Су төгілмес боз жорға

213
0
Бөлісу:

Қырғыз халық ақыны, аудармашы Сүйүнбай Эралиев туралы замандасы Байдылда Сарногоевтан қалған «суу төгүлбөс боз жорго» деген әдемі бір сөз бар. Суреткер жазушы Шыңғыс Айтматов болса, «Қырғыз әдебиетіне соны жаңалық әкелген, «Жұлдыздарға саяхат» поэмасы арқылы эстетикалық төңкеріс жасап, жаңа әдеби дәуір қалыптастырған мәуелі бәйтерек» деп баға береді. 

Классик ақын 1921 жылы Алатаудың арғы бетіндегі Талас ауданында дүниеге келген. Ақынның өзі туған жер, өскен өлкесі жайлы бір әңгімесінде «Әкем Эралы өз шаруасына мығым, саяткерлік өнері бар, бала-шағасына жайлы адам еді. Жүйрік ат баптап, бәйгеге қосатын. Анамыз отбасының берекесін кіргізіп, үлкен мен кішінің жағдайын жасап үйде отыратын. Атам Оразбай молданың қолында өстім. Ол – талай ауруды дертінен айықтырған дәрігер, одан қалса, қобыз ойнайтын ерекше өнерлі жан болатын. Сол кісінің қасиеті ауып қонса керек, мектептің соңғы сыныбында ақындық қабілетім ашылып, жұрт көзіне түсе бастадым» деп еске алады.
Алайда арманшыл бозбала­ның алаңсыз өмірі ел басына қатер төнген қиын сәтте басқа арнаға бұрылып кете барады. Қаламын қаруға айырбастап, от пен оқтың ортасынан бір-ақ шығады. Шы­ғар­машы­лық қа­­­­лыптасу жолы қан май­дан­­ның ортасынан баста­лып, өмі­­­­­рінің соңына дейін ел­дік­ті, ер­­лікті жырға қосады. Жа­лын­ды жауынгердің әдеби қор­жы­нын­да соғыс тақырыбына ар­нал­ған өлеңдер ерекше орын алып, көптеп кездесетіні де – сондықтан.
«Автордың өзі де «мені аза­мат ретінде қалыптастырып, қаламымды ұштаған ұрыс даласы» деп жиі айтып отыратын» дейді көзкөргендер. «Солдат жана жер шары» жинағында да кейіпкеріміз «Тагдырыма мен ыраазы ар качан, Мекениме солдат кылып жараткан!» деп тебіренеді.
Ол әскерде ауыр жарақат алып, елге оралғаннан кейін облыс­тық, республикалық газет­т­ер­де қызмет істейді. Қыр­ғызстан Жазу­шылар ода­ғында түрлі жауап­ты міндеттер атқарып, кейін Қырғыз ақындары қауым­дас­тығының президенті болып сайланады.
Сүйүнбай Эралиев – қырғыз поэзиясына еркін өлең формасын алғаш алып келген ақын. Әсіре­се, «Жұлдыздарға саяхат» поэ­ма­сында ақ өлең үлгілерін шебер­лік­пен пайдаланады.
Әдебиет сыншысы Осмо­на­кун Ибраимов қаламгер туралы «Поэзияда бұрын-соңды кездеспеген жанрда түрен салып, оқырман іздеп жүретін ақынға айналды. Әрине, алғашқыда «Жұлдыздарға саяхат» поэмасы жиі сыналды. Тіпті ұйқассыз өлең­дерін түсіне алмай, «өзінің дені сау ма?» деп күмән білдіріп, артық айыптағандар да табылды.
Шыңғыс Айтматов сол уақытта поэма туралы «Правда» газетіне «Жаңы кыйырды ачкан китеп» деген мақала жазбағанда, аяғы немен бітерін бір Құдайдың өзі біледі. Сенімсіздік танытып, жатырқап қабылдағандар уақыт өте келе туындының бойындағы жаңа ізденісті, ерек қолтаңбаны таныды. Шын мәнінде, Сүйүнбай Эралиев – ұлы ақын, шебер сурет­ші, әдебиеттің алдыңғы сабында көш бастаған қарымды қаламгер. Қырғыз поэзиясына модернизм үлгісін алып келген алғашқы қарлығаш бола білді» деп сараптайды.
Бірақ әдебиет майталмандары ақынға шығармашылық табыс сыйлап, әдеби ортаға мойын­дат­қан бұл туынды емес екенін айтады. Дәстүрлі ақындық үлгі­де өрнектелген «Ак-Мейір» ли­ри­калық поэмасы оны жаңа белес­ке көтереді. Терең пси­хо­ло­гиялық көңіл-күй мен дра­маға толы жыр жолдары ұлт­тық әдебиеттің өрісін кеңей­тіп, өресін биік­те­теді. «Ақ-Мейірдің» тағдыры ар­­қылы ескі салт-сананы сы­най­­ды. Сөз маржанын терең тер­ген туындының жарық көруі қыр­ғыз поэзиясындағы ерекше оқиға саналады. Эраливтің на­ғыз ақындық қолтаңбасын, аза­мат­тық позициясын айқындап көр­сетеді. Өлең өлкесінде жаңа мүм­кіндіктер ашып, поэманың ыр­ғағы, поэтикалық үйлесімі қыр­ғыз ақындарын елең еткізеді.
