Жүрегің батыр, жағдайың не боп жатыр?

281
0
Бөлісу:

Ғафу Қайырбеков «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дейді. Мұғалім болуды армандап, жүктелген жауапкершілікті сезінген, титімдей жалақы мен жұқаратын жүйкеге қарамастан осы мамандықты таңдағандар – шын мәнінде батырлар. Бірақ жүрегі батыр деп отырғанымыз – әсте «құрығанда мұғалімдікке түсе салам» деп арам оймен келгендер емес. Жүректің қалауы, тіл ұшындағы тілек – ұстаздық. Осы жолда отымен кіріп, күлімен шығуға даяр, шымыр мамандар жайлы әңгіме. Енді сол мамандарды дұрыс дайындау сапасы да сын көтермейді. Бұл ретте жаппай жабылған пединституттардың есігін қайта ашқан жөн емес пе деген мәселенің де шеті қылтияды. Қала берді «зейнетке ерте шығарса қайтеді?» деген сауал да көкейде сарнап жатыр. Естір құлаққа айтар ауыз табылады. Мәселелерді мұғалімдердің аузынан естіген біз осында терең талқы жасағанды жөн көріп отырмыз.

Білім және ғылым министрлігінің мәлі­метінше, биыл мемлекеттік тап­сырыс көлемі 20 мың грантқа көбейген. Яғни, 2018 жылы 53 594 түлекке мемлекет есе­бінен білім алуға мүмкіндік берілді. Басым­дық тех­никалық және техноло­гиялық маман­дық­тарға беріліп, 20 439 грант сол салаға бөлінді. Одан кейін грант­тың көп бөлігі болашақ педагог­тарға – 8 167. Жара­тылыстану ғылымына 2 690, медициналық мамандықтарға 2 700 грант бөлінген. Мұғалімдікке түсе­тіндердің көп болғаны ондағы гранттың көптігіне тікелей байла­нысты. Өйткені сұраныстан түспейтін бірден-бір мамандық. Мәселен, Қазақстан­ның кез келген түкпіріне журналист дип­ломымен жұмысқа орналаса алмауыңыз мүмкін. Бірақ мұғалім не дәрігерге барлық жерде орын бар. Себебі, әр ауылда ең кемі бастауыш не негізгі мектеп бар. Көп­шілік­тің көз жұмып, осы мамандықты таңдауы­ның себебі де осы.
– Әкешім, мен театр актрисасы болғым келеді.
– Оның оқуы қайда бар?
– Алматыда, Жүргенов атындағы өнер академиясында бар.
– Қой, қызым. Ол жақта өзің қалай өмір сүресің? Бұзылып кетерсің. Одан қай­та өзіміздің жақтың колледжін оқып, мұғалімдікті бітір. Сол дұрыс.
Мұндай диалог өмірде шынымен болған. Сіздің де бірнеше мәрте естуіңіз мүмкін. Баласының қалауына тосқауыл қою бір мәселе десек, жоғарыда айтқан «кем дегенде сабақ берерсің» синдромы тағы бар. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­одағының Қызылорда облыстық ұйы­мының төрайы­мы Райкүл Байназарова мұғалім мәртебесін көтеруге қатысты бірқатар нақты ұсыныс­тар мен дәре­же­нің неліктен түскеніне қатысты себеп­терді атап өткен еді. «Қазір мұғалім мамандығына ең төменгі баллмен түсіп жатыр. Негізі, сайдың тасындай ірік­телгендер ғана түсе алатындай ету керек. Сонда ғана білім сапасы жайлы айта аламыз. Өте білімді, баланы жақсы кө­ретін, онымен психологиялық тұрғыда жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Оқу­шыларға кәсіби бағдар берер кезде, яғни 9-11 сы­ныптарда даярлауды бастап кетуіміз керек» дейді ол.
