ҚҰРЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫ ҚАЗАНЫ

197
0
Бөлісу:

Дүниежүзіндегі ірі банктердің, сақтандыру компаниялары мен басқа да қаржы институттарының кеңселері ең көп шоғырланған қаланың бірі – Лондон. Осыған орай, жаһан жұртшылығы Ұлыбританияның бас қаласын халықаралық сауда-саттық пен коммерцияның әлемдік орталығына, құрлықтың қаржы қазанына балайды. Тұманды Альбионның астанасы осындай абыройлы атаққа тарихи тұрғыдан қалыптасқан жағдайлардың және нақты іс-шаралардың арқасында қол жеткізді. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрып, шетел инвесторларын көптеп тартуды көздеп отырған Қазақстан үшін Лондон сияқты ірі қаржы орталығының тәжірибесін зерделеу өзекті мәселе екені анық.

Бизнес әлемінде Лондонмен қатар Гонконг, Нью-Йорк, Бейжің, Сидней, Сингапур, Токио, Торонто, Шанхай, Цюрих қалаларының да орны ерекше. Бірақ бұл шаһарлар Лондон сияқты бірнеше ғасырлық мол тәжірибе жинақтай қойған жоқ. Олардың басым көпшілігі қаржы орталығы ретінде ХХ ғасыр­да ғана мойындалды.
Лондон қаласының ортасында, Темза өзенінің жағасында орна­лас­қан әрі бірнеше зәулім ғимараттары бар көркем квартал дүниежүзінің бизнес әлеміне Сити (The City of London) деген атпен белгілі. Оны «Шаршы миль» (The Square Mile) деп те атайды. Бұл – Лондон қала­сының әкімшілік-аумақтық бө­ліктерінің бірі. Дәл осы жерді әлем жұртшылығы жаһандық эко­но­миканы басқаратын орта­лық­тың бірі санайды.

Табыстың тоғыз тоғысы

Лондонның қаржы орталығы ретінде қалыптасып, халықаралық деңгейде мойындалуына бірнеше фактор әсер етті.
Біріншіден, Британ империя­сы­ның орта ғасырлардан бастау алған халықаралық саясаттағы үстем­дігі көптеген елмен сауда бай­ланыстарын нығайтуға сеп­ті­­гін тигізді. Төрткүл дүние­нің түк­пірінде ағылшын колониялары пайда болды. Тұманды Альбион­ға бағынышты елдерден сауда кер­­уендері ағылып келе баста­ды. Нәтижесінде, Лондон ірі сау­да­гер­лер бас қосып, уағдалас­тық­қа келетін орын ретінде көпшілікке танылды. Бұған теңіз саудасының қыза түскені де зор ықпал етті.
Екіншіден, ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лар­дағы өнеркәсіптік революция Ұлыбританияның қаржылық және экономикалық негізін бекемдеп, өсіп-өркендеуіне жол ашты. Өңдеу өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, темір­жол құрылысы, байланыс саласы қарқынды дамып, ірі компаниялар құрыла бастады. Олар өз бизнесін кеңейтіп, қосымша капи­тал тар­ту мақсатымен Лон­дон­дағы қор биржасына жүгінетін болды. Әйгілі британдық Ост-Инд компа­­ниясының әлемдік нарықта үстем­дік етуі осы кезеңге сай келеді.
Үшіншіден, Ұлыбританиядағы ішкі саяси тұрақтылық эконо­ми­калық өсім мен қаржы қыз­мет­те­рінің дамуына зор мүмкіндік ту­ғызды. Бизнес үшін қауіпсіздік пен қоғамдағы тұрақтылық маңыз­ды талаптың бірі екені белгілі. Сірә, осы қағидатты жақсы түсін­ген болуы керек, ағылшындар ше­т­ел­дік инвесторлар мен кәсіп­­керлерге қаржы қызметін ілге­рі­ле­ту мақсатымен қолайлы жағдай қалыптастыра білді.
Төртіншіден, Лондонның қар­жы нарығы еркін айналымда болуы­мен ерекшеленеді. Үкімет қаржы қызметіне қатысушыларға қатаң бақылау орнатқан жоқ. Сол арқылы бизнес өкілдерінің ашық әрі кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Бизнеске салмақ салмаудың ел экономикасы үшін маңызды екенін ағылшындар ерте ұғынған сияқты.
Бесіншіден, Лондонда әуелден банктердің қызметі жақсы ұйым­дас­тырылып, ірі инвесторлар бұлар­ға сенім артып, шетелден мол капитал тартылды. ХVІІ ғасырдың соңында Лондонда екі бірдей банк (Bank of England, 1694 ж. және Bank of Barclays, 1690 ж.) ашылды. Сондықтан шаһар әлемнің белді қаржыгерлері жиналатын мекенге айналды. Бүгінде бұл қалада бүкіл әлем­ге танымал көптеген халық­ара­лық банктердің штаб-пәтерлері орналасқан.
Алтыншыдан, Ұлыбританияның білім және ғылым жүйесінің жақсы дамуы білікті әрі бәсекеге қабілетті кадр­лардың шоғырлануына жағ­дай жасады. Бизнес әлемі үшін өз ісін жетік меңгерген маман табу – аса маңызды міндет. Бұл тұр­ғыда Лон­донда бизнес ашқан кәсіп­керлер кадр тапшылығын сезіне қойған жоқ.
Жетіншіден, ағылшын тілінің ма­ңызы зор болды. Ағылшын тілі халықаралық сауда мен биз­нес, дип­ломатиялық қарым-қаты­нас тіліне айналып, оның қол­да­нылу аясы кеңейді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс тілі ретінде ағылшын тілінің және ағылшын құқығының таңдап алынуы – соған дәлел.
Сегізіншіден, Лондон уақыт бел­деуі тұрғысынан ұтымды жер­де орналасқан. Токиодағы қор биржасы кешке қарай жұмысын аяқ­тап, Нью-Йорк биржасы ашыл­ғанға дейін біршама уақыт өтеді. Сол кезде Лондон қор бир­жасы жұмыс істеп тұрады. Азия мен АҚШ арасындағы Ұлыбритания аста­насы қаржы мамандары үшін тәулік бойы сауда-саттық жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Тоғызыншыдан, Лондонның космополиттік қала ретінде өр­­кендеуі сырттан келетін шетел­дік­тердің емін-еркін жүріп-тұруына, өмір сүріп, жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Алып шаһарда көлік, бай­ла­ныс инфрақұрылымы өте жақсы дамып, қала тұрғындары мен қо­нақ­­тарының жайлы тұрмысы үшін қолайлы орта қалыптасқан.

