Карлаг: өлгендер қайтып келмейді

414
0
Бөлісу:

Карлагқа бару туралы ой бұрыннан болатын. Астанаға қоныс аударғалы тарихи өлкемен танысуға асықтым. Алғаш сәті түскен күні Астанадан Қарағандыға жол жүрдік. Жанымда құрбым бар. Қарағандыдан №121 автобусқа отырып, бұрын-соңды көрмеген Долинканы бетке алып, жүйткіп келеміз. Қалада басталған сәулетті, еңселі ғимараттарды ұзаған сайын аласа үйлер алмастырып, бос жатқан дала мен бір бүйірі құлаған, ескілігін алыстан жазбай тануға болатын қиранды баспаналарға жалғасып жатты. Уақыт көлігіне мініп, өткен ғасырдың 30-жылдарына қайтып бара жатқандай сезімде болдық.

Автобус жолаушысын Долин­ка кентіне кіреберіс жердегі күре жол бойынан қалдырып кетеді. Ары қарай музейге жақын аялдамаға дейін 100 теңге төлеп, таксиге мінесіз, болмаса аялдама екенін 2-3 адам тұрғанына қарап қана ажыратуға болатын нүктеде қоғамдық көлік күтесіз. Біз тезірек жету үшін біріншісін таңдадық. Сөйтсек, жаяу баруға да болатын жер екен. Ішімізден жүр­гізушінің «300 теңге бер­сең­дер, музейдің алдына апа­рып тастаймын» дегеніне келіс­пе­ге­німіз дұрыс болған екен» деп қоямыз.

Карлаг құрсауы қалай қаланды?

Долинка – Қарағанды қала­­сынан 45 шақырым жер­де орналасқан. 1909 жылы осы өңірге қоныс аудар­­ған не­міс­тер­дің тілінде «Гна­ден­­­фельд» сөзі «өмір сүруге қолайлы, берекелі жер» деген мағына бергеннен, ауыл «До­ли­н­ка» аталған деген дерек бар. Енді бір зерттеушілер До­линка атауын Шерубай-Нұра өзенінің арнасымен бай­ла­ныстырады. 1930 жылдан бастап Қарағанды еңбекпен түзету лагері салынып, 1959 жылы жабылғанға дейін До­лин­ка Карлагтың басқармасы орналасқан орталық болған.
Кезінде мемлекет ішіндегі мемлекетке баланған Карлаг қазақ жерінде орналасқанымен, тікелей Мәскеуге ғана бағынған. Оң­түстіктен Солтүстікке қарай – 300 шақырым, Шығыстан Батысқа қарай 200 шақырым жерді алып жатқан Карлагтың 192 лагерь учаскесі мен 26 бө­лім­­шесі болған. Ғалымдар Кар­лагтың құрылу мақсатын Орталық Қазақстанның өндірісін жолға қоюға, инфрақұрылымын жасақ­тауға, саяси тұтқындарды арзан жұмыс күші есебінде пайдалану мақсатымен түсіндіреді. Қара­ғанды көмір бассейні, Балқаш пен Жезқазғанның кен руда­ла­рын игеріп, өңірді ин­дус­триал­ды аймаққа айнал­ды­руда тұтқындардың күші жұмсалған.
Карлаг 1931 жылы ашылып, уақытша әскери госпитальдің ескі ғимаратынан орын тебеді. 1935 жылы құрылысы аяқталған жаңа ғимаратқа көшіп, 1959 жылы жабылғанға дейін осы жерде болған. Кейінірек 1970 жылға дейін бұл орында ауыл шаруашылық техникумы, одан соң 1990 жылға дейін балалар шипажайы орналасады. Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі өзгерістер кезінде Қарағанды көмір департаментінің балансына өткен бұрынғы Карлаг көп жыл жабулы күйде, қаңырап бос тұрған. 2010-2011 жылдары Карлагтың бұрынғы ғимараты қайта жөн­деу­ден өткізіліп, Долинка кентінің қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі ашылған. Кенттегі көп ғимарат Қарағанды еңбекпен түзету лагері тұсында салынған. Бұрын тұтқындар тұрғызған барак үйлер, әскери қызметшілердің баспаналары қазір тегіс халық тұратын тұрғын үй нысандарына айналыпты. Мәселен, 1927 жылы салынған госпитальде қазір Долин­ка кентінің әкімдігі, поли­ция және пошта қызметі орна­лас­қан.