Одан қалса, ел бойынша мұғалімдерді даярлайтын институттар жабылып, уни­верситеттерге біріктірілді. Бүгінде білім сапасының көңіл көншітпеуіне бұл да әсер етіп жатыр-мыс. Жақын аймақтарға ортақ болса да, бір пединститут керек деген пікір айтылып жүр. «Мұғалімдікке дайындық сонау абитуриенттік кезден басталады. Түлектерді ұстаз болуға тарту үшін не керек? Ең алдымен, мұғалімнің өмір сүру сапасы, оның отбасына жасай алатын жағдайы, кәсіби өсуін қамта­масыз ете алуы абитуренттерді тарта­тыны анық. Осы жағ­дайда ұстаз болуға деген құштарлық пайда болады. Бір өкініштісі, қазір мектепке жұмысқа бар­ғандардың көп жағдайда балалармен қарым-қатынас жасауы қиын­дап кетті. Оған бірқатар педагогикалық инс­титуттардың жабылғаны әсер етіп отыр. Сондықтан мұғалімдерді арнайы дайын­дау үшін психологиялық және пе­даго­гикалық-практикалық сағаттар күрт төмендеп кетті. Енді соның орнын толтыру үшін кем дегенде екі облысқа бір болса да педа­гогикалық институттар ашу керек. Жалпы, мектеп пен оқушылар санын есеп­ке ала отырып, қайта ашыл­ғаны жөн. Әрине, бүгінгі таңда жоғары деңгейдегі кол­ледждер бар. Дегенмен ол бұрынғы инс­титуттай бола алмайды» дейді Байназарова.
Мұғалімдерге коммуналдық қызмет үшін берілетін өтеу еш заңнан түскен емес. Дегенмен бүгінде ол жергілікті өкілеттік органдарға жүктелген. Соған байланысты өтем әр жерде әрқалай. Кей аймақтарда тіптен төленбейді. Жалпы алғанда, тек ұстаз­дарға ғана емес, спорт қызметкерлері, дәрігерлер мен әлеу­меттік сала маманда­рына беріледі.
Бі­р­ақ республика бойынша оның кө­лемі – 9-10 мыңның шамасында. Ол де­гені­­міз – жарты тонна көмірге жет­пейді. Мә­селен, Кеңес кезіндегі заңда жазылған норма болыпты. Яғни, педа­го­ги­­калық қызметкердің пәтерінің бір шар­шы метріне 50 келі көмір, 12 келі та­мы­зық берілген. Сондай-ақ айталық Қос­та­най облысында 5 ай қыс болса, сол нор­ма­­тивке сәйкес сонша уақыт береді екен.
Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы туралы айтыла қалса, басқа елдердегі жүйе­мен салыстырамыз. Алысқа кет­пестен, Қызылорда облысы аймағындағы Ресейге қатысты мектептерді алып қа­райық. Ондағы жағдай едәуір жақсы. Осы ретте Байқоңыр мұғалімдеріне қатысты заң актісі қабылданатын түрі бар екенін де атап өту керек. Өйткені жақында Қызылорда облысына премьер-министрдің орын­басары Асқар Мамин іссапармен барды. Сол жерде Қа­зақстанға және Ресейге қарайтын мектептерде қызмет ететін ұстаздардың әлеуметтік жағдайы талқы­ланды. Көрші мемлекеттің қарамағында қызмет ететін ұстаздардың жағдайы жақсы екеніне көз жеткізген Асқар Мамин әлеу­меттік па­кет пен жалақыға қатысты өзгеріс ен­гізу туралы ұсыныс жасайтынын айтты.
Әлеуметтік жағдай десе, еске түсетін келесі мәселе – мұғалімдердің зейнетке шығуы. «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбек abai.kz сайтында жарияла­ған мақаласында «Ең бірінші орында тұр­ған – мұғалім­дердің зейнет жасы. Расында қазір білім сала­сындағы реформа, кездесіп жатқан қарама-қайшылықтар, жергілікті орган­дардың жауапсыздығы мен заңды орындамауы, «Цифрлы Қазақстан» жобасы «аясында» кіріп жатқан әсіресе kundelik.kz, яғни электронды журнал толтыру мәселесі жүйкені жұқартып жібергені рас. Мұғалім­дердің ішінде зейнет жасына жетпей, зейнетке шығып бір-екі жылдан кейін өмірден өткен ұстаздарымды көргенде (бір жағынан тағдыр шығар) ойлануға тура келеді. Сондықтан мұға­лімнің зейнет жа­сын қысқарту – кезек күттірмейтін мәселе. Мұғалімдердің барлығы зейнет жасы туралы Білім және ғылым министрлігі мұғалім мәртебесі туралы заңда қарас­тырылса дейді. Бірақ мұғалімдердің зейнет жасын қайта қарау мәселесі Қазақстан Республикасы Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау ми­нистр­­лігінің құзырында» деп көрсеткен.