Темірдей Тэтчер, әккі Ротшильд

Бірінші және Екінші дүние­жү­зілік соғыс Ұлыбритания аста­­насының қаржы орталығы ретін­дегі мәртебесіне біршама нұқсан келтірді. Тіпті бұл кезең оның құлдырау кезеңі ретінде аталады.
Лондонның қаржы орталығы ретін­де ХХ ғасырда қайта өрле­уіне Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэт­чер зор еңбек сіңірген екен. 1980 жылдары М.Тэтчердің жетек­ші­лігімен жүргізілген рефор­малар осы елдегі қаржы қызметіне тың серпін берді. Мысалы, 1986 жылы қор нарығына, қор биржасына қатыс­ты біраз шектеулер алынып тасталды. Сондай-ақ Лондон қор биржасы алғашқылардың бірі болып электронды сауда жасау тәжірибесін енгізді.
Ұлыбритания өз нарығына шет­елдік инвесторлар мен банк­­тердің келуіне жол ашқан шара­лар қабылдап, бәсекелестікті арттырды. Осындай түбегейлі әрі батыл қадамдардың арқасында М.Тэтчердің бұл реформалары «Үлкен жарылыс» (Big Bang) деген атауға ие болып, Лондонның халық­аралық қаржы орталығы ретін­дегі орнын бекемдей түсті.
Ұлыбритания астанасының қаржы орталығы ретіндегі мәрте­бе­сін асқақтатуға Лондон қор биржасы зор үлес қосып келеді. Лондон қор биржасы (London Stock Exchange, LSE) – Еуропадағы ең ірі және ежелден келе жатқан бир­жа, дүниежүзіне танымал құн­ды қағаздар нарығы. Мұнда халықаралық компаниялар мен түрлі ұйымдардың акциялары саудаға түседі. Бұл ұйым ресми түрде 1801 жылғы 3 наурызда ашылғанмен, оның тарихы ХVІ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. 1565 (кейбір дерек көздерінде 1570 ж.) жылы сол заман­дағы әйгілі ағылшын сауда­гері Томас Грешемнің баста­масы­мен Лондонда қаржы бир­­жа­сының негізі қаланды. Бас­­тапқыда бұл бир­жа қойдың жүнін алып-сату­ды кәсіп еткен саудагерлердің кез­де­се­тін жері ретінде құрылған-ды.
Тарихта Лондон қор биржасы арқылы мол байлыққа кенелген тұлғалар көп болған. Солардың бірі – Натан Майер Ротшильд (1777-1836 жж.). Әйгілі Ротшильдер ди­на­с­тиясының өкілі 1815 жылы Нап­олеонның Ватерлоо ұры­сын­­да ағылшындардан жеңіл­ге­нін бірін­ші болып естіп, өз акция­­ла­рын тез сата бастаған. Бир­жа­­дағы «қырағы көздер» әккі қаржыгердің өз акциялары мен құнды қағаздарын тезірек сатуына қарағанда ағылшын әскері ұтылған екен деп ойлайды. Саудагерлер Ротшильдқа еліктеп өз акцияларын арзан бағамен сата бастайды. Мұны ұтымды пайдалана білген Натан Майер өз адамдары арқылы құны арзандаған акцияларды қайта сатып алады. Ағылшындардың Напо­леон әскерін жеңгені туралы ресми хабар келгенде саудагерлер Рот­шильдтен алданып қалғанын бірақ білген деген аңыз-әңгіме бар.

