Бабаян – Карпович: 3:2 (видео)

208
0
Бөлісу:

«Астана-Аренада» еліміздің ең үздік екі командасы «Астана» мен «Қайрат» кездесіп, матч елордалық клубтың жеңісімен аяқталды. Алаң иелері үш гол соқса, алматылықтар екі доппен жауап қайтарды.

Кездесудегі есепті алғаш болып алматылық ұжым ашқан. Айып алаңы үстінен қиялай жүгірген Бауыржан Исламхан шабуыл шебіндегі Могамед Парагульговқа пас асырған. Ол бұл допты керегіне жаратып, Эричті қапы қалдырып кетті. Алайда «Астана» көп ұзатпай-ақ есепті теңестрді. Матчтың 35 минутында Марин Томасов, ал үш минуттан соң Бақтиер Зайнутдинов гол соғып, «Астананы» алға шығарды.

Дегенмен «Қайраттың» да әлі айтары бар екен. Алаңға тыңнан шыққан Адеринсола Эсеола «Астана» қақпашысы Мокинді алдап өтіп, бос тұрған қақпаға гол соқты. Еске салсақ бірінші тайм соңында «Қайрат» ойыншысы Самат Сәрсеновпен соқтығысып қалған Эричтің жарақатына алаңдаған Бабаян оның орнына Александр Мокинді шығарған еді.

Бірақ астаналықтар тең нәтижені қанағат тұтпайтындарын аңғартты. Ойын соңына таман Роман Муртазаев «Қайрат» қорғаушыларын сан соқтырып, командасының үшінші голын салды.

Матчтың 67 минутында Андрей Аршавин алаңға шыққан. Алайда жартылай қорғаушы өз командасына көмектесе алмады.

«Астана» мерзімінен бұрын ел чемпионы атанғаннан кейін екі матч қатарынан жеңіске жете алмаған. Алдымен «Тобылдан» 1:0 есебімен жеңілсе, кейін «Шахтер» елордалықтарды 3:1 есебімен ұтып кеткен еді. Сондай-ақ «Қайрат» та соңғы ойындарын тым сәтсіз өткеруде. 29 турда «Ордабасыдан» 2:0 есебімен жеңіліп, одан кейін «Тобылмен» тең ойнаған. Одан соң «Ертістен» 1:0, «Қызыл-Жар СК» командасынан 2:1 есебімен ұтылды. Қазір «Қайраттың» бас бапкері қызметін Андрей Карпович уақытша атқаруда. Алматылық команданың ендігі бар үміті 24 қараша күні «Атырауға» қарсы өткізетін Қазақстан кубогының финалында.

Бұл турдағы өзге ойындар нәтижесі мынадай:

«Ертіс» – «Ақжайық» 2:0

«Қайсар» – «Жетісу» 1:0

«Атырау» – «Ақтөбе» 3:1

«Қызыл-Жар СК» – «Ордабасы» 1:2

«Шахтер» – «Тобыл» 2:1

Оралдық «Ақжайық» бұл турдағы жеңілістен кейін премьер-лигамен қош айтысты.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*