Әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі бар

98
0
Бөлісу:

Қазақстанда кедейліктің бір көрсеткіші 2001 жылдан бері 65 есеге азайыпты. Бұл туралы Мәжілісте вице-спикер Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен өткен Үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жария етті. Жиын «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу барысы» тақырыбына арналды.

Үкімет сағатын ашқан Г.Исимбаева әр мемлекеттің даму деңгейі халықтың тұрмыс жағдайы, өмір сүру сапасы, табыс мөлшерімен де өлшенетініне назар аудартты.
– Елбасы Жолдауының негізгі өзекті тақырыбы да халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болды. Ресми деректер бойынша экономика көрсеткіштерінің өсуі арқасында халықтың нақты ақшалай кірістерінің өскені де байқалады. Дегенмен, кірісі күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың үлесі әсіресе, ауылдық жерлерде көп төмендей қойған жоқ. Осы орайда мемлекеттің әлеуметтік саясатын­да табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасы­лар­ға да мән беріледі. Елімізде халық­тың аз қамтылған бөлігі үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 7 түрі көзделген. Олармен 2 миллион 188 мың 874 азамат қамтылған, деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Осындай қолдау түрлерінің бірі – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Ол бұған дейін де болған. Бірақ жаңа форматтағысы осы жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетілуде. Өз кезегінде министр М.Әбілқасымова мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясат нәтижесінде елдің өмір сүру деңгейінің негізгі көрсеткіштері жақсарғанына сендірді.
– Қазақстанда кедейлік деңгейі 1996 жылғы халықтың 34,6%-нан 2018 жылғы 2-тоқсан қорытындысы бойынша 4,7%-ына дейін қысқарды. Халықтың жан басына шақ­қан­дағы атаулы ақшалай табысы 2001– 2017 жыл аралығында 10,8 есеге өсіп, 83 053 теңгені құрады. Кедейлік тереңдігі 2001 жылдан 2017 жылға дейін 37 есеге, яғни тиісінше 14,8%-дан 0,4%-ға дейін, кедейлік өткірлігі – 65 есеге, 6,5%-дан 0,1%-ға дейін азайды. Осылайша, Қазақстанның әлеуметтік дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштер абсо­лют­тік шамада да, сол сияқты салыстыр­малы мәнде де жақсы қарқын көрсетуде, – деді министр ханым.
Ал биылғы 1 қаңтарда енгізілген күнкөрісі төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне сәйкес, енді бұл ақшалай көмек кедей болғанның бәріне бірдей берілмейді, тек отбасыдағы еңбекке қабілетті мүшелері мемлекет ұсынатын «жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына» міндетті түрде қатысқан кезде ғана ұсынылады. Осы арқылы Үкімет аяқ-қолы балғадай аза­мат­­тардың жатыпішерлік танытып, жәр­дем­ақыға ауыз салып, отбасы мен мемлекет мойнын­да масыл болып отыруына тосқауыл қоюда.
– 2018 жылғы мемлекеттік бюджетте жаңа форматтағы АӘК-ті енгізу үшін 28,9 миллиард теңге, оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен – 18,4 миллиард, ал жергілікті бюджеттен 10,6 миллиард көзделген. Биылғы 9 айдағы АӘК төлемдерінің сомасы 19,5 миллиардты немесе 67,4% құрады. Соның ішінде Түркістан облы­сы – 100%, ШҚО – 99,5%, СҚО – 99,1%, Павло­дар облысы – 91%, ал Шымкент қаласы 99,9%-ға игерді. Біраз өңір бөлінген трансферт­терді өте аз игерді. Бұлар – Алматы қаласы (16,9%), Астана (34,4%), Маңғыстау облысы (46,8%), – деді М.Әбілқасымова.
9 ай қорытындысы бойынша жаңа формат­тағы АӘК-ті алушылар саны 504 мың адамды немесе 97,3 отбасыны құрайды.
– Өңірлер бөлінісінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың көбі Түркістан
(34,8%-ы), Жамбыл (11,7%), Алматы (10,7%), Қызы­лорда (7%) облыстарында және Шым­кент қала­сында (9,7%) тұрады, яғни алушы­лар­­дың 75%-ы осы оңтүстік өңірлерде шоғыр­лан­ған, – деді Мәдина Ерасылқызы.
Алушылардың 66%-ы немесе 330,9 мыңы ауылдық жерлерде, тағы 34%-ы немесе 173,1 мыңы қалалық жерде өмір сүруде.
АӘК-ке мұқтаждар құрылымында балалы отбасылар басым. Олардың үлесі – 41%. Күнкөрісі төмен көп балалы отбасылардың 75,7%-ы тағы да оңтүстік өңірлерде: Шымкент қала­сында – 7,7%, Түркістан облысында – 35,3%, Қызылорда облысында – 8,4%, Жам­был облысында – 13% және Алматы облы­сын­да – 11,2%. АӘК-ке зәру отбасылар­дың 25%-ы – толық емес отбасылар.
Министрлік АӘК алушылар арасында сауалнама жүргізіпті. Анықталғанындай, олардың 84%-ы ақшалай көмек көлемін арт­ты­руды ұсынған. 33%-ы мемлекеттің баспа­на бергенін қалайды. Ал 30%-ы «көп балалы отба­­сылардың коммуналдық ақысын мемле­кет жартылай немесе толық өтеуі қажет» деген ой айтыпты.
Осыған байланысты министрлік АӘК жаңа форматын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды пысықтауға көшіпті. Ведомство енді мұқтаж отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту көлемін ұлғайтуға, олардың мұқтаждығын дұрыс бағалауға, сондай-ақ еңбек ресурстары есебінен кедейліктен өз бетінше шығуы үшін еңбек потенциалын күшейтуге екпін түсірмек.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*