ОТАНДЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙЕДІ

447
0
Бөлісу:

Қазіргі таңда Елбасы, партия Төрағасының тапсыр­масына байланысты партия қызметін жаңғырту жұ­мыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Көптеген жаңа жобалар қолға алынып, игі істер жүзеге асырылуда. Сондай-ақ осыған дейін тиімділігін дәлелдеген кейбір бастамалар да жаңаша сипат алып, жандана түсті. Со­лардың бірі – NurOtanTalks жобасы. Кеше аталған еркін ой алаңында қазақстандық мәдениеттің аясын кеңейту мәселесі кеңінен сөз болды. Іс-шараға қатысушылар «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет: биік белестер» тақырыбында әңгіме өрбітіп, өз ойларымен бөлісті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы қатысып, отандық мәдениеттің маңызы мен мәніне тоқталды.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қа­зақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға
тиіспіз», – деп айрықша атап өткен болатын. Осылайша, Мем­лекет басшысы әлем Қазақстанды табиғи байлы­ғымен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымен ғана емес, мәдени жетістіктерімен де тануы керектігін меңзеді.
Бұл дегеніңіз – үлкен қажыр-қайрат пен ауқымды жұмысты қажет ететін іргелі іс. Соның ішінде ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің ең үздік туындыларын таңдап алып, оларды шетелдерде жан-жақты таныс­тырып, қазақы құндылықтардың аясын кеңейтудің берері мол. Одан бөлек, аударма ісін жандандырып, өзіміздің мәдени құндылықтарымыз – кітаптарымызды, пьесаларымызды, ескерткіштерімізді, көркемсурет пен ән өнеріндегі асыл туындыларымызды, ғылыми жаңа­лықтарымызды және басқа да мәдени мұрамызды арнайы әдіс-тәсілдер арқылы әлемге танытудың да маңызы зор. Елбасы аталған мақаласында осындай игі бастамалардың нәтижесінде мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлық­тарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтініне ерекше назар аударған болатын.
Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары отандық мәдениетті әлем­дік аренаға шығару арқылы оған деген көзқарас пен түсінікті тағы бір жаңа қырынан өзгертуге болатынын айтты. Мұның ұлттық құндылықтарымызға ең алдымен өзіміздің сұранысымызды арттыруға жол ашатын маңызды қадам екені сөзсіз.
– Бүгінде отандық мәдениетті әлемдік деңгейге шығару мәселесі стратегиялық маңызға ие. Себебі, кез келген елдің әлемдік қауымдастықтағы рөлін анықтай­тын басымдықтардың бірі оның жаһандық мәдениетке қосқан үлесіне байланысты. Сондықтан да, Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында осы мәселеге ерекше назар ау­да­рып, бұл салада арнайы жобаны жүзеге асыруды тап­сырған болатын. Яғни, әлемге тек табиғи бай­лық­­та­рымызбен немесе сыртқы саясаттағы ірі баста­мала­рымызбен ғана емес, мәдениеттегі жетістік­терімізбен де танылуды алдымызға мақсат етіп қойды. Ол үшін біз Қазақстанмен бірге бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие болатын өнер туындыларын жазуға, шы­ғаруға жағдай жасауымыз керек. Сол арқылы әлемдік мәдениеттің дамуына өзіндік үлесімізді қоса аламыз. Қазірдің өзінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқа­рылуда. Мәселен, қаламгерлеріміздің туындылары басқа тілдерге аударылып, әртістеріміз әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндік алып жатыр. Осының барлығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының нақты жемісі екені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінгі іс-шараға қатысушылардың бағындырған биіктеріне назар аударып, олардың бәрі қазақстандық кино, музыка, жалпы өнердің дамуына үл­кен үлестерін қосып жүрген, осы салада өзіндік көзқа­расын қалыптастырған қайраткерлер екенін айтты. Сондықтан олардың қазақстандық мәдениеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнердің көкжиегін қалай кеңейтуге болатынын өте жақсы білетіні сөзсіз.
Көтерілген тақырып жайында өз пікірін білдір­гендердің арасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» (2017) жобасының жеңімпазы Арман Жүдебаев, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша жеңімпазы, белгілі актриса Самал Еслямова, Нью-Йорк киноакаде­миясының (MFA) түлегі, халықаралық және республи­калық кинофестивальдердің лауреаты, режиссер, сценарист, актер, документалист Диас Әзімжан және TSE Art Destination арт-алаңы мен Artios креативті агенттігінің негізін қалаушы, өнертанушы, «Нұр әлем» Қазақстан ұлттық павильонындағы қазіргі заманғы өнер жиынтығы мен Astana Art Show халықаралық көрмесінің кураторы Дина Байтасова болды. Олар осы мәселеде өз ойларын ашық айтып, ұтымды ұсыныстарын жолдады.
Арман Жүдебаев негізінен симфониялық оркестр мен қазақ ұлттық оркестрі арасындағы күй айтысын ұйымдастыру арқылы көпке танылған өнер қайраткері. Сондықтан да ол әлемдік мәдениетке үлес қосу үшін осы бағытты одан ары жандандырып, ұлттық өнерді дамыту керектігін айтты.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз жаңғырмаса, ешқандай жаңғыру бол­майтынын қадап айтқан еді. Сондықтан біз ұлттық өнерімізді дәріптеуге аса мән беруіміз керек. Соның ішінде күй өнерін кеңінен насихаттап, оны тиісті деңгейде дәріптей алсақ, әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесіміз болары сөзсіз. Себебі, күй – тек қазақ халқына ғана тән өнер. Оны ары қарай жаңғыртып, жандандыруға үлес қосу бізге абыройлы міндет болуы тиіс. Қазіргі таңда халық бұл өнерге шөлдеп, сусап отыр. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын алғаш рет ұйым­дастырылған симфониялық оркестр мен қазақ ұлттық оркестрінің күй айтысы өте үлкен әсермен қабылданды. Шетелде де өнерсүйер қауым мұндай айтыс түріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Сондықтан
осы саланы одан ары дамытудың берері мол деп есептеймін, – дейді Арман Жүдебаев.
Өз кезегінде әлемге танымал кино актрисасы Самал Еслямова қазақтың дәстүрлі әні мен күйі ешқандай әлемдік өнер туындыларынан кем еместігін айтты.
– Шетелде көп жүрген қазақ ретінде ұлттық өне­ріміздің, соның ішінде дәстүрлі әніміз бен күйіміздің музыка саласындағы әлемдік шедеврлерден еш кем еместігін айтқым келеді. Кейде алыста жүріп, туған еліңді, Отаныңды, ауылыңды аңсайсың. Сондай кез­дерде дәстүрлі әндеріміз бен күйлеріміз жанға үлкен демеу болатынын байқадым. Тіпті қазақ тіліндегі әрбір сөзден қуат алып, рақат табамын. Сол себепті, біз мәдениет саласында әлемдік деңгейге көтерілу үшін өзіміздің ұлттық болмысымызбен, бояуымызбен, асыл құндылықтарымызбен шығуымыз керек. Өйткені олардың барлығы сұранысқа ие. Тек насихаттаудың ұтымды жолын тауып, соны жүйелі жолға қоя білсек болғаны, – деген Самал Еслямова осы жолда еңбектенуден ешқашан жалықпау керектігін айтты.

Арман ЖҮДЕБАЕВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:

–Елбасымыздың «Бола­шаққа бағдар: ру­хани жаң­ғыру» атты бағдар­лама­сында мына­дай керемет сөз бар: «Егер біздің ұлт­тық мәде­ниетіміз бен өнеріміз жаңғыр­майтын болса, ешқандай жаңғыру болмайды». Біздің ұлттық мәдениетімізге не кіреді: күй, ән, музыка, тіл мен діл. Ұлттық мәдениетті жаң­ғыртуға барша қазақстандық болып жұмыла кірісуіміз керек. Мәселен, күйді алайық. Күй – қазаққа ғана тән дүние. Күйді де жаңғыртуымыз керек. Ол бір адамның ғана міндеті болуы тиіс емес. Барша қазақ бірігіп, күй өнерін жаңғыртсақ, құба-құп. Күйшілерде күй тартыс деген бар. Әншілер әнмен сайысады. Ақындар қара сөзбен тартысады. 2012 жылы симфониялық оркестр мен халық оркестрін бірге жарыстырып көрейікші деген ой келді. Бұл ойды жүзеге асыру оңай болған жоқ. Ол үшін тынбай еңбек еттік. «Табыстың кілті – еңбекте». Қандай жақсы дүние болмасын, маңдай термен, еңбекпен келеді. Біздің бұл идеямызды көпшілік жылы қабылдады. Әлеуметтік желілерде ең көп тарал­ғаны да – осы жоба. Неге сәтті шықты деп ойлайсыз, ол – күйдің құдіретінде. Күйдің өзі – үлкен симфония. Дәулеткерейдің «Жігерін» алайық. Оны қазір халыққа жаңаша жеткізу үшін заманауи өңдеу қажет. Халық оркестрімен кез келген шығарманы орындауға болады. Симфо­ниялық оркестрмен де күй орындауға болатынын дәлелдедік. Демек, бәрі өз қолымызда.

