«Саташ» вестернінің тұсаукесері өтті

388
0
Бөлісу:

Алматыда Қазақтан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген отандық «Саташ» вестернінің тұсаукесері өтті.

Фильмнің көрсетілімі аяқталған соң, баспасөз отырысында шығармашылық топ пен актерлер түсірілім туралы пікірлерімен бөлісті.

– Түсірілім алаңында бәрі де тамаша болды. Жұмыс істеуге ештеңе кедергі болған жоқ. Тек бір ғана мәселе – ол менің қазақ тіліне шорқақтығым. Ал кейіпкер тек қазақ тілінде сөйлеуі тиіс еді. Осы тұста қорыққаным рас. Алайда, маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен түсірілім тобының арқасында мен бұл сынақтан сүрінбей өттім деген пікірдемін», – деп Саташ рөліндегі Ақылхан Алмасов еске алды.

– Біз қаладан жүздеген шақырым қашық жерде түсірдік. Біраз уақыт байланыссыз жүрдік. Күнге әбден күйдік. Дегенмен, ұйымшылдығымыздың арқасында, бір жағадан бас, бір жеңнен қолы шығарып бұл қиыншылықтарды сезбей өттік. Төлегендей, Шыңғыстай және Алмастай әріптестеріммен жұмыс істеу өзіме қатты ұнады, – деп өз  ойымен бас кейіпкердің әйелін ойнаған актриса Дина Тасболатова бөлісті.

«Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың адал Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, борышын соңына дейін өтейді.

– Сценарийдің оқиғасы жайлы ұзақ әңгімелескеннен кейін режиссер Төлеген Байтөкенов маған екі сауал қойды, «қазақша сөйлей аласың ба және КРАЗ көлігін жүргізіп көргенсің бе?» деп. Төлеген ерекше сезгіштік қабілеті бар адам. Бастапқыда мені бекітуге күдіктенгенін білем. Десе де, мені ролге бекітті. Ал мен бәріне дайын екенімді жеткіздім. Солай болып шықты. Енді фильмнен кейін мен басқа адамға айналғандаймын, – деді фильмнің бас кейіпкерлерінің бірі Шыңғыс Капин.

 Анар Қоныс

Бөлісу:

Пікір жазу


*