Түркістанның жаңалықтары жаһанға тарайды

444
9
Бөлісу:

Жуық жылдарда Түркістан қаласының аумағы 25 мың гектарға жетіп, Еуразиядағы заманауи шаһарлардың біріне айналмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында табиғат аясындағы ерекше форматта өткен көшпелі баспасөз конференциясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Сол күні Түркістан қаласында TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK атты халықаралық журналистер форумы өтті. Сондай-ақ TÚRKІSTAN MEDIA халықаралық орталығы мен TÚRKІSTAN интеллектуалды клубы ашылды. Тағы бір жағымды жаңалық, форум аясында ақпараттық сала бойынша бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшілерімен әріптестік орнату мақсатында меморандумға қол қойылды. Яғни, Түркістанның жаңалықтары түркі тілдес елдерге де тарайтын болады.

Алдымен облыс әкімі Ж.Түймебаев ашық аспан астындағы музейлердің бірі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тап алдында, табиғат аясында ерекше фор­мат­та Орталық коммуникациялар қыз­метінің көшпелі баспасөз конферен­циясын тікелей эфирде өткізді. Бри­фингке елі­міз­бен қатар Түркия, Әзір­байжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты. Атап айтқанда, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Шәмшиддин Патте­ев, «Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейіт­мамыт, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, Tengrinews.kz порталының бас директоры Сұңқар Қа­рабалин, «Жас қазақ» газетінің бас ре­дакторы Срайыл Смайыл, «ҚазАқпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі Қа­ламқас Әбуова, «ЗАҢ» медиа-кор­по­ра­ция» ЖШС бас директоры Қонысбек Досымбек, Түркиялық TRT телеком­па­ниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Афшар, Қырғыз­станның «Кабар» ұлттық ақпарат агент­ті­гінің ІТ департаментінің директоры Кал­нур Жаныбаев, Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қа­зақстан­дағы өкілі Физули Мажиди және Татарстанның «Татар-информ» халық­аралық ақпарат агенттігі бас дирек­торының орынбасары Рамис Латипов бар.
Баспасөз конференциясында облыс бас­шысы Түркістан облысының эконо­ми­калық дамуы мен жүзеге асып жатқан жұмыстары жайлы баяндай келе, алдағы атқарылар жоспарларды жеткізді.
Түркістан облысында өңір көшін өрге сүйреп тұрған саланың бірі – ауылша­руа­шылығы. Өткен 9 ай ішінде өңір еңбек­керлері 374 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл – өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Облыста өнеркәсіп саласының да желкенін жел кере баста­ғаны байқалады. Атап айтқанда, 9 айда өңірдегі 300-ден астам кәсіпорында 324 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Нәтижесінде, тамақ өнімдерін өндіру – 8, жеңіл өнеркәсіп – 28, химия өнеркәсібі 3,5 пайызға артқан.
Қаланың аумағы 25 мың гектарға ұлғаятынын айтқан облыс басшысы: «Биыл Түркістан қаласында 700 гектарға жуық аумақта әкімшілік-іскерлік орта­лы­ғының құрылысын жүргізу үшін жобалау және зерттеу жұмыстары бас­талып кетті. Жоспарға сәйкес, Түркістан қаласы 3 бағытта дамиды. Олар –тарихи киелі аймақ, құрылыс салуды реттеу аймағы және әкімшілік-іскерлік орталығы.
Сонымен қатар, Елбасы тапсырма­сы­мен еліміздегі ірі компаниялар Түркістан қаласына 16 нысан салып береді деп күтілуде. Еліміздегі облыстар мен респуб­ликалық маңызы бар қала әкімдіктері де бір-бір нысанның құры­лысын жүргізетін болады. Ал халқының саны 2050 жылға дейін 500 мыңға жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар 1380 гектар аумақта орналасқан экономикалық аймақта өндіріс орындары ашылады» деді.
Облыс әкімі ел Президенті Н.Назар­баевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс са­пасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.
Әкімнің айтуынша, облыстағы кәсіп­орын басшылары Елбасының Жолда­уындағы ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін қолдайтынын білдіріп, өз ұсы­ныстарын жеткізген. Әкімдік тара­пынан облыс аумағындағы 9798 кәсіп­орында жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәти­жесінде, бүгінгі таңда 88 кәсіпорында жалақыны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру келісіліп отыр.
Жансейіт Қансейітұлы журналистер мен басқа да келген қонақтардың қойған сауалдарына жауап берді. Брифингтен соң келген қонақтардың қатысуымен кесене іргесіндегі ғимаратта TÚ RKІSTAN MEDIA халықаралық орталығы мен
TÚ RKІSTAN интеллектуалды клубы ашылды. Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтардың жұ­мы­сына сәттілік тілеп, бұл қадам Түркістанның түркі әлемінің рухани әрі ақпараттық орталығына айналуына серпін беретінін жеткізді.
Медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор же­лісімен толықтай қамтылған. Мұнда Түркістан облысының өңірлік коммун­и­кациялар қызметі, Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың студент­терінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. 70 адамға лайық­тал­ған залы бар. Медиаорталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілде­рінде ақпарат таратылады. Сонымен қатар Қазақстан мемлекетімен Түркістан облысы туралы ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталық­тың қызметін ақысыз пайдалана алады. Осы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туристік әлеуеті жоғарылап, инвестициялық тартымды­лығы артады деген сенім бар.
Ал TÚ RKІSTAN интеллектуалды клу­бында түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізіліп тұрады. Еліміздің интеллектуалды тұлға­лары клубтың отырысына арнайы шақыртылып, түрлі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салады. Бұл кез­десулер телеарналар мен әлеуметтік желілерде арнайы бағ­дарлама ретінде көрсетіледі.
Одан кейін бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшісі меморандумға қол қойды. Осы құжат негізінде Түркия, Әзірбайжан, Өз­бекстан, Татарстан және Қырғызстанның жетекші ақпарат құралдары мен Түркістан облыстық Ішкі саясат басқар­масы ара­сында әріптестік орнатылды. Атап айтсақ, Түркияның TRT телекомпа­ниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдул­хамит Авшар мен Түркістан облыстық Ішкі саясат бас­қармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ депар­та­ментінің директоры Калнур Жаныбаевпен, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латиповпен және әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақ­стандағы өкілі Фузули Мажидимен де меморандум жасалды. Осы меморандум арқылы еліміз бен Түркістан облысы туралы жаңалықтар түркі тілдес елдерге түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз және орыс тілдерінде жаңадан ашылған
TÚ RKISTAN MEDIA халықаралық орта­лығы арқылы таратылады. Бұл жұмыс­тар­ды жүргізуге Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-да оқитын түркі тілдес елдердің студент­тері ерікті түрде атсалысады. Мемо­рандумға қол қойған шетелдік БАҚ жетек­шілері мен өкілдері Түркістанның туризм және түркі әлемінің орталығына ай­на­латынына сенім білдіріп, ақпараттық қол­дау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Келесі сәтте қалалық Мәдениет үйінде TÚ RKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃIS­TIK атты халықаралық журналистер форумы өтті.
Форумның мақсаты – Түркістан облысының басты брендін қалып­тастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-да та­рату және өзге мемлекеттермен ақпарат­тық салада ынтымақтастықты арттыру. Соны­мен қатар өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен баста­маларды жүйелеу де көзделген.
Форумды ашқан Жансейіт Түймебаев: «Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеар­налары мен басылымдарының бас­шыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналис­тиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тың­дауға әзірміз. Бүгінде облыс орта­лы­ғына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденіс­терге жетелейді деп сенемін. Тәжі­рибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді.
Облыс басшысы шетелдік мей­мандарға марапаттар тапсырды. Форумда қазақ­стандық және шетелдік БАҚ өкілдері журналистиканы дамыту, Түр­кіс­танды гүлдендіру бағытындағы пікірлері мен ойларын айтты. Түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құрал­дарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ.

