Әр композитор «Құрандай» дүние қалдырғысы келеді

292
0
Бөлісу:

Адам жаны жасандылықтан шаршап, көңілі құлазыған сәтте табиғи дүниені қалап, аңсары ауады. Жалаң аяқ, жалаң бас тау-тасты кезгеннен күш алатынымыз да содан. Өнер де сол сияқты – өтіріктен гөрі жанды дүниенің бәсі жоғары тұрады. Эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен тек қана жанды дауыста ән шырқалатын кеш өтетінін естігенде, елеңдедік. Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Жеңіс Сейдоллаұлы шығармашылық кешін тарту етті. 

Сазгермен дайындықтың қызған кезінде, жұмыс процесінің ортасында сұхбаттастық. Qazaqstan орталық концерт залында үлкен дайындық өтіп жатыр екен. Біраз әнші бірнеше дубль жасап, кеште орындайтын әндерін пысықтап жатыр. Жеңіс Сейдоллаұлы уақыт бөліп, сұхбатқа келісті. «Ән естілмейтін тыныш жерге баралық. Әйтпесе, ойым сол жаққа бөлініп кете береді» деді. Сол толқыныстан-ақ болар кештің маңызын сезгендей болдық. Көпжылдық тәжірибесі бар, шығармашылығы толысқан әнші-сазгердің түйдек-түйдек ойларын топтастырып беріп отырмыз.
*****
Кейде менен «Осы сіздің қанша әніңіз бар?» деп сұрап жатады. «Шамамен 50 шақты болуы керек» деп жауап беремін. Мұны көп не аз деуге келмейді. Енді бір композиторлардың 100 туындысы болады. Шынында сан қумаймын. Сапа маңыздырақ. Кезінде училищеде оқытушыларымыз солай үйреткен. Талап қандай болса, одан шығатын нәтиже де сондай болмақ. Бұрын сабақта шаршап не ештеңеге зауқым соқпай тұрғанын байқаған ұстаздарым демалыс беретін. Одан қалса, сенің жағдайыңды сұрап тұрады. Ауылдан алыс кетіп, үлкен қалаға қадам басқан балаға әке-шешесіндей қамқор болған жаннан жақын кім болсын? Бүгінде сапасыз дүниелер неге көбейіп кетті? Өйткені ұстаз бен шәкірттің арасындағы байланыс алыстады. Күйбең тіршіліктің қамымен қазіргі оқытушылар қосымша жұмыс істеп, сабағына жүрдім-бардым қарайды. Олай етпейін десе, әлеуметтік жағдайын жасамаса тағы болмайды. Сапасы төмен нәрсенің дәмі жоқ, су татиды.
*****
Әншілердің жаппай жанды дауысқа көшпеуіне қатысты 50/50 тұжырым бар. Ең алдымен аппаратураның сапасыз екені қол байлау болып отыр. Нашар болғаны сонша, фонограммаңды қосып алып, айта салғың келеді. Ондай өз тәжірибемде де болған. Өмір бойы тек жанды дауыспен ғана айтып келдім дей алмаймын. Бірақ мен – фонограммаға дейінгі музыкантпын. Мейрамхана, филармонияларда талай жыл істеген адаммын. Ол жерлерде плюспен айту деген жоқ. Сапалы аппаратура алу керек. Бұрын мемлекеттік сатып алуға қатысты заң болды. Сол кезде ең арзан бағаны кім ұсынса, соның заты алынды. Қытай, Ресей, Өзбекстан сынды аппарат шығармайтын елдер арзан баға ұсынатын. Сапалы дүние Германия, Америка, Англия сынды елдерде бар. Бағасы соған сәйкес қымбат. Бүгінде ол заңға өзгерістер енгізіп жатыр. Бәрі реттеледі деп ойлаймын.
*****
Болам деген адам іздену керек. Көп нәрсені тыңдаған дұрыс, бірақ соның ішінен іріктеп ала білу маңызды. Іріктеген соң, оны сол күйі ұрлап алмай, өз тарапыңнан тың дүние қосу қажет.
*****
Халықтың кез келген кейіпте жақсы көре беретін әншілері болады. Ол мейлі фонограммамен айтсын, мейлі жанды дауыста болсын – тыңдай береді. Тыңдарманы оның шыққанына-ақ риза. Фанат дегенде, тек жастар емес, жасы үлкен аға-апаларымыздың өзі сүйіп тыңдайтын талай таланттар бар. Ол – феномен. Мысалы, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар, Димаш Құдайберген сынды әншілердің жұрт ізінен ереді. Мұндай тенденция шетелде жарты ғасыр бұрын басталған. Қазақстан бәрін бастан кешу керек: фонограммамен айту, плагиат – басқасын да.