Жалпы, автордың қай шы­ғар­масын алсаңыз да қырандай қырағы мінезге бай, өршіл рух пен гуманистік ойды астастырып отырады. Табиғаттың таңға­жайып­тары мен тұрмыс көрі­ніс­терін нағыз суреткерге тән қасиетпен өрнектейді. Жалған әсірелеп, ұйқас қуалап әуреге түспейді. Керісінше, еркін қалам сілтеп, туған жерінің әр тасын алтынға балап, әспеттеп жеткізеді. Оқырманына мәнерлі мақам, мәйекті сөз ұсынады. Пейзажист ретінде табиғатты терең сезіне алады. Дәстүрлі поэ­­­зияны дамытып, еркін жыр­ды поэтикалық пайымға ұлас­ты­рады. Қандай тақырыпты жырласа да мазмұнын дөп басып, формасын ашуды мақсат етеді.
Мәселен, Сүйүнбай Эралиев­тің «Ысык-Көлдө эмне бар?» өлеңі ақын қолтаңбасын айшық­тай түсетін туындылардың қата­ры­нан орын алады.
Қырғыз жерінде туып, Ыстық­көлдің сұлулығын суретте­ме­ген ақын кемде-кем шығар. Автор аталмыш жыр жолдарында өзі сұрақ қойып, өзі жауап беріп отырып, көлдің көркіне көрік қосады. Алтын күн, ыстық құм, ты­нық ауа, тұнық су ақын қала­мы­на ілінеді. Ақ айдында еркін жүзген аққулар туралы айта келе, махаббат құсы тәрізді суға шомылып, күнге қыздырынып жатқан хас сұлуларды арқау етеді.
“Менде сүйүү көп болду” өле­­­ңінде де туған топырағына де­ген шексіз құрметі мен пер­зент­­тік сезімін алдыңызға жа­йып салады.
– Менде сүйүү көп болду,
Баары эскирип түгөндү.
Кемиткеним жок жалгыз,
Жерди гана сүйгөндү, – деп ағынан жарылады.
Ауыл тұрмысындағы өзгеріс­тер, еңбек адамдарының жаңғыр­ған ой-пікірі де ақынның лири­ка­лық ой-толғауларынан көрініс тапқан. Ибалы қыз-жігіт­тер­дің, жаңа түскен келіндер мен жігерлі жастардың сезімін жеткізу үшін фольклорлық дәстүрді аттап өт­пейді. Қайта ұлттық мен­­та­ли­­тет пен әдет-ғұрыпты бе­рік ұстана оты­рып, орамды ой, өне­гелі жыр тарту етуге күш салады.
Сүйүнбай Эралиев шығарма­ларын­да қамшының сабындай қысқа өмір, өткінші дүние, фәни жал­ған туралы философиялық кө­з­­қарастағы дүниелер де жиі кез­деседі.
– Кире тартып жер которгон
кербендей,
Турмуш көчү жүрө берет
турбайбы.
Ар-ар кимге энчи кылып бергендей,
Алмашылып бирде шаттык,
бир кайгы.
Аттиң, арман, кыска кылып
көктөмүн,
Аз жашатып койгон адам
баласын,
Кайсы күнү өмүр бизден
кеткенин,
«Жалп» өчкөнүн байкабай да каласың, – деп өкініш білдіреді. Дегенмен замандастары ақын­ның баянды ғұмыр кешіп, аса­рын асап, жасарын жасап кет­кен бақытты ақын екенін алға тар­тады.
Ақынның У.Уитмен, Р.Тагор, М.Тұрсын-Заде, Г. Лонгфелло, С.Есенин, А.Твардовскийден аударған шығармалары да қырғыз әдебиетіндегі үздік туындылар болып есептеледі.
«Уолт Уитменді Сүйүнбай Эралиевтен артық тәржімалау мүмкін емес. Біз әдетте ақынның бағасын беру үшін «ұлы ақын, классик ақын» деген теңеулерді жиі қолданамыз. Тіпті артық айтып жататын тұстарымыз да болады. Бірақ Сүйүнбай Эра­лиевке келгенде, оның қырғыз әдебиетінің классигі екеніне ешкімнің таласы болмауы тиіс. Ол қырғыз поэзиясын, ұлттық әдебиет мәдениетін жаңа бағытта, яғни жоғарыда айтып өткен моде­рнизм стилінде дамытты. Өлең өлкесін қайта түлетіп, тап­таурын сүрлеуден арылтты, ескір­ген, жиі қайталанып отыра­тын ұйқастардан тазалады» дейді сыншы Осмонакун Ибраимов.
Ақынның өлеңдері орыс, украин, өзбек, тәжік, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Қырғыз тілінде қырықтан астам, орыс тілінде жиырмадан астам, басқа тілдерде төрт кітабы оқырманға жеткен. «Жұлдыздарға саяхат» поэмасы 1967-жылы Югос­ла­вияда жарық көрді. Орыс тіліндегі «Күнгө эстелик», «Жаркыраган ашуу» кітаптары үшін 1981 жылы А.Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлығын иемденген. Бұл марапат оның туындылары сол уақыттағы одақтас мемлекеттерге кең таралғанының нақты айғағы болмақ.
1974 жылы «Қырғыз халық ақыны» атанып, 1985 жылы «Айыл кечтери» топтамасы үшін Тоқтағұл Сатылғанов атындағы Қырғыз Мемлекеттік сыйлығы берілген. Украина, Әзербайжан, Молдава, Қарақалпақ елдерінің де мәртебелі марапаттары тапсы­рылған.
1998 жылы халықаралық «Жам­был» сыйлығына, 2000 жылы қазақ-қырғыз арасындағы достық қарым-қатынастарды әде­биет арқылы насихаттағаны үшін Қазақстанның «Алтын көпір» сыйлығына лайық деген құрмет көрсетіледі.

