Біз артқа шегініп барамыз

199
0
Бөлісу:

 Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау, әсіресе, зиянды қалдықтарды азайтудың мәні мен  жаһандық  жылыну қатері өзектілігін жоғалтпаған мәселелер қатарында.  БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі  жөніндегі Үкіметаралық  сарапшылар тобының есебіне сүйенсек,  парник газдарының бөлінуі ары қарай жалғаса берсе, 2040 жылға қарай  атмосфера 1,5 ° C- қа жылынады делінген. Ғалымдар жаһандық жылыну кезінде температура осы межеден асып кетсе, үлкен климаттық апат болатынын айтып дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, бүгін бұл үлкен экологиялық проблеманың алдын алу үшін жаһандық температураның 1.5°C-тан жоғары көтерілмеуіне барынша күш салу керек. Осы орайда экономика саласы бойынша биылғы Нобель сыйлығының климаттың өзгеруі мен экономика арасындағы тығыз байланыс хақындағы зерттеу  жұмысына берілуі заңды. Зерттеу жұмысының авторлары америкалық ғалымдар Уильям Нордхаус пен Пол Ромер өз еңбектерінде экономикалық талдау ауқымын кеңейте түсіп, нарық экономикасы мен табиғат және ғылыми білімнің бір-бірімен әрекет етуі мен байланысын айшықтайтын моделін әзірледі.  

Йель университетінің про­фес­соры Уильям Нордхаусты жұрт­шылық климаттың өзгеруі экономикасының атасы ретінде жақсы таниды. Ол алғаш болып, 1970 жылдардың орта­сын­да климаттың өзгеруіне эко­­номикалық проблема тұрғы­­сынан қарап, мәселені көмір­қыш­қыл газының бөлінуіне жаһан­дық салық енгізу арқылы реттеуді ұсынған. Ал 1990 жылы экономика мен кли­матты байланыстыратын DICE деп аталатын бірінші мөл­шерлік интеграцияланған баға­лау моделін жасаған бо­ла­тын. Ол сондай-ақ нә­ти­­­же­­сінде жаһандық жы­лы­­ну­ға себепші болатын атмос­фераға көмірқышқыл газы­ның бөлінуіне әсер ететін экономикалық факторларды зерделеді. Оның зиянды өндіріс пен компанияларға салық салу жөніндегі зерттеулерін бірнеше елдің Үкіметтері негізге алып, қолданып келе жатқанын айта кету керек. Нобель сыйлығын ал­ғаннан кейін ғалым New York Times басылымына сұхбат бе­ріп, өзекті мәселелерді қоз­ғады. Сұхбаттан үзіндіні назар­ла­ры­ңыз­ға ұсынып отыр­мыз.
– Көмірқышқыл газына са­лық салып, баға белгілеу АҚШ-та неліктен саяси қитұрқылық ре­тінде қабылданды?
– Себебі, ол саясатпен тығыз бай­ланысты болды. Біздің саясатымыз бір мүдделі топтың көңілінен шықпады. Бізді Гровер Норквист, энергетикалық ком­па­ниялар, атап айтқанда Кох ағайындылары мен олардың қорлары қолдамады. Бұлар әділ тактиканы да, жағымсыз так­­тиканы да пайдаланды. Негіз­гі мәселе осыдан бастау алды. Салық­қа қарсы шыққан бұл қоз­ға­лыстың АҚШ-та беделі күшті болды. Десе де, көмір­қыш­қыл газына салық салу идеясын қолдаған бірқатар консервативті экономистер де бар.
– Көмірқышқыл газына салық салу өз жемісін берді ме? Ал қай жерде сәтсіздікке ұшырады?
– Еуропалық одақпен бір­ле­се жүргізген зерттеу нәти­же­­сінде, көмірқышқыл газына баға белгілеудің мінсіз түрінен шығып, оны іске асыруға көшу мүлдем бөлек дүние екенін аңғардық. Біз анықтаған негізгі мәселе – шектеулер мен саудаға қатысты. Үкімет көмірқышқыл газы шығындыларына белгілі шектеулер бекітіп, компаниялар сол мөлшерден асса айыппұл төлеуі керек болды. Яғни, Үкі­мет зиянды шығындыларды ал­­дын ала есептеп, болжам жа­сап, соның негізінде шектеуді анық­­тады. Алайда мұндағы үл­кен қиындық – жасалған бол­­­­жамдардың дұрыс не бұрыс­ты­ғында.
Еуропалық одақ алдын ала болжамға сәйкес, көмірқышқыл газы қалдығының мөлшері жоға­ры болатынын көрсеткен еді. Ал, шын мәнінде, олай болмай шықты. Осылайша, салынатын салық мөлшері әр тоннасына 30 доллардан 40 долларға дейін құл­дырап кетті. Бағаның төмен бол­ғаны соншалық, бұл жүйе зия­нды қалдықтарды азай­­ту­ға еш әсерін тигізбеді. Ком­па­ниялар айыппұлын төлеп, жұмысын ары қарай жүргізе берді. Үлкен сәтсіздігіміз – осы. Модель бойынша зиянды қал­дық мөлшері төмен болады деген болжам жасалса, мұндағы баға тоннасына 1000 долларға дейін шарықтап, мүлдем басқа мә­селенің шешімін іздейтін едік.
Көмірқышқыл газына салық салудың күрделенген мәселелері көп. Мұндағы салық мөлшері зиянды қалдықтар мөлшеріне байланысты болмауы керек.
Көмірқышқыл газына салық салуда дұрыс баға белгілеу турасында сөз қозғағанда, Бри­тан­дық Колумбия моделін ерек­ше атап өтер едім. Сіз электр қуа­­тының бағасын жылына 100 долларға қымбаттатасыз. Кейін Үкімет интернет баға­сын жылына 100 долларға арзандататын дивиденд қайта­рады. Анығын айтқанда, көмір­қышқыл газын бөлетін өнім­дер бағасын көтеріп, көмір­­­қыш­қыл газы жоқ тиімді өнім­дер бағасын төмендетесіз. Бұл – көмірқышқыл газына баға бел­гі­леудің жарқын үлгісі. Бри­тандық Колумбияда әзір­ленген бұл модель тек экономикалық жағынан ғана емес, саяси қыры­нан да сәтті жүзеге асуда.


