МҰНАЙСЫЗ ДА ДАМУҒА БОЛАДЫ

146
0
Бөлісу:

Қызылорда облысының экономикасы мұнай өнімінің төмендеуіне қарамастан дамып отыр. Бұл жөнінде Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Мемлекет басшысының Жолдауы аясын­да Қызылорда облысының соңғы тоғыз айда­ғы жұмысы туралы баяндаған әкім өңір эконо­микасы үшін соңғы алты жылда мұнай өнді­ру көлемінің 12 пайызға дейін қысқарғаны өзекті мәселеге айналғанын айтады.
«Республика көлемінде мұнай өнімі көлемі азаюының 70 пайыздан астамы біздің облысқа тиесілі. Осы уақыт ішінде 4,5 млн тон­на өнім жоғалттық. Бұл дегеніміз – инвес­ти­ция, жұмыс орындары және бизнес. Осы жылдың өзінде, болжамға сәйкес, 600 мың тонна жетіспеушілік байқалып отыр. Соған қарамастан, жүйелі шаралар нәтиже­