Нижат Рахимов әлем чемпионатында жеңіліп қалды

333
0
Бөлісу:

Ашхабадта өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық атлет Нижат Рахимов сайысқа шықты. Ол 73 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Бұл жолы қазақстандық олимпида чемпионының қарсыластары өте қарымды болды. Әсіресе қос қытайлық пен бір солтүстік кореялық спортшы жұлқа көтеру бағдарламасында шашасына шаң жұқтырған жоқ.

Нижат жұлқа көтеруде үш мүмкіндіктің біреуін ғана сәтті пайдаланды. Ол алғашқы мүмкіндікте көтере алмай, екінші мәртеде ғана 147 келіні бағындырды. Ал одан кейін 152 келіні еңсере алған жоқ.

Серпе көтеру бағдарламасында 185 пен 190 келіні оңай еңсерді. Осылайша, Рахимов екі бағдарлама қорытындысы бойынша сегізінші орында қалып қойды. Дегенмен серпе көтеру бағдарламасында кіші қола жүлдені еншіледі. Ал жалпы есепте алтын жүлдені қытайлық атлет иеленді. Күміс – солтүстік кореялық, қола беларусь спортшысына бұйырды.

Трансляция барысында Рахимов қазақстандықтарға сәлем жолдап, «келесі жолы жеңіске жетуге» уәде берді.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы сапынан тек Арли Чонтей ғана қола жүлде алған еді. Ал Фархад Харки, Зұлфия Чиншанло, Сәуле Сәдуақасовалар жүлдеден құр қалды.

Ертеңгі жарыс күнінде Қазақстан сапынан 81 келіде Айдар Қазов, 64 келіде Әсем Садықова және 64 келіде Карина Горичевалар жарыс жолына шығады.

 

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*