Мұнай өңдеуде нені ескерген жөн?

206
0
Бөлісу:

Өңдеу өнеркәсібіне мән беру керегін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі назарда ұстап келеді. Мемлекеттік «Индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол» бағдарламаларындағы қайталанатын әрі басым бағыттың бірі осы – өңдеу саласы. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 млрд теңге бөліп беруді тапсырды. Ал Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлетін болады. Ол ақша отандық өнімдерді шығару жобаларына жұмсалады. Отандық өнім өндіру дегенде көз алдымызға не келеді? Алдағы уақытта қандай өнім өндіруге мән беруіміз керек? Рас, ел бюджетінің бүйірі негізінен шикізаттық, әсіресе мұнай-газды экспорт жасаумен толып келеді. Ал осы мұнай өнімдерін өңдеу жайы қалай? Оған қаншалықты көңіл бөліп келеміз? 

Мұнай-газ өндіру – ел эконо­ми­касының негізгі саласы­ның бірі екеніне дау жоқ. Мұнай өндіру көлемі жыл өткен сайын артуда. Сонымен қатар бұл қарқын мұнай өңдеу өнеркәсібінің де бойына қан жү­гіруіне себеп болуда. Энер­­гетика министрі Қанат Бозым­баев бір әңгімесінде биыл елі­міз­де мұнай өңдеу көлемі 1,1 миллион тоннаға артып, 16 мил­­лион тоннаны құрайтынын айт­қан. Министр мырза бұл әңгі­мені бекерге қозғап отырған жоқ. Алдағы уақытта мұнай өң­деу зауыттарында жөндеу жұ­мыстарын жүргізудің жаңа тәртібі енгізілмек. Егер бұрын зауыттарда жылда қалпына келтіру шаралары 45 күн болса, қазір 20 күнге қысқарды. Күрделі жөн­деу жұмыстары үш жылда бір рет қолға алынбақ. Осылайша, өнім көлемі 300 мың тоннаға артып, сапасы жоғарылайды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшевройл» жа­уап­­­к­ершілігі шектеулі серік­тес­тігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада «Мұнай мен газ бағасының құбылмалығына және балама технологиялардың дамуына байланысты мұнай мен газды кең көлемде қайта өңдеу мә­селесі туындайды. Қазақ­­стан да бұл мәселеге мүдде­лі­лік танытып отыр. Үкімет ком­па­ния­мен бірлесе отырып, қайта өң­деу кәсіпорындарын салу мәселесін қарастыруға және бұл жөнінде баяндауға тиіс. Қайта өңдеу саласында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірін­ші кезекте тұр.
Биыл 16 миллион тонна мұнай өңдеу жоспары бар екенін айттық. Бұл ішкі нарықты отандық бен­зин және дизель отынымен 90 пайыз, әуе керосинімен 70 пайыз қам­тамасыз етуге мүмкіндік бер­мек. Үстіміздегі жылдың екін­ші жартысында еліміздегі мұ­най өңдеу зауыттарындағы күрделі жөндеу жұмыстары толы­ғымен аяқталып, зауыттар толық қуат­та жұмыс істеуге көше­ді. Өт­кен жылы Павлодар мен Аты­рау мұ­най өңдеу зауыт­тары жаң­ғы­ру­дан өтсе, биыл Шым­кент мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде.
Сертификациядан кейін бен­зин, дизель отыны және әуе керосині бойынша импорт­қа тәуел­діліктен біршама ары­лып, отан­дық нарық мұнай өнім­дері­мен қамтамасыз етіледі. Мұнайды өндіру деңгейі 63 пайыз­дан 83 пайызға көтеріледі. Эко­логиялық талапқа жауап бере­тін К4, К5 сапасындағы өнім­дер шығарылады. Жанар-жағар­май өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігі артады.
