АЛТЫН КӨПІРДІҢ АРА САЛМАҒЫ

109
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Жолдауда «Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда. Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде. Қаржы жүйелерінің мүлде жаңа архитектурасы түзілуде» деді.

Халықаралық шаралардың көбісі ең тартымды алаңдарда өтетіні белгілі. Осы орайда біздің елордамыз ТМД шеңберіндегі ең қолайлы ортаға айналды. Әлемдік деңгейдегі үлкен басқосулар Қазақ елінің төрінде жиі тоқайласады.
Астанада Digital Bridge халықаралық инновациялық форумы басталды. Жоғары технологиялар саласын дамытуға бағытталған шараның ТМД аумағындағы ең ауқымды әрі тартымды алаңдарының біріне айналып отырғаны тегін емес. Бұл форумға 25 мемлекеттен 2500 адам қатысып жатыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы компаниялары мен ұйымдарының 200 жетекшісі және ондаған инвестор мен түрлі стартап жоба авторлары елордамызға үлкен үмітпен келді. Шара барысында «Цифрлық экономика дамуының жаһандық тренді жөнінде диалогы» атты пленарлық сессия өтеді.
«Қазақстан Азия мен Еуропа технология­лық орталықтарының арасында алтын
кө­пірге айналады» деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. – Осылайша алға қойған мақсаты­мыздың жүзеге асуына даңғыл жол ашылды. Өйткені, жобаның басты миссиясы – тың идеялардан қуат алып, өзара тәжірибе ал­масу, Азия мен Еуропа технологиялық орта­лықтарының арасында алтын көпір болу, – деді.
Ең басты инновациялық оқиға ел назарын үйіріп отыр. Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласын­дағы соңғы әлемдік трендтерді талқылайды. Қазақстан – цифрлы әлемнің сиқырына кеш­теу қосылып отырған ел. Осы бағыттағы озық тәжірибелермен және бизнес-модель­дер­мен ой бөлісудің өзі бізге көп нәрсе береді.
Форумға халықаралық ІТ қоғамдас­тығының негізгі өкілдері, технология сала­сындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік сек­тор­ларының өкілдері, ғалымдар, цифр­лық әзірлемелер саласының мамандары, вен­чур­лық инвесторлар қатысып жатыр. Қа­зақ­стан­дық мамандарға солардың білгенін біліп қалу, тәжірибесін алып қалу мүмкіндігі туды. Ойлы да талапты жастар мұндай жиындарға тек қатысушы ғана болып қалмауы тиіс. Халқымыздың «жақсыдан үйрен» деген қағидасын осындайда қаперде ұстау керек.
Президент осы мәртебелі жиынның салтанатты бір шарасы ретінде Astana Hub халықаралық технопаркінің ресми ашылуын жария етеді. Халықаралық технопарктің ашылуы еліміздің технологиялық дамуының жаңа бір белесі болады.
Елбасы цифрлы Қазақстан жобасын енгізу туралы ұсыныс жасағанда көпшілік бұл алыс көкжиектегі бір шара сияқты қа­был­даған. Өмір ағысы мен заман ыңғайын мерзімінен бұрын болжай білетін Мемлекет басшысы біздің еліміздің қашан да мәртебелі уақыт талаптарына сай болуын көздеп келеді.
Қазіргі заман өте динамикалық тұрғыда өзгеріп жатыр. Күрделі кезең талаптарына жауап беру оңай емес. Бұрын басымызға түс­пеген мүлдем жаңа форматтарға сай болу – біліктілік пен кәсібилік деңгейімізді күн сайын ұштай түсуді қажет етеді. Санаға түсер салмақ ауыр. Жас ұрпақ жеңін түрініп, білек сыбанып кірісер жұмыс көп. Біздікі соған сай болсақ, қалғып кетпесек деген тілек.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*