*****
Маркетинг, менеджмент деген бар. Осының бәріне баса мән бермесе болмайды. Әнді өңдеп, аранжировкасын жасауда да тың нәрсе керек. Егер ғаламдық дәрежеде көтерілеміз десек, шетелдің қай жерде мықты екенін байқауымыз қажет. Анықтап алған соң, әніміздің әрлеуін соған лайықтасақ. Өйткені өзгелермен тереземіз тең тұрсын десек, оларды тыңдауымыз керек. Шетелді эстрадалық музыка бойынша зауыт не фабрика деп қарастырсақ, біз – кішігірім цехпыз. Өмір бойы өзге елдің түрлі музыкаларын тыңдаумен келемін. Өзіміздікін де ұмытпаймын. Сөйтіп екеуін салыстыра келе, үйлесім іздеймін. Рок-н-ролл, регги, соул сынды стильдерді елге алып келуім осындай процестің нәтижесінде болған.
*****
Аранжировка жасаушы маманға көп нәрсе байланысты. Дайын луптарға (дыбыстық ілмек – авт.) сүйенбей, өзі жаңа дүние шығаруы керек. Ойлап табу үшін көбірек оқып, ізденбесе болмайды.
*****
Мыңның ішінде біреу ғана оқымай-ақ талант болып шығуы мүмкін. Бірақ кәсіби білім алар болса, жағдай басқаша болады. Өйткені гармониялық қулықтарды игеріп шығады. Кезінде аранжировка жасағанда бәрін таңғалдырғам. «Мұны қалай жасадың?» деп сұ­рай­тын. Ол сұрақтың жауабы – із­де­ніс. Шығармашылық тоқтаған жер­де шоу-бизнес басталады. Сол шоу-бизнеске кірмес бұрын шығар­машылықпен айналысып алған жөн.
*****
Әндерімнің сөзін Ибрагим Иса, Әбдірахман Асылбек, Серікбай Оспанов, Шөмішбай Сариев, Исраил Сапарбай сынды мықтылар жазды. Атынан ат үркитін адамдар. Бұл кісілердің жақсы дүние шы­ғаратынына сенем. Қара сөзбен құрастырылған емес, мәні бар ән болғанын қалаймын. Оны айтқанда да ұялмайсың. Марат Сақатовтың «Айналайын-ай, ару қалам-ай, Сайрандап біз жүрміз бірге тойлап, Алматым, өзіңдеміз» дегені қандай әдемі суреттелген?! Әбдірахман Асылбек «Астана көгінде мен де, Астана көгінде сен де. Ән айтып егемен елге, қалықтай берейік» дейді. Осындай сөзді мен шығара алмас едім. Соны білген соң әннің сөзін ақындарға тапсырамын. Әркім өзінің ісімен айналысуы керек.
*****
Стиль деген бар. Әндерімді қайсыбір әншіге тапсырмас бұрын оның стиліне мән беремін. Регги бағытындағы ән шығарсам, оны орындайтын адам сол стильді көп тыңдаған, жақсы көретін болуы керек. Мысалы Мадина Сәдуақасова орындайтын «Сезім қайда» деген әнім бар. «Мөп-мөлдір еді-ау, мөп-мөлдір» деген сөзінің өзі босанова стилінде айтылады. Ритмі, ырғағы соған келіп тұр. Оны Мадина жақсы жеткізетіндей болып көрінді. Стильді қалыпқа салудың ұлт үшін зияны жоқ.
*****
Шығармашылық пен басшы­лықтың айырмасы – жер мен көктей. Бірақ бұл жерде басқа саланы не ұйымды емес, өзім істеген, өзім жүрген мекемені басқарып отырмын. Әр әншінің ішіндегісін білемін. Сондықтан ұжымды ұйыту қиынға соқпайды. Болашақта фонограмманы қолданбас үшін алдыңғы толқын аға ретінде жол көрсетуіміз керек. Басшылыққа келудегі мақсатым да – осы. Біз осыны бастауымыз керек. Одан кейін аймақтағы ұжымдар да қолға ала бастар еді. Өзіме «Біз осы кімді алдап жүрміз?» деген сұрақты жиі қоямын. Соған жауапты ісіммен көрсеткім келеді.
*****
Тойдан қашпауымыз керек. Ол – халықтың қазынасы. Тойда Біржан сал да, Ақан сері де ән салған. Сол тойдың сәнін Күләш Байсейітова да, Роза Бағланова да келтірген. Сол жерде көрсеткен жақсы бет-бейнеңізді сахнада да көрсетуге болады. Тойда халыққа ұнағаныңыз – болашақта концертіңізге келетін адамды жинағаныңыз. Тек қай жерде қандай ән айту керегін білсеңіз болғаны. Кей ән тойда өтпегенімен, сахнаны жандырады. Сол сияқты керісінше де болады. Айталық, үлкен мереке болып жатыр. Сол сахнаға шыққанда тұрған не бар? Дәл сондай жерде Алла Пугачева, Пласидо Доминго, Стинг, Элтон Джон, Бейонсе – бәрі айтқан. Ешқандай айырмашылығы жоқ. Той не басқа деп бөліп қажет емес. Біз – енді-енді өсіп келе жатқан елміз. Сондықтан бір-біріміздің етегімізден тартқаннан не табамыз? Қай жерде болсын кәсіби деңгейіңді көрсете білу ғана маңызды. Сол өнер көрсеткен жеріңіздің бәрі – сахна.