Қызыл жұлдызы бар ғимарат

Аялдама жанындағы көшемен жүргізуші жөн сілтеген бағытқа қарай жүріп отырып, бірінші бұрылыста маңдайында қызыл жұлдызы бар ақ түсті, екі қабатты ғимаратты көзіміз шалды. Айнала қоршалған ауласы едәуір кең екен. Бұрын орындықтары, саябағы, гүлзары болған Карлагтың басқар­ма қызметкерлері демала­тын аумақ қазіргіден әлдеқайда үлкен болған деседі. Музей құрылысы қолға алынғанда, сол демалыс ауласының көлемі қысқартылып, көшірмесі қайталаныпты. Музей есігіне өтер жолдың сол қап­та­лын­дағы Сәкен Сейфул­лин­нің «Ат» деген кім?! Атқан қайсың?! Қабірім қайда көмілген?» деген сөздері жазылған естелік тақ­т­а­сына көзіміз түсіп, жүйке тамы­ры­мыз шымырлап қоя берді. Қайда келгеніміз анық сезіле бастады…
Музейге кірген жерде ке­луші­­лерді «Қираған шаңырақ» кө­рінісі мен лэд-экрандағы Н.Назарбаевтың «Алжир» музейі­нің ашылу салтанатында сөй­леген сөзі қарсы алады. Қазақ үшін қасиетті саналған шаңырақтың сынған бейнесін екі бүйірінен қысып тұрған қара тас тоталитарлық режимнің қанша қазақ отбасының отын өшіріп, кие тұтқан дүниесінен түгел айырғанын көрсетеді. Дәліз төбесін жағалай орнатылған шамдар өткен ғасырдың 30-40 жылдары Долинка кентіндегі көше бойларына қойылып, ла­ге­рь­лік периметрді қоршаған жарық бағандарынан сақталған жәдігер екен. Карлагтың бірінші қабаты қазақ жерінде қолдан ұйым­дастырылған аштық, күш­теп көшіру, жазықсыз қамау шара­ла­рының қалай басталғанын су­рет­тей­тін бірнеше залдан тұрады.

Түзетудің жалғыз түрі – еңбек

1918 жылы 2 қыркүйек күні «Қызыл қырғын» туралы қаулы шы­ғады. Дәл осы құжаттан бас­тап қуғын-сүргін машинасы іс­ке қосылған. Ұлт зиялылары, бай кулактардың ұрпақтары, дін­дар азаматтар, ақын, жазу­шы, ғалым тегіс түрмеге тоғы­тыл­ды. Адамдар ақылға қонбай­тын себептермен ұсталып, тұт­қын­дарға азаптау әдістері арқы­лы кінәсі мойындатылған. Тергеуші мен күзетші кезекшілік бойынша ауысып отырғанымен, тұтқынға ұйықтауға рұқсат беріл­мей, тоқ­таусыз тергеп-сұрау жүр­гі­­зіле берген. Бір аптаға дейін ұйық­тамай, жаттанды сұрақтар қай­та­лана бергеннен, есінен адаса бастаған тұтқындар еріксіз ай­ы­бын растайтын қағазға қол қойып берген.
Карлагта барлығы 11 басшы болған. Олардың алтауының суреті табылып, музейдегі Карлаг басшысының кабинетіндегі үстел­ге қойылыпты. Жауыздық шеңгелінің тізгінін ұстаған қал­ған басшылар туралы деректер іздестіріліп жатқан көрінеді.
Ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған залда ғалымның экспо­на­ты қойылған. Оның үстіне киген киімдерінен бөлменің суық әрі сыз болғанын байқауға болады. Карлагтағы ауыр тұрмыс пен денсаулыққа орны толмас зар­­дап шектірген жағдайға қара­­­мастан, бірқатар ғылыми жаңалықтар ашқан зерттеушілер болған. Музей қызметкері «Олар отбасынан айырылған қайғысын ұмыту үшін жұмысқа жанын сала кіріскен» дейді. Карлаг тұт­қын­дарының бірі Александр Чи­жев­ский ауаны иондар арқылы тазартатын «Чижевский ша­мын» ойлап тапқан. Нобель сый­лы­ғына үміткер болған ғалым өнер­табысының нұсқасын осы бөлме­ден көруге болады.