Бұдан бөлек, зейнет жасын қыс­қартуға тағы бір себеп – оқу бағдар­ламасы. Бүгінде мектеп бағдар­ла­ма­сы­ның, жүйесінің жыл сайын ауы­саты­нына етіміз үйреніп кет­кендей. Өйткені жаңа оқу жылы басталғаннан жаңашылдықты жүрегіміз сезіп, ойша дайындықты жасап қоюға дағдылан­ғанбыз. Ата-ана мен бала ғана емес, ол дайындықты ұстаз да жасайды. Дегенмен білім нәрімен сусындатушы басты тұлға заман ағымына лезде ілесіп кете алмауы да мүмкін. Ай­талық, жасы келген ұстаз жас мамандар­дың маңына жолай алмаса, түсінікті жағдай. Себебі, жаңа технологиялар дәуірі – бұл. Білім сапасы көтерілсін десе, ұстаздар осы жағ­дайдың ескеріл­генін сұрайды. «Ресейдің Заңында мұ­ғалім мамандығын тартымды ету үшін мынадай амал қолданады екен. Әр бес жыл сайын айлығына 5 пайыздан қосы­лып тұрады. Он бес жыл тұрақты бір жерде істеген ұстазға, ұмытпасам, 30 пайыз үстеме беріледі. Сонымен бірге, ол жақта 25 жыл істеген педагог зейнетке шыға алады. Яғни, қалауына қарай жалғастырса да болады» дейді Райкүл Байназарова.
«Сенбіліктер – Кеңес Одағынан қалған сарқыншақ әдеттердің бірі. Ол кезде бұны ақша үнемдеу үшін жасайтын. Қазір жетпейтін ақшаның орнын жабу ма дейсің? Сонымен қатар мектептің маңайының шөбін жұлу тағы басқа қызметтер де қосылып кет­кен. Жұмыс беруші мұғаліммен жасалған келісім­шартта көр­сетілмеген жұмысқа жегуге құқығы жоқ. Сонымен қатар ол туралы ата заңымызда, білім туралы заңда көрсетілген. Енді мұғалім өзі талап етіп шыға алмаса, айтпаса кім кінәлі? Педагог қызметкерлерді өз қызметімен бай­ланысы жоқ жұмыстарға салуға тыйым салынған. Мереке (демалыс) күндері ке­зек­­шілік қою да заңға томпақ келеді. Қойыл­ған адамға қосымша ақша төлену ке­рек немесе басқа күндер есебінен де­ма­лыс берілуі керек. Бұдан кейінгі мәселе – қағазбастылық. Министрлік қағазбасты­лық азаяды десе де, жаңар­тылған маз­­мұндағы білім беру рефор­масы қағазды азай­та алмай отыр. Бұрынғыдан екі есе­ленді десек те бо­лады. Сабақ сайынғы формативті баға­лау, бөлімдік жиынтық бағалау, тоқ­сандық жиынтық бағалау тағы басқа­лары қағазды көбейте түспесе, азайтқан жоқ. Әзірге мұғалімдер интернетте НЗМ дайын­даған осы дүниелерді тапсырып жүр. Интернеттен мұғалімдер ғана емес оқу­шылар да алуды үйренді. Жиынтық баға­лауды әр мұғалім негізі өзі де жа­сауына болады. Бірақ уақыттың тап­шылығы қолбайлау болып тұрғаны. kundelik.kz сайты арқылы толтырылатын электронды журнал мәселесі тағы бар. Кейбір жерлер екеуін де толтырып отыр. Бұл жобаны тікелей мұғалім қалтасын қағуға келген бе дерсің? Шет аудан тұр­мақ, қаланың іргесінде тұрып интернет шешілмеген жерлер бар. Ғаламтор іздеп сабылған мұғалім. Кейбірі қалта теле­фонынан кіріп, кейбірі басқа жақтан әріптестерін көмекке шақыруға мәжбүр. Оның үстіне рейтинг қуалайды. Неге мұғалім күнделікке кіргісі кел­мейтін ата-ана мен оқушының (жағдайы келмеуі де мүмкін) орнына кіруі керек? Электронды күнделікке кірмейтін ата-ана үшін журналға түсіндірме жазуы керек? Бұрыннан айтып келеміз, алды­мен мектептердің жағдайын жасау керек. Өгіздің мұрнын жұдырықпен тескенді қою қажет. Қазір мектептерде бес күндік жұмыс аптасы. Мұғалімдер үшін – алты күндік жұмыс аптасы. Заң не дейді? Ұстаздардың ақша төленіп отырған уақыты – 18 сағат. Аптасына 40 сағат жұмыс уақыты делік. 