Алғашқы жиырмалыққа кіруден үміттіміз

94
0
Бөлісу:

Премьер Бақытжан Сағынтаев Digital Bridge форумына және Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің таныстырылымына қатысу үшін Қазақстанға ресми сапармен келген Эстония Премьері Юри Ратаспен кездесу өткізді.

Жүздесу барысында екі елдің ақпараттық технологиялардағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту және кеңейту, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, сауда, көлік және логистика секілді экономиканың маңызды секторларын цифрландыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, «жасыл көпір» президенттік бастамасы аясында жүзеге асырылған Жасыл технологиялар орталығының базасын­да және жалпы қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы серіктестестік мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы, кедендік декларациялауды автоматтандыру, сондай-ақ цифрлық экономика үшін білікті кадрларды даярлауда тәжірибе алмасу саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларына ерекше назар аударылды.
Бақытжан Сағынтаев Қазақстан­ның цифрландыру, Астанада EXPO аумағында халықаралық ІT-универ­си­тет­ті ашу жоспарларын ескере отырып, ІТ мамандарын даярлау бойынша тәжірибе алмасуға үлкен қызығушылық танытатынын жеткізді. Өз кезегінде Юри Ратас екіжақты қарым-қатынас­тардың жоғары әлеуетін және Эстония­ның одан әрі ынтымақтасуға деген ықыласын атап өтті.
Осы күні қос елдің үкімет басшы­лары Қазақстан–Эстония бизнес форумына қатысты. Бұл ретте эстон Премьері өзімен бірге, экономика, ІТ, логистика, инвестициялар, сәулет, инженерия, білімнің түрлі сектор­ларын­дағы бизнес пен мемлекеттік құрылым өкілдерін ерте келіпті. Жиынға екі мемлекеттің іскерлік ортасының 120-ға жуық өкілі жиылды. Форум барысында инвестициялық ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, инвестициялық өзара әрекеттесудің аса маңызды салалары пысықталды, бұл ретте біздің экономиканың түрлі салаларын цифрландыруға көшіру және автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша бірлескен қимыл жанданатын болады.
Бизнес форумын ашқан Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Эстонияны «Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі» деп бағалады.
– Бізде ынтымақтастық орнатуға әлеуетіміз зор екеніне сенімдімін. Бүгін екіжақты кездесуде транзит-көліктік, экологиялық және энергия үнемдеу технологиялары саласында, сонымен қатар Эстония «цифрлық» көшбасшы ретінде танылған ақпарат­тық технологиялар саласында ынты­мақ­тас­тықты дамыту туралы сөз қозғадық. Біз ақпараттық техноло­гиялар тұрғысынан Эстонияға үлкен делегация жібердік. Менің орынба­са­рым Асқар Жұмағалиев, одан кейін министр Эстонияға барып қайтты, электронды басқарудың басты бағыт­тары саласындағы эстон тәжірибесімен танысты. Жақын күндері Қазақстанның үлкен делегациясы – министрліктердің, өңірлердің өкілдері де Эстонияға барып, екі апталық курстардан өтіп, мемлекеттік қызметтер қалай ұсыны­латынына қанықты. Үлкен тәжірибе жинақтады. Осы бағытты дамытуды жалғастырамыз, – деді Премьер.
Өз кезегінде Қазақстан да эстон­дықтардың ықыласын аудара алады. Б.Сағынтаев бүгінде Қазақстанның инвестициялық ахуалы болжамды әрі қолайлы, сауда саясатын халықаралық құқық нормаларына сай жүзеге асыратын мемлекетке айналғанына назар аудартты. Салық жүктемесі оңтай­ландырылды, жеңілдіктер пысық­талды. МЖӘ саласында жоба­ларды жоспарлау рәсімдері жеңіл­де­тілген. Көші-қон және еңбек заңна­масы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі оңайлатылды.
– Бізде саналуан салаға бағытталған, түрлі артықшылықтарға ие 11 АЭА және 22 индустриялық аймақ бар. Жақында Дүниежүзілік банктің Doing Business – 2019 рейтингінде еліміз алғаш рет отыздыққа енді. Республика бір жыл ішінде бірден сегіз позицияға көтеріліп, 28-орынды иеленді. Бұл – тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ең биік жетістігіміз! Рас, Эстонияның 16-орында тұрғанын білемін. Біздің мақсатымыз – келесі жылы қазіргіден де жоғары жетістікке жету, – деді Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуын­ша, қазақ елі алда «жиырма­лық­қа» да еніп қалуы ықтимал.
Б.Сағынтаев цифрландыру мәсе­ле­сінде Эстониямен серіктестігі­міз­дің мықтылығын, тіпті кезінде «2006-2008 жылдары e-Government электронды Үкімет платформасы эстониялық әріптестер көмегімен жасалғанын, енді бұл жұмыстардың ары қарай жалғасып жатқанын мәлім етті.
Үкімет жетекшісі форум қаты­су­шы­ларына «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы айтып, эстон­дық компанияларды бірлесіп жұмыс жасауға, жекешелендіру бағдарлама­сы­ның екінші толқыны аясында өзара іс-қимыл орнатуға шақырды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*