Карлаг балалары

«Отанын сатқан», «қоғамға қауіпті» азаматтардың әйелдері мен балалары еңбек пен түзету ла­герь­леріне жеткізілгеннен кейін, контрреволюциялық әре­кеті үшін жазаға тартылған тұтқынның ұрпағы балалар үйіне жөнелтілген. Баласынан тірідей айырылған аналар ауыр жұмысқа жегіліп, жүкті әйелдер түрмеде босанған. «Карлаг қабырғасында 1,5 мың бала дүниеге келген» деген мәлі­мет бар. Жаңа туған әйелге сәбиін тек емізуге ғана аз уақытқа әкеледі екен. Онда да бауырына басуға, еміреніп, иіскеуге рұқсат етпейді. Әйелдердің ауыр жұмыстан, аштық­тан, жүйкесінің сыр беруі­нен сүті болмай, көп сәби ше­тіней бастайды. Мұндай нәрес­­телер мен Карлагта көз жұм­ған өзге балалардың мәйіті Долинкадан 1,5 шақырым жердегі «Мамочкино» зиратына жерленген. Онда сәбилерді ешқандай белгісіз, қаз-қатар көме беріпті. 2011 жылы музей ашылғанға дейін 31-мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы дәл сол моланың кіреберісінде аталып келген.


Үш жасқа толған соң, бүлдір­шін­ді балалар үйіне жібереді. Музейдің осындай тағдыры ауыр нәрестелерге арналған бөлмесінде балалар үйінен жеткен хаттар бар. Тәрбиешінің қадағалауымен жазы­латын хатта балалар жағдайы жақсы, қарны тоқ, оқу үлгерімі жоғары екенін айтады. Шын мә­нін­­де, «жалғыз жанашыры – Ке­ңес Одағы» екені құлағына күн­діз-түні құйылған балалар да еңбекке тартылып, ата-анасының «жау» екенін естіп, азап көріп өскен.
Карлагқа өмірлік жарына адалдық танытып, оның «мемле­кет­ке қарсы істері» туралы тиісті органга хабар бермегені үшін тоғытылған әйелдердің ішінде көргенде көз сүйсінетін сұлулары көп болған. Лагерь қызметкерлері оларды өзінің күңі болуға мәж­бүр­леп, қалауын орындамаса «трам­вай» деп аталатын жаза қол­­данады екен. Абыройын өмірі­нен жоғары қойған, қаны­пе­зер­лердің қолқалауына көнбейтін әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен. До­­линка кентінің Садовая көше­сін­­де тұрған Полина Остапчук – Украина тумасы. Жұмыста аяғы ауыр әйелге болы­са­мын деп, басшылықтың қаһа­рына ілігіп, Карлагқа жөнел­тіл­ген. Түрме басшысының «трамвай» жазасын қолдану тура­­лы уәдесінен қорқып, оның ұсы­нысын қабылдауға мәжбүр бол­ған. Әлі тұрмыс құрмаған балғын қыз осылай Карлагтың өткір тырнағына ілініп, лагерьде ана атанады. Полина әжейдің әңгімесін жеткізген музей қыз­мет­кері қазір ол кісінің өмірден өткенін ескертті.
Бірінші қабаттан жертөлеге түстік. Баспалдақтар ескі, қабыр­ға­да тасқа қашалған түсініксіз бей­не­лер бар. Қараңғылықты тыйып, жарықтың да еркін таралуына жол бермейтін бір түсініксіз күңгірт шамдар орнатылған. Тоқтаусыз там­шылаған судың даусы ара­лас ауыр музыка ойнап тұр. Астыңғы қабаттағы бөлмелерге XX ғасырдың 30-40 жылдары Долинка кентіндегі абақтыларда болған есіктер қойылған. Бір жағы – ағаш, екінші беті – темір, ортасына бетон құйылған ауыр есіктерде тұтқынның қимыл-қозғалысын бақылап тұратын саңылау мен бір мезгіл тамақ беретін «кормушка» терезесі бар.

