AIBA сайлауы: Қонақбаев өзбекстандық Ғафур Рахимовтан жеңілді

926
0
Бөлісу:

Мәскеуде Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы конгресі өтіп, онда жаңа президентті сайлау рәсімі болды. Бұл қызметке екі адам үміткерлік танытқан болатын. Бірі – AIBA-ның уақытша басшысы өзбекстандық Ғафур Рахимов, екіншісі – 1980 жылғы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері қазақстандық Серік Қонақбаев.

Рахимов конгресс делегаттарының 86 дауысын жинап, жеңіске жетті. Жалпы конгреске 134 делегат қатысқан. Енді Рахимов бұл қызметті 2022 жылға дейін атқарады.

Қазан айында Халықаралық олимпиада комитеті Рахимовты сайлауға түспеуге шақырып, егер ол президент болып сайланатын болса боксты 2022 жылғы олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастайтындарын айтып қорқытқан еді.

Рахимов конгресс кезінде сөз сөйлеп, қауымдастықтың қазіргі жағдайы жайлы баяндады.

«Мен басшылыққа келген кезде AIBA-ның қаржылық жағдайы тым нашар халде болды. Бұрынғы әкімшіліктен 40 млн долларға жуық қарыз қалған. Бұрын кредиттер еш сақтандырусыз әртүрлі компаниялардан алына берген. Мұндай жауапкершіліксіз шаруалар кесірінен AIBA банкротқа ұшырай жаздады. Бізге ылғи кредит берушілер хабарласып, қарызды өтеуімізді талап етті. Бізге түрлі айыптар тақты. AIBA нокаут жағдайына тап болды. Мен қалайда дұрыс шешім табу үшін күн-түні жұмыс істеп, кредиторлардың сенімін ақтауға тырыстым. Бұл оңай шаруа емес. Нәтижесінде біз 40 млн долларлық қарыз бойынша ортақ келісімге келе алдық. Мен қарыздың көптеген бөлігінен құтылуға ықпал еттім, ал қалғанын демеушілік келісімшарттар негізінде трансформациялаймыз. Енді біздер ұйымның тұрақты жұмыс жағдайына түсу үшін жаңа ыңғайлы келісімшарттар жасауға кірісеміз. Қазір көптеген нұсқаларды қарастырудамыз» депті ол.

Бастапқыда Қонақбаевтың сайлауға түсу-түспеуі күмәнді болған еді. Кейін маңызды сайлауға бірнеше күн қалғанда Спорттық арбитраждық соты қазақстандық үміткердің шағымын қанағаттандырды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*