18 сағат астрано­миялық сағатқа толмайды. Осы уа­қыт­тың ішіне мұғалімнің мектепте жүрген уақыты, (үзіліс) жиналыстарға қатысуы, дәптер тексеру, шараларға қа­тысуы, үйде сабаққа дайындалғаны, түннің ортасына дейін ұйқы көрмей электронды жур­налды толтыруы – барлығы осы 40 сағаттың ішіне кіреді. Сонда мұғалімнің жұмыс уақыты 40 сағаттан асып кетеді. Директорлар болса сенбі күні де мұғалім­дердің мектепте жүргенін қалайды. 5 күн­дік сабақ деп 8 сағат сабақты 5 күнде «қыл­қынып» өткеннен гөрі 6 күн өткен әл­­де­­қайда жеңіл. Сондықтан мектеп дирек­тор­лары да ойлануы керек. Білім және ғылым министрлігі де ойланар» деп көптеген мәселелерді тізіп шығып, көптің көкейіндегі дүниелерді атап өтті Мейіржан Темірбек.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, шешімін таппай жүрген тағы бір мәселе – колледж оқыту­шыларына өтемақы төленбеуі. Қазақ­стан­дық салалық білім және ғылым қыз­мет­керлері кәсіподағы мүшелері осыны заң тұрғысынан қарастыру керек дейді. «Мұғалім талапқа сәйкес жоғары көрсет­кішке ие болып жатса, төленсе екен дейміз. Екіншісі – мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар туралы. Яғни, балабақшалар, өнер мек­тептері, колледж­дер. Осы мекеме қыз­меткерлеріне еңбекке жарамсыз парақ (больничный – авт.) өз пайдасынан деп жазылған. Оларға декрет­тік демалыс алу да қиын. Мұны да реттеу қажет» дейді олар.
«Білім және ғылым министрлігі мектеп­терді әкімдіктерден бөліп алса деген ұсыныс та жиі көтеріліп жүр. Министрлік барлығын әкімдікке ысыра салып отырмас еді. Әкімдік те мектепке қарап тегін жұмыс­шы іздеп «ұлымас» еді. Сонымен қатар биылдан бастап мектеп директор­ларын сайлау бастамасы да көтеріліп жатыр. Дұрыс, дегенмен мектеп директо­рын мұғалімдерге сай­лату керек. Мұғалім сайлаған директор әкімдерден гөрі мұғалім­дердің жағ­дайын ойлайды» дейді «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлес­ті­гінің төрағасы.
UIB университетінің президенті Дархан Ахмед-Заки біздің «Айқын» газетіне берген сұхбатында «Ұстаз­дардың да «ҰБТ» тапсыруы қажет» деген ой айтқан еді. Ол: «Педа­гоги­калық мамандықтарда оқып жат­қандардың бәріне заңды тұрғыдан 3 жыл көлемінде ұстаз болып қызмет атқару міндеттелген. Осы талапты орын­даған соң, қалаға келуді мақсат етері де анық. Қысқамерзімді біліктілікті арттыру курстары жыл бойы үздіксіз болып тұруы қажет. Елімізде 7500 мектеп, миллионға жуық ұстаз бар. Солар кезең-кезеңімен, 200-дей ма­маннан біліктілікті арттыру курсын оқитын болса, бес жылда бәрін қамтуға болады. Басқа жолы жоқ. Былтыр «Педагог. Кәсіби стандарт» жобасына қатыстым. Соның шеңберінде жақсы идея­лар туындады. Яғни, ұлттық квалифика­циялық тест алу жоспарда бар. Бітірушілер де, сабақ берушілер де ҰБТ сияқты ұлттық деңгейде сынақ тапсырады. Сонда қай мектептің қай деңгейде, нешінші орында екені анықталады. Нәтижеге байланысты классификациялық дәрежесі өсіп отырады. Егер шалғай ауылда сабақ беретін ұстаз тесттен жоғары балл алса, оған жоғары категория беріледі. Сәйкесінше, жалақысы өседі» деген еді. Осы мәселеге қатысты ұстаздардың ойы да сан-саққа бөлінді. Мейіржан Темірбек «Тестпен мұғалімнің дәрежесін өл­шейтіндей мұғалім – ақпарат тасы­мал­даушы емес, ол – оқытушы. Көрін­ген­нің жобасында, құжатында көр­се­тілген дүниені білуге міндетті емес. Әркімнің өз әдіснамасы, негізге алып отырған ақпарат көздері бар. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі, өзінің істеп жүрген жұмыс­тарын, өз методикасын дәлелдеуі керек. Сондықтан білікті тестпен өлшеген дұрыс емес. Қазіргі заманда ақпарат күнде өзгереді. Кез келген ақпаратты әркім әр жерден ала-алады. Мұғалімнен террабайттық флешка жасағанды доғаратын уақыт жетті» дейді.