Түйін:

Сүйүнбай Эралиев – өмірінің соңына дейін кейінгі жастарға патриоттық рух сыйлап, отан­сүйгіштік пен ұлтжандылық сезімдерін ояту мақсатынан танбайды. «Жүз жылдар мындан кийин да» өлеңінде:
– Жүз жылдар мындан кийин да,
Бул тоолор минтип турушат.
Анда да бизче адамдар,
Карыбас үчүн тырышат.
Жүз жылдар мындан кийин да,
Сүйүүлөр болот ушундай.
Үшүнтүп жерге жаз келип,
Үшүнтүп чыгат ушул ай.
Жүз жылдар мындан кийин да,
Дарактар желге ыргала.
Шуудурап турат үшүнтүп,
Биз жокпуз аттиң бир гана, – деп толғанған ақын 95 жасын­да дүниеден өтеді. Оның шы­ғар­­малары туралы бірталай зерт­теу еңбектер жазылып, дис­­­сертациялық жұмыстар қор­­­ғалған. Қауырсын қалам ие­сінің шығармашылығына үңіле отырып, бірқатар өлең­де­рін қазақ тілінде ақын-аудармашы, драматург Қалижан Бекхожин сөй­леткен деген дерек кез­дес­тірдік. Алайда таны­­сып шық­пақ ниетпен ҚР Ұлт­тық кітапханасының қоры­нан іздес­ті­ріп көргенімізде, элек­трон­ды базадан бірде-бір мәлі­мет кездестіре алмадық. Деген­мен қырғыз Алатауының биік шыңы атанған классик тұлғаның өлеңдері аудармасыз да түсінікті деп ойлаймыз. Алда­ғы уақытта әдебиет әлемінде ізденіс жасап жүрген жастардың назарынан тыс қалмайтыны да сөзсіз.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*