Дамыған елдерде мұнай-газ химиясы саласындағы бір доллар табыс экономикаға 2-3 доллар пайда әкеледі екен. Ал әр жаңа жұмыс орны экономикада 7 жаңа жұмыс орнын ашуға әсер етеді. Халықаралық сарапшылар 2030 жылы мұнай-газ химиясы өнімін тұтыну 2 триллион долларға жете­ді деп болжап отыр. Зерттеу бойын­ша мұнай химиясы өнді­рісі мен шикізаттарды терең өң­деу құрылымдарын салудың эко­номикалық тұрғыдан тиім­ді­лігі бірінші кезекте олардың басқа өнеркәсіп салаларының дамуына мүмкіндік береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көмірсутегі секторын одан ары дамытуды, шетелдік және жер­гілікті инвесторларды тар­ту­ды экономиканы әр­та­рап­­тан­дырумен тікелей бай­ла­ныс­тыру және жаңа келешегі мол өндірістер құру жөніндегі аса маңыз­ды міндеттерді мұнай химия­сы саласында шешу қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Мұнай химиясы – өте ау­қым­ды сала. Біз сондықтан осы саланы дамыту арқылы ел эко­номкикасын жаңа дең­­гейге көтеруге болатынын әңгі­ме өзегіне айналдырғымыз келді. Қазіргі таңда бүкіл әлем мұнай өңдеу, әсіресе, осы мұнай химиясы саласына ерекше ден қойып отыр. Зерттеу бойынша қазірдің өзінде мұнай мен мұнай өнімдерін сату көлеміне қара­ған­да, мұнай химиясы өнім­дерінің көлемі айтарлықтай жоғары. Осыған қарап болашақта мұнай химиясы өнімдерінің әлем­дік нарығы мұнай мен мұнай өнім­дері нарығына қарағанда жыл­дамырақ дамитынын аңға­ру­ға болады. 2020 жылға дейін пластмасса өндірудің жылдық қарқыны 5 пайыз деңгейінде күтілуде, полиэфирлік талшық­тар – 6 пайыз. АҚШ-тың Энергетикалық ақпараттық агент­­т­ігінің болжамы бойынша мұнай­ға деген сұраныс жылына 1,7 пайызды құрайды. Соның ішінде дамыған елдерде – жылына 1 пайыз шамасында.
Егер еліміз 2020 жылға қа­рай пластмассаны қолдану дең­гейі бойынша әлемдегі орта­ша көрсеткішке жететін бол­са, онда пластмасса нарығы бо­йын­ша жылына 170 мың тон­на полиэтилен, 85 мың тонна полипропилен, 84 мың тонна по­лис­трол қажет болады. Отан­­дық «Пластикалық мас­са­лар зауыты» ЖШС пен «Полипропилен зауы­ты» ЖШС-нің қуаттылығын шикізатпен қамтамасыз ету проб­лемалары шешілсе, бұл көр­сет­кішке қол жеткізуге болады екен.
– Қазақстанда бюджетке қар­жы құятын сала химия өн­дірісі, оның ішінде мұнай хи­мия­сы және металлургия. Ел бюд­жетінің 78 пайызын мұнай, 10 пайызын металлургия сала­сы береді, қалғанын ауыл шаруа­шылығы, басқа өндірістер мен бизнес құрайды. Сондықтан экономиканы әртараптандырып, көптеген шағын және орта биз­нес орындарын ашу керек, – дейді академик Мұрат Жұрынов. – Қазақстан жылына шамамен 86 миллион тонна мұнай өндірсе, оның 16 миллион тоннасы ғана елімізде өңделеді. Бұл өте аз көрсеткіш. Мұнайды шикізат күйінде сатуға әбден дағдыланып алғанбыз. Өзімізде мол мұнай қоры бола тұра, Ресей, Өзбекстаннан ылғи бензин сатып аламыз. Бұл дұрыс емес. Тіпті ұят тірлік. Алдағы уақытта мұнайды 20-25 миллион тонна өңдеу керек. Сонда ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, артылған бензинді басқа мемлекеттерге сатуға болады. Сондай жағдайға жетуге тиіспіз. Бізде Павлодар, Атырау және Шымкентте үш қана мұнай өңдейтін зауыт бар. Бұл зауыттардың мұнай шығаратын мүмкіндігі осы күнге дейін 12-14 миллион тонна болып келді. Енді 16 миллион тонна береміз деп жатса, ол мүмкін, өйткені бұл зауыттарда қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілді. Бірақ одан шыққан бензин еліміздің ішкі сұранысына жетпейді. Егер 20 миллион тоннадан асса, өзімізді өзіміз бензинмен қамтамасыз еткен болар едік. Артығын сырт­қа экспорт жасауға болады. Ол экономикамызға көбірек пайда түсірер еді. Өйткені бензиннің бағасы шикі мұнайдан әлдеқайда жоғары. Тауар ретінде шет мемлекеттерге ұсыну керек.