– Сіздіңше, көмірқышқыл газына салынатын салық АҚШ-тың қос партиясынан да қолдау таба ма?
– Бәріне уақыт керек. Заман өзгерген сайын адамдардың пайым-түсінігі, көзқарасы да бө­­лек болатыны анық қой. Ос­ы ұрпақ үшін мәнсіз болып көрінген дүние келесі ұр­пақ­­та біртіндеп енгізіле бас­тай­ды. Мәселен, әлеуметтік қам­сыз­дан­дыруға ұзақ уақыт кетті.
Көмірқышқыл газына салық салуға келсек, халықтың көз­қа­расы біртіндеп өзгеруде. Мәселені үлкен өшпенділікпен қабылдағандар қазір Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобы айтқандай, бұл тиімді әдіс екенін мойындауда.
Зерттеуімізді жалғастыра бер­сек, қоғам бұған ғылыми тұр­ғыда назар аударып, мұндай са­лықтың қажеттігін ұғына бас­тайды деп кәміл сенемін. Меніңше, көмірқышқыл газына салынған салық әлеуметтік маңызды нәрсеге, атап айт­қан­да, денсаулық сақтау сала­сы­на жұмсалса, жұртшылық тара­­пынан оң қабылданады. Бұл салықты енгізу жанар-жағармай салығымен пара-пар келеді. Алайда дәл солай жылдам әрі оңай қабылданбайтыны қын­жыл­тады.
– Жанар-жағармайға салы­на­тын салық әлі де саяси қи­тұр­қылыққа толы деп айта аламыз ба?
– Тек біздің елде ғана бұл салықтың қабылдануы саяси сипатқа ұласқан. Ал өзге елдер мұны жақсы түсінеді. Бұл – экономикалық не практикалық мәселе емес, ол тікелей саясат­пен байланысты. Уақыты келіп, біздің идеямыз жүзеге асы­­ры­лып, дұрыс шешімдер қабыл­да­нады деп үміттенемін.
– Жаһандық жылынуды айналып өтуіміз үшін қанша уақыт бар?
– Әлем 1,5 градусқа жылын­ған­нан көп нәрсе өзгер­мей­ді. Сол сияқты 2 градусқа жылы­ну­дан да үлкен өзгеріс бол­­майды. Мәселе – оның зар­дап­тарында. Біз үлкен қауіп-қа­терді түсінуіміз қажет. Егер алдымыздағы 20 жылда шап­шаң қимылдайтын болсақ, 2 градусқа жылыну қатерін ай­на­­лып өте аламыз. Ал бұл ба­ғытта жұмысымызды қазір бастамасақ, өзіміз де түпкілікті түсіне алмайтын Жер шары жүйесінің өзгерістеріне тап боламыз. Ғаламшардың 4, 5, 6 градусқа жылынуы ешкім түсіне алмайтын қатерлер әкеледі. Соңғы екі жылда байқағаным, біз артқа қарай шегініп бара жатқан сияқтымыз. Ғаламдық мәселенің маңызына мән беріп, алдыға қарай нық қадам жасаудың уақыты келді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*