Тельман БЕЙСЕНОВ

Бөлісу:

9 пікір жазылған

  1. Тимур 12 Қараша, 2018 at 19:23 Жауап

    Түркістан облысы кәзіргі Қазақстанда потенциалы мықты өңір болып табылады. Өзім болсам жастарына қатты қызығам

  2. Мурат 12 Қараша, 2018 at 19:23 Жауап

    Түркістан біздің еліміздің рухани байлығы. Қаншама тарих жатыр бір өңірде. Қаншама тұлға жатыр.

  3. Абылай 12 Қараша, 2018 at 19:24 Жауап

    Түркістан жастары деп бастамашыл жастар бас қосқан болатын осы облыста. Жарайсыздар. Бастамаларына тек сәттілік.

  4. Даурен 12 Қараша, 2018 at 19:24 Жауап

    Ең жас облыс. Өзі көне болғаныменде. Міне парадокс! Жастарының мойынында үлкен абырой бар, соны адалдықпен сақтау керек

  5. Әлібек 12 Қараша, 2018 at 19:25 Жауап

    Дін саласында, тарихымызда, рухани байлығымыз бойынша үлкен орын алатын Түркістан. Жастарымен жұмыс жасау керек алдымен.

  6. Тимур 12 Қараша, 2018 at 19:25 Жауап

    Туркестан, город полон истории и духа казахского народа. Хорошо , что ее развитию уделено такое пристальное внимание

  7. Мурат 12 Қараша, 2018 at 19:25 Жауап

    Еліміздің Туизм саласын дамытуға мықты үлес қосатын өңірлеріміздің бірі осы Түркістан болып табылады.

  8. Абылай 12 Қараша, 2018 at 19:26 Жауап

    Реально это регион, который вносит нереальный вклад в развитие всего туризма страны. Нужно развивать в правильном направлении

  9. Даурен 12 Қараша, 2018 at 19:26 Жауап

    Нужно, галвное, сохранить историческую ценность данного региона. Вот ее первостепенная значимость.

Пікір жазу


*