Егер ел экономикасы осы қалпында болса, қазіргі өнді­ріп жатқан мұнай өнімдері ішкі нарыққа жетіп қалуы да мүм­кін. Мәліметтерге сәйкес, ел эко­номикасы күннен күнге да­мып, өндіріс өсіп келеді. Біз­дің мақ­сатымыз да осы – алд­ағы уақытта өндірісімізді өсі­ріп, экономиканы көтеру. Халық саны да көбейіп келеді. Сон­дық­­тан тапшылық болмауы үшін өн­ді­рістің өсетін есебін алдын ала ойлау керек.
– Бізде тағы да бір үлкен мұнай өңдеу зауытын салу жос­пары­мызда бар. Оның өндірістік қуаты қазіргі үш зауыттың қуат­ты­лығын қосқанда бірдей бо­луы керек еді. Өкінішке қа­рай, жаңа зауыт құрылысы әлі басталмай, жоба күйінде тұр. Егер мұнайды шыққан күйінше сата берсек, біздің экономикамыз еш уақытта өспейді. Әртараптандыру бол­май­ды. Бұл дұрыс емес, – деп жал­ғады әңгімесін академик. – Мұнай химиясы саласынан бар­лық органикалық затты өн­­діруімізге болады. Бұрын Ақтауда, Атырауда полиэтилен шы­ғаратын, полипропиленді өң­деу зауыттары болатын. Сол зауыттарды қайтадан іске қосу керек. Жаңа технологияларды енгізіп, пластмассаны көбірек шығаруға тиіспіз. Бүгінде пласт­мас­са құрылыста, басқа да жер­лер­де көптеп қолданылады. Бұрын тұрғын үйге суды темір құбыр арқылы тартатын. Уақыт өте келе оның тозығы жетіп, ауыс­тыруға тура келетін және бұл қаншама жұмыс әрі шығын болатын. Егер оның орнына поли­мерлі құбыр қойсақ, ол 50-70 жыл жұмыс жасар еді. Ыдыс-аяқ, басқа да түрлі бұйым­­дардың бәрін полимерлік мате­риал­дардан жасауға болады. Бұлар – күнделікті тұрмыстық қажеттілік. Қазір пластмасса материалдардың көптеген түрі шықты. Тіпті кейбірінің мықты­лы­ғы металмен бірдей. Сол себеп­ті пластмасса бұйымдарды көптеп өндіруге тиіспіз. Мұнай қолымызда тұрып соны істемек, онда не болғаны? Экономиканы әртараптандыру деген мұнайды терең өңдеу арқылы көптеген өнімдер шығару мен жұмыс орын­дарын ашу. Бұл – әрбір отба­сына келетін табыс, айлық, түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын көтеру деген сөз.
Мұнай-химиясы саласын дамыту арқылы экономиканың басқа салаларының да дамуына үлкен жол ашуға болады. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ол біздің де қолымыздан келеді. Академик Мұрат Жұрынұлының айтуынша, ғалымдарымыздың мұнай-химия саласында жаңа тех­нологиялар ойлап табу­ға бі­лім деңгейі жетеді. Инже­нер­­ле­ріміздің мүмкіндігі бар. Аме­ри­ка мен Еуропаның алдыңғы қатарлы технологиясы бар зауыттары мұнайды 95 пайызға дейін, ал біздің зауыттар 65-70 пайыз ғана өңдейді екен. Жаңа технология енгізіп, жаңа зауыттар салу керек. Мұнай қаншалықты терең өңделсе, соншалықты құн­ды заттар алуға болады. Ол сатыл­са – қосымша табыс. Сол себеп­ті ғылымға, инновация мен жаңа технологияны енгізуге кө­­ңіл бөлу керек. Өндірістің жаңа түрлері ашылса ғана ғы­­лым дамиды. Ғылым мен өндіріс – егіз ұғым. Мұнайды жердің астынан бұрғылап алып сата бергеннен экономика да, ғылым да дамымайды. Ғылым дамығанда экономика дамиды. Сондықтан ғылым мен өндірістің дамуын негізге ала отырып, мұнай өңдеу саласын көтеруге бет бұратын кез келді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*