200 грамнан, 1 шыны су

Бірінші бөлмеге кіргенде-ақ музей қызметкері «Қолда бар деректерге қарағанда, қазір біз аралап жүрген ғимаратта тұтқындар камерасы мен азаптау бөлмелері болмаған, бұл – басқар­ма мекемесінің ғимараты» деп ескертті. Кірген бөлмеміз карцер екен. Тарихи деректерге сәйкес, Карлаг карцерлерінің ені – 1,5, ұзын­дығы – 2 метр болған. Біз кір­ген бөлме үш-төрт карцер сыя­тын­дай кең екен. Музей қызмет­кері біз тұрған жер құрылыс кезін­де тарихи құжаттарға сүйеніп жасақ­талған бөлме екенін есімізге салды.
Карцерге еңбек тәртібін бұзға­ны, камерада бірге отырған тұтқындармен сөйлескені, есікке арқасын беріп тұрғаны үшін де тасталған. Жарық пен жылуы жоқ бөлмеде дәрет сындыруға қойылған жалғыз шелектен басқа ештеңе таппайсыз. Орнынан тік тұратын, 1-2 сағат тас еденде көз шырымын алатын тұтқынға күніне бір мезгіл 200 грамм қара нан мен 1 шыны ыстық су берілген. Үш күнде бір ыстық тамақ жет­кі­зі­ліп тұрыпты. Қабырға кір­піш емес, табиғи тастан қалан­ған. 2010-2011 жылдары жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы бары­сын­да цемент аралас сылақпен өңделген қабырғаның бір бөлігін құрылысшылар қол тигізбей қал­­дырыпты. Қазір ол жер Кар­­лаг басқармасы мыңдаған тұт­қындардың қол еңбегімен тұрғызылғанын айғақтайтын экспозиция болып тұр.
Әйелдер мен ерлер камерасы бір жерде болмаған. Бір дәліздің бойында ерлер мен әйелдердің қатар ұсталғанын тек музей бөлмелерінен ғана көруге болады. Әйелдер камерасындағы экспонат киімінің кеуде тұсына інжіл жасырылыпты. Бұл діни сенім мен өзіндік көзқарасқа орын болмаған атеизм дәуірінің қиындығынан көрініс береді.

Азаптау камерасы

Азаптау камерасы екі бөлме­ден тұрады. Ішкі бөлмеде төбеге «ласточка» деп аталатын темір кісендер ілінген. Жазаланушының екі қолы соған керіліп, соққыға жы­ғылған. Шаршап, есінен та­нып қалса, жерде тұрған ше­лек­тен мұздай су шашып, оя­тып алып, көрген құқайын қай­та жалғастырады екен. Азап­қа шыдамай жаза үсті жан тапсы­ра­тын­дар кездессе, оларды екінші бөл­меге апарып, қағазға тіркеп отырған.
Карлаг тарихында ату жазасы мен қудалау жоспары асыра орындалған 1937-1938 жылдары лагерь басшылығын қолына алған Николай Ежов азаптау бөлмесінде уақыт өткізгенді ұнатқан көрінеді. Қол астында тапсырмасын бұл­жыт­пай орындайтын қызмет­кер­­лерінің көп болғанына қара­мас­тан, жазалауға өзі қатысады екен. Орыс тіліндегі «в ежовых рука­ви­цах» деген тіркестің қаталдықты білдіруі тегін болмаса керек.