Баршаны алаңдатқан Brexit

Бірнеше ғасырлық тәжірибесі бар бұл биржаның жаһандық ауқым­дағы маңызы 1986 жылдан бас­тап артқан екен. Сол кезде Ұлыбританияда ұсақ маклерлердің қызметі шектеліп, құнды қағаздар на­рығында елеулі өзгерістер бол­ған. Құнды қағаздармен жұ­мыс істейтін фирмалардың бәрі бир­жаның қарамағына өткен. Сауда-саттық пен түрлі мәмі­ле жасау ісі жеңілдетіліп біріз­ден­ді­ріл­ген. Соның арқасында АҚШ пен Жапония, басқа да дамыған елдердің инвесторлары тарапынан Лондон қор биржасының қызме­ті­не деген қызығушылық артқан.
Бүгінде Лондон қор бир­жа­сын­да 50-ге жуық мемлекеттің 2 мыңнан астам компаниясының ак­ция­лары саудаланады. Бұл бир­жа­да қазақ­стан­дық компания­лар­ды да кездес­ті­руге болады.
Жалпы, қор биржасы бірнеше бағытта жұмыс істейді.
Бірінші – қор нарығының қызметін жандандыру. Мұнда түрлі компаниялар географиялық тұрғыдан орналасқан жеріне қарамастан инвесторлар мен қосымша капитал тарта алады.
Екінші – құнды қағаз саудасы (акцияларға, қарыз алғаны жө­нін­дегі міндеттемелерге, депозитарлық қол­хаттарға және тағы басқа құнды қағаздарға байланысты келісімдер жасасу).
Үшінші – ақпараттық қызмет көрсету. Биржа мүдделі тұлғаларды, қаржы секторында жұмыс істейтін компаниялар мен ұйымдарды қажет­ті мәліметпен қамтамасыз етіп отырады. Бұл ақпаратты көп­ші­лік қалаған уақытында, кез келген мезетте ала алады.
Осылайша, Лондонның әлем­дік қаржы орталығы ретінде кеңі­нен танылуына сауда сала­сындағы мол тәжірибе, географиялық тұр­ғы­­дан ұтымды жерде орналасуы, ағылшын тілінің рөлі, билік тара­пы­нан бизнеске жасалған қолайлы жағдайлар зор ықпал етті.
Бірақ қазір Лондонның халық­ара­лық қаржы орталығы мәртебесін сақтап қалатынына күмәнмен қарайтындар да бар. Себебі, 2016 жылғы 23 маусымда өткен референдумда Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығатыны жө­нінде шешім қабылданып, жалпақ жұртқа жарияланды. Brexit деген атауға ие болған бұл бас­та­ма Тұ­ман­ды Альбионның эко­­но­ми­ка­лық, қаржылық жағда­йы­на тіке­лей әсер ететіні анық. Тіпті кей­бір ірі халықаралық компа­ния­лар Лондонда орналасқан офис­терін Еуропаның басқа қала­ла­рына (мысалы, Амстердам, Милан, Париж, Франкфурт, Цюрих) көшіретіні жөнінде хабар­лап қойған. Дегенмен биз­нес өкілдерінің «брекзитке» бай­­ла­нысты алаңдаушылығы бастап­қы­дай емес, біршама басылған сияқты.
Ұлыбританияның Еуропа од­ағынан 2019 жылдың наурыз айын­да толық шығатыны тура­лы айтылды. Бірақ Лондон халықаралық қаржы орталығы мәртебесінен айырылады деген болжамның қаншалықты негізі бар екені белгісіз. Алып шаһардың қаржы саласында жинақтаған мол тәжірибесі, бизнес жүргізуге қажетті әрі жүздеген жыл бойы қалып­тасқан инфрақұрылымы мен адами капиталы маңызды фактор ретінде қала бермек.

Мұрат ҚАЙЫРБЕК,
Астана – Лондон – Астана

Бөлісу:

Пікір жазу


*