Республикалық QAZBILIM орталы­ғының директоры Аятжан Ахметжан болса, бұл – кәсіби біліктілікті тексерудің ең дұрыс формасы деген пікірде. Газетімізге берген сұхбатында ол: «Елі­міздегі білім сапасы жоғары бұрынғы қазақ-түрік ли­цейі, қазіргі Білім-ин­новация лицейле­рінде мұғалімдерді аттестациялау бұрыннан қалыптасқан. Соның арқасында, бұл мектептер білікті де білімді мұғалімдерді ғана іріктеп алады. Осылайша, сапалы кадр қалып­тасады. Сондықтан да бұл дүние бізге керек. Мұғалімнің екі бағыты: пәндік және әдістемелік білімдері сараланады. Тест стандартты білім деңгейін тексереді. Жоғары білімдік не олимпиадалық білім деңгейі емес. Мектепте жұмыс істеп жүрген мұғалім тесттен қиналмайды. Біздегі тағы бір жеңілдік – оны тапсыру еркіндігінде. Тест тапсырып, өз білік­тілігін көрсеткен ұстаз жалақысына қосымша ақша қосы­лады. Бұл – өте орынды. Кез келген уақыт­та білікті де білімді маманның жалақысы жоғары болуы керек. Бәсекелестік болмаса, білім саласы дамымайды. Жасыратыны жоқ, мектепте кітапханашы болып жүріп, сырттай мұғалімдікті оқып алған мұғалім­дер де бар. Өмірін білімге арна­ған мұғалім­нің жалақысы мен кеше ғана кітапханашы болған мұғалімнің жала­қысы бірдей бол­мауы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде мұндай тестілеу бізге қажет. Тестілеуде назар ау­дарт­қан мәселе – дипломында екі пән болса, екеуінен де тест тапсырту орындау­шы­лардың қа­телігі. Себебі, кез келген кате­гория бір пәнге ғана беріледі. Дипло­мында «Мате­матика және физика» деп тұрса да, мұғалім бір пәнді ғана тапсырып, категорияны сол бойынша алады. Осы мәселелер заңды нормамен жетілдірілу керек. Мектепте екі пәннен сабақ беріп жүр­ген мұғалім әр пәннен жеке-жеке тап­сыруы қажет. Ұйымдастыру жағында көңі­лі­ме қаяу түсірген бір мәселе бар. Теле­грамм, уатсап мессенджерлерінде көмек сұраған әріптестеріміз жетерлік. Бұл – тестілеу әділетсіз өтіп жатқанын көрсетсе керек. Ұйымдастырудағы кемшіліктер жүре келе түзеледі деп сенемін» деген болатын.

Тақырыптың тоқетері:

Көптен бері жазылып, айтылып жүрген мәселелердің легі жақын арада шешілмесе, толастайтын түрі жоқ. Елбасымыздың «Мұғалім мәртебесіне қатысты заң қабылдау керек» дегенін естіп, ұстаздардың көзінде үміт оты пайда болды. Темірді қызған кезінде соғып, түйткілдер ретімен шешілсе дейміз. Өз жайында өзінен өзге кім жақсы айтады? Сол себепті, ұстаздардың тіл ұшындағы тілектерін тізіп шығуды жөн көрдік. Мұғалімнің мұң-зары азаяр күн таяу. Осылай деп сендіріп жатыр. Іс жүзінде «түйе сойғанда көрген қуырдақтың көкесіндей» боп шықпаса болғаны.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*