Құпия зындан

Келесі бөлмеде жер астына орна­­тылған құдықтан басқа еш­те­­ңе жоқ. Беті темірмен ше­генделген, түбі көрінетін зын­дан­ға ер адамның экспонаты отырғызылыпты. Музей қызмет­кері бұл зындан туралы бұрын ешкім білмегенін, ғимаратта бол­ған жөндеу жұмыстары кезін­де табылып, оның құпиясын анықтауға арнаулы зерттеу тобы құрылғанын айтады. Долинка тұрғындарына сұрау салғанда, Карлаг дәуірінің куәгерлері «басқарма асханасында жерден қазылған тоңазытқыштар қол­да­нылған» деген дерек бер­ген. Бірақ қазба жұмыстары үстін­де жазуы бар кірпіш пен тұт­қын киімінде болатын рет­тік нөмір жазылған ақ мата табылыпты. Ғалымдар мұны Карлагта таны­мал болған «Стакан» деп ата­латын азап түрімен байла­ныс­тырады. Оның мәні – кінәсін мойындамаған адамды жалаң аяқ, жалғыз көйлекпен беліне дейін тастай су құйылған зын­дан­ға отырғызып қою. Осы тұста Карлаг тұтқындарын өз атымен шақырмағанын, «К» әрпінен басталатын үш сан­нан тұратын реттік нөмір ақ ма­таға жазылып кеуде тұсы мен арқасына жапсырылғанын атап өткіміз келеді. Мұның «қашуға бел байлаған тұтқынды тоқтату үшін ақ матаны көздеп атса, жүрек тұсына оқ тиіп, бірден жан тапсырады» деген мағынасы бар.
Тұтқындар камерасында Карлагқа жаңадан қосылған зиялы қауым өкілі, Украинадан айдалған кулак және бұрыннан осында отырған азаматтың экс­понаттары бар. Төсектерде көр­пе-жастық жоқ, тақтай үсті­не қамыспен тігілген қаптар ғана төселген. «Үстелде тұрған ыдыстар алюминийден ас ішуге бол­майтыны ескеріліп, ден­сау­лыққа зиян келтіру үшін әдейі таңдалған» дейді музей қызметкері.

Офицерлер үйі

Карлаг жанында бұрын лагерьдің жоғары лауазымды қызметкерлері мен офицерлері тұрған үй бар. Қазір Долинка кен­тінің тұрғындары қоныс­тан­ған үйді ішінен көріп, жергілікті халықтан естелік сұрап көргіміз келді. Қарсы алдымыздан кездескен жас жігіт ниетімізді асықпай тыңдап, бірінші қабатта тұратын әжейге жөн сілтеді. Есіктің қоңырауын басып, қобалжып тұрмыз. Жасы жетпісті алқымдаған орыс әже есікті ашып, бізді үйіне кір­гізуге бірден келісті. Осы үйде 43 жылдан бері тұратын кәрі әйел өз есімін айтқысы келмеді, фотоға түсуден де бас тарт­ты. Қарағандының тумасы тұр­­мыс құрып, Долинкаға күйе­­уінің соңынан келіпті. «Кар­­лаг дәуірін көрмедім, бірақ бұрын осы маңда тірі куәгерлер көп болатын» дейді ол. Ескі үйге тұрғындар өздері су кіргізіп, шаруасын реттеудің амалын әркім өзінше жасапты. Жалғыз тұратын әже жақын маңды мекендеген қызы мен немерелері барын, денсаулығы туралы, Долинкадағы жастық шағын еркін әңгімелеп, тақы­­рып Карлаг төңірегіне ойы­са қалса, «білмеймін» деген жауап­тан ары аспады. Музей қыз­меткерінің «Долинка кен­тін­дегі адамдардың көбі ол кезді еске алғысы келмейді, жауаптан жалтаруға тырысады» дегені есіме түсті. Бізді жылы қабылдаған әжені қинамай, қоштасайық деп шештік.

Аялдамаға қарай аяңдап келе­міз. Менің ойыма Кеңес Ода­ғында лагерьден босаған адам­­дардың 25 жылға дейін ешқандай ақпарат таратпауға жауапкершілік алып, ресми құжатқа қол қойғаны туралы оқығаным оралды. Ешкіммен бөлісуге болмайтын, не ойдан өшпейтін сұмдық естеліктерді арқалап өмір сүрудің азабын елестеттім. Халық санасына Сталин үйірген қорқынышты өші­руге кететін жылдарды есеп­теп көрдім. Есебіне жете алмадым…

Динара ТІЛЕУБЕК
Астана – Қарағанды – Долинка

Бөлісу:

Пікір жазу


*