*****
Ойымда жүрген мәселе көп. Соның бірі – музыкалық білім беретін мекемелерге қатысты. Ондағы оқытушылардың жағдайы дұрыс жасалса екен деп ойлаймын. Әлеуметтік жағдайы жақсарса деймін. Өйткені ұстаздың ойында шәкіртіне неғұрлым тездетіп білім беріп, кетіп қалу тұратын болса, сапа болмайды. Қазір жағдай сондай, бірнеше жерде істеп, тірнектеп табыс табуға мәжбүр. Сондықтан көп жағдайда баланы ойламай жатады. Егер материалдық мәселелер жолға қойылса, шәкіртіне ден қояр еді. Білетін дүниесінің бәрін балаға берер еді. Сонда ғана ұстаздан озғандар шығады. Одан кейін оқу процесін дұрыстау қажет. Әр класқа жағдай жасалып, жақсы пианино, жақсы домбыра тұрғаны жөн.
*****
Адам баласы білім беруде де, білім алуда да асықпағаны жөн. Әу бастан айтып отырған сапа осыдан шығады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы әдемі үйлесім, байланыстың маңызы ерекше.
*****
Талантты композиторлар бар. Аз емес. Тек әр әнге шедевр ретінде қараудың қажеті жоқ. Шетелде радиодан әніңіз бір ай бойы беріліп, бірінші орынды ұстап тұрса, ол әншіге үлкен байлық әкеледі. Ол жақта бұл мәселе жақсылап жолға қойылған. Бірақ сол ән алты айдан кейін ұмытылып кетеді. Мысалы, Eagles тобының «Отель Калифорния» деген әні бар. 1976 жылы сол ән Еуропа ра­диосынан үшінші орын алған. Бірақ елдің есінде. Керісінше, бірінші және екін­ші орындағы әнді бүгінде көп адам біле бермейді. Хит деген сондай дүние –
біраз уақыт айтылып, тың­далады. Кейін көп әннің ішіне жұтылып кете барады. Жоғарыда айтқан ән жарты ғасыр өтсе де, тыңдарман жүрегінен орын алған. Ол – әннің де, әншінің де бағы. Ондай шедеврлар аз. Әр композиторды жазушы ретінде алып қарасақ, «Құран» сияқты кітап жазғысы келеді. Яғни әркімнің үйінде тұратын, құрметтеп, ұмытылмайтын дүние тудырсам дейді. Ол арман кейде орындалса, кейде жүзеге аспайды. Оған ренжіп те керек емес. Өйткені бүгінде шоу-бизнестің заңдылығы сондай. Әннің ғұмыры бір күндік болуы мүмкін. Ол да – бір көбелек.
*****
Жадыңызда тұрып қалатын әндер болады. Оны көп адам білмеуі де мүмкін. Бірақ сіз үшін ол ән ерекше. Мысалы, «Сәулем-айды» он адам біліп, мың адам білмеуі ғажап емес. Әннің көп болғаны дұрыс. Әркім өзіне жақынын тыңдап, таңдап алады. «Шаттығымның бастауын сенен көрдім, сенен көрсем қалайша төмендермін. Енді, сәулем, бәрі де әділетсіз, бізді бақсыз, бақытсыз дегендердің. Асыл жарым, жайнаған жасыл бағым» деген ән үнемі жүрегімнің түкпірінде тұрады. Демек, әркімнің өз әні болады. Талғам тұрғысында талас болмайды.
*****
Бүгінде пиардың ағы да, қарасы да бар. Кей адамдарға майдай жағады. Заманымның басқа болғанына, ол кезеңнен өтіп кеткеніме қуанам. Біздің кезімізде пиар деген дүние болмады. Қазір жағдай басқа. Кейбірі нәпақасын солай тауып жүр. Енді біріне танымал болу бақыты сол жолмен келеді. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсыз.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Сазгер сөз арасында «Концертімде мастер-класс көрсеткім келеді. Жанды дауыста ән айтуды трендке айналдыру керек. Сең сөйтіп-сөйтіп қозғалады» деп қалды. Кештен шыққан соң әнші меңзеген мақсат орындалып келе жатқанын сездік. Сахнаға шығар алдындағы жауапкершілікті сезінген әншілердің орындауы да күндегіден өзгеше. Ет үйренген Роза Рымбаева, Жеңіс Ысқақова, Нағима Есқалиеваның жөні әлбетте бөлек. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Жүрек соғысы мен дүрсілі, дауыстың дірілі де ерекше. Өйткені бәрі жанды дауыста. Мұндай кештер керек-ақ. Көбейсін. Тілек сол ғана.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*