халық, екі мемлекет» деген сөзін еске салды. Сондай- ақ қазіргі Президент Ильхам Әлиевтің «Түркияның жетістігі – біздің жетістігіміз. Түркияның табысы – біздің табысымыз. Түркияның проблемасы – біздің проблемамыз» деген жүрекжарды лебізімен толықтырды. Түркияның Әзербайжанға алғаш егемендікке қол жеткізген жылдары ұдайы көмек, зор қолдау көрсеткеніне ризашылық білдірді.


Қазақстан Республикасындағы Моңғолияның төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга түркі әлемінің ортақ құндылықтарына тоқтала келе, мәдени-рухани қарым-қатынастарды ары қарай дамыта түсу қажеттігін алға тартты. Осы мақсатта Түркі академиясымен атқарылған жобалар мен археологиялық қазбалар нәтижесі туралы мәлімет берді. Биылғы жазда академияның «Шивээт улаан» кешеніне жасаған экспедициясы барысында түркі дәуіріне қатысты құнды жәдігерлер табылғанын, бірлескен жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.


Ғалым, мемлекет қайраткері, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің алғашқы мүшесі Мырзатай Жолдасбеков 1991 жылы Қазақстанның Түркиядағы күндеріне және 1992 жылы Түркияның 69 жылдық мерекесіне қатысып, сол кездегі президент Тұрғыт Озалмен кездескенін әңгімелеп берді. Түрік миллионері әрі коллекционер, өнер жанашыры Рахми Коч пен Сакып Сабанжымен танысқанын, 2009 жылы Нахчыван қаласында Түркі кеңесі құрылғанда куә болғанын баяндады.
Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің қазіргі мүшесі, профессор Әділ Ахметов «түркі мемлекеттерінің басы жиі-жиі қосылып тұрса, мәденит, білім, саясат саласында ұтарымыз көп» екендігін айтып өтті.
Соңынан жиналғандар TWESCO-ның кезекті бастамасы түркі ынтамақтастығы мен ықпалдастығын арттыра түсетініне сенім білдірді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Фото: Айтжан САЛЫҚҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*