Бала мен ит ойнап жүр, бір аулада…

194
0
Бөлісу:

«Айқынның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшілер қосынына Тараз қала­сының іргесіндегі Байзақ ауданы, Байзақ ауылының тұрғындары хабарласып, дабыл қақты. Мәселенің мәні мынада… Ауыл іргесіндегі 200-ден астам итті асырап-бағып отырған «Ақтөс» питомнигінің жанынан 300 балаға арнап мектеп соғылған. Анау-мынау емес, екі жүзге жуық итті ұстап отырған питомниктің жанынан білім мекемесі бой көтеріпті. Бұл қалай болғаны? Балаларды мектепке жіберіп отырған ата-аналар үшін енді екі есе алаңдаудың күйі туған.

Қаңғыбас иттің аты – қаңғыбас. Аудан басшылығы халықтың мұң-зарына құлақ аспай отырған көрінеді. Болмаса осыдан үш жыл бұрын 3 қыркүйекте рес­публикалық «Астана» арнасы дәл осы ауылдағы ит қора жайлы арнайы сюжет жасаған. Онда аталмыш арнаның Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл «Қаңғыбас иттер төрт түлікке шабуда. Жамбыл облысы Байзақ ауылының халқы «иттерден көресіні көріп келеміз» деп ашынады. Айтуларынша, ауыл іргесіндегі «Ақтөс» қорының тө­бет­тері көшеде емін-еркін жүреді. Жай жүрмейді, ауылдықтардың еккен егі­нін таптап, жайылымдағы малына шаба­ды екен. «Құтырған төбеттер тіпті қорым­дар­ды қазудан да тайынбайды» деп күйінеді ауыл халқы. Осыдан 3 жыл бұрын құрылған «Ақтөс» иесіз жануарларды қорғау қоры қаңғыбас иттерді панасына алып, асырап-бағады екен. Алайда қоғамдық ұйымның бұл игі ісі тұрғындарға аса жайлы тиіп жат­паған сыңайлы. Ауыл халқы ең алдымен иттерді бетімен жіберген иесіне наразы. Олар төбеттердің төрт түлікке қасқырдай шабуды жиілеткенінен шошып отыр. Күнкөріс көзі малынан бір айрылған халық, биыл азын-аулақ бау-бақшасынан бір түйір де жеміс алмаған. «Иттер таптап тастады» деп ашынады. Көше толы иттің нәжісі қолқаны қауып, тынысты тарылтады деп бір дабыл қаққан еді. Оған құлақ түрмеген жергілікті әкімдік енді тура сол питомниктің жанынан мектеп салып беріп отыр. Жалпы, мектеп құрылысына қатысты да дау көп. 2017 жылдың 1-сәуірінде басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың 31-шілдесінде аяқталуы керек болған. Алайда құрылыс жұмыстары кешіктірілгенге ұқсайды. Себебі, бізге жеткен мәлімет бойынша мектеп оқу жылына дайын болмаса да, жұмысын бастап кеткен. Дайын емесіне бір ғана мысал: оқу жылының алғашқы тоқсаны аяқталуға жақын қалған қазан айының басында информатика кабинетінің едені енді сырланып жатыр, компьютерлер ор­на­тылмаған. Ал 5-6 сыныптардың са­бақ кестесінде информатика пәні ап­та­­сына 2 реттен өтетіні жазылып тұр. Қағаз жүзінде солай шығар. Іс жүзіндегі жағ­дай әлгіндей. Алайда біз цифрлы Қа­­зақстанды қалыптастырамыз деп ұрандатып жүрміз. Қалай дегенде де, біз үшін бастысы – балалар қауіпсіздігі. Қазір мектеп ауласында балалар иттермен бірге ойнап жүр. «Ит құтырмасын» деп тілейік. Себебі, құтырма ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, дүние жүзінде жыл сайын құ­тыр­ма ауруынан 55 мың адам көз жұ­­ма­ды. Ауырған 55 мың адамның 99 пайы­­зы­ның жұқтыру көздері – ит. Соңғы 3 жылда елімізде 19 адам құтырмамен ауырып, қайтыс болған. Байзақ ауылының тұрғыны Аманкелді Дәуімшаров әлгі «Ақтөс» питомнигіндегі иттер қоршаудың астынан шы­ғып кетіп, үш қозысын жеп қой­ға­нын айтады. Малға да, адамға да тиіп жат­қанына қынжылады. Болғын Есір­кепова бақ­шасындағы азғантай өнімін таптап кеткен иттердің кесірінен еш өнім ала ал­май отырғанын тілге тиек етті. «Түнімен ұйқы жоқ. Улап-шулап, үрген, ұлыған иттен қора-жайылымды қорып жүрміз» дейді Болғын Есіркепова.

Ерман Әбдиев,

Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*