МИЛЛИОНЫНШЫ ҚОНАҚ

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келген миллионыншы қонақты күтіп алды. Өңір басшысы мұхиттың ар жағынан – АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан Яссауи кесенесін көруге келген ерлі-зайыпты Уильям және Барбара Брэнчтерді қазақтың қонақжай салтымен қарсы алып, шапан кигізіп, қолына қамшы ұстатып, тайқазан сыйлады. Туристерді өңірдегі туризмді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Кездесуде Уильям Брэнч елімізге алғаш келіп отырғанын, жалпы Америка азаматтары Орталық Азия елдері ішінде Түркістанға жиі келетінін жеткізді.
«Түркістан – Орталық Азия мемлекеттері ішіндегі тарихы бай, киелі мекендердің бірі. Біздің ел азаматтары осы қасиетті қалаға жиі келеді. Түркістан қаласы мен Яссауидің тарихынан хабардармыз. Қазақстанға, Түркістан өңіріне келгелі қазақ халқының қонақжайлығы мен дарқан көңіліне куә болып жүрміз. АҚШ-қа барғаннан кейін ондағы отандастарымызға осы құндылықтарыңызды жеткіземіз», – деді Уильям Брэнч.
– Сіздерді қасиетті қаламыздың миллионыншы турисі атануларыңызбен құттықтаймын. Бұл – біз үшін қуаныш. Мәселен, дәл бүгін Түркістан қаласына келушілер саны 1 млн адамға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 57,2 пайызға артып отыр. Сонымен қатар өңірде туризмді дамыту үшін жүйелі бағдарламалар даярладық. Алдағы уақытта келушілер саны тағы арта түседі деп жоспарлап отырмыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
2018 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа келушілер саны 65,4 мың адамға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,7 пайызға артқан. Бұдан өзге, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі биылғы жылдың алты айында 543,7 млн теңгеге жетіп, өсу қарқыны 16,8 пайызға өскен.
Сондай-ақ Қазақстанның туристификациялау картасының республикалық маңызы бар ТОП-10 нысанына облыстан «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы енгізілген.
Тельман БЕЙСЕН