Диас ӘЗІМЖАН,
режиссер, Нью-Йорк кино академиясының түлегі:

– Бәріміз бала кезі­мізде арман жетегінде жүр­дік. Өсе келе, «ойлаға­нымды қалай жүзеге асы­ра­мын?», «мақ­сатыма жетуге не түрткі?» деген сауалдарға жауап іздеп, әлек болдым. Бала кезімде комикс сыза бастадым. Бұл мені киноға жетеледі. Бугалтерлік мамандық менің салам емес екенін түсіндім. Егер әлі де өз жолыңызды таппасаңыз, бала кезіңізге қайта оралыңыз. Сіз нені арман­дадыңыз? Соған қол жеткізуге әлі де кеш емес. Бастысы, алға ұмтылыңыз! Жаңа мүмкіндіктерге жол ашыңыз.
Осылайша, кино әлеміне жол аштым. Бастап­қыда көкейімде «кеш емес па?» деген сұрақ тұрды. Артынша, өз жолым екенін ұғындым. Негізі, кино сізге көп көмектеседі. Интеллекті, IQ-ді көтеруге көмек береді. Сіз кино арқылы екінші рет өмір сүргендей боласыз. Сіздің жұмысыңыз бар, үйіңіз бар, бәрі жақсы сияқты көрінеді. Бірақ бірдеңе жетіспей тұрған секілді ме? Міне, сіз өзіңізді іздеуге тырысыңыз. Жастар, бос кеңістікте өмір сүруді тоқтатыңдар. Өздеріңе керегін іздеңдер. Сонда ғана келешек кемелдене түседі.

Самал ЕСЛЯМОВА,
актриса:

– Бала кезімнен жу­р­­налист болуды арман­­дадым. Айна­ның алдында тұрып, өзімді диктор секілді сезінетінмін. Мек­теп­ті бітір­геннен соң, тест тапсырдық. Бланкіні бояуда қателік жіберіп, ойымдағы баллды жинай алмадым. Әкем болса, жігерімді жа­нып, «сенің қолың­нан келеді» деп актерлік шеберлік курсына жіберді. Басында күмән болды, соңынан өзі­ме деген сенім оянды. Мәскеуге оқуға бар­дым, өзімді сан қырымнан сынап көрдім. «Сіз сияқты жетістікке жету үшін не керек?» деп сұрақ қойып жатады. Алдымен, тынымсыз еңбек ету керек. Өзіңе сену қажет. Мықты ден­саулық керек. Бірде, «Айканың» түсірі­лімінде қар аралас жаңбыр жауып тұрды. Күн суық, біз әлі түсірілімдеміз. Сонда «артқа шегінбе, тек алға» деп өзімді қамшыладым. «Қазақстан сізге не берді?» деп сұрайды. Қазақстан – менің Отаным. Білім алуыма, үлкен өмірге қанат қағуыма жәрдем­десті. Мен үшін Қазақстан әкем сияқты. Өсірді, жеткізді, оқы деп қолыма ақша ұстат­ты. Қалғаны – өз мойнымда. Ары қарай биік­терге талпынуым қажетін түсіндім. Сол мақ­сат­пен алға ұмтылып келемін. Шетте жүр­ге­німде елді сағынған сәттерде күй тың­дай­­мын. Қазақтың күйінде ерекше құдірет бар.

Дина БАЙТАСОВА,
TSE Art Destination орталығының негізін қалаушы, өнертанушы:

– Сарбонада білім алдым. 11 жыл Па­риж­де тұрдым. 2013 жылы Ларан Лима, Динара Дүй­себаевамен бірге «Қазақстанның заманауи мәдениеті» атты қоғамдастық құрдық. Қазақстанның мәде­ниетін шетелде танытсақ деген мақсат бізді біріктірді. Шетел­діктер де қазақ мәдениетін қабылдай бастады. Астанадағы «Нұр-әлем» павильо­нын Динарамен бірігіп жасадық. EXPO-дағы ең қаралымы көп павильон атан­ды. Жылдан-жылға табысқа жетіп келеміз. Көрерменіміз де көбейген. Даму жолымызды бағдарлаушы бар. Екі жылдан бері арт-орталық аштым. Мұның бәрі ел иглігі үшін жасалып жатқан шаралар. Қазір орталық қанатын кеңге жайған. Шетелде жүрген қандастарымыздың суреттерін қоямыз. Шетелдік өнертанушыларды елге шақы­ра­мыз. Сондағы мақсатымыз – мәдени алмасудың жүзеге асқаны. Елімізді әлем танып, халқымыз өнертануға бет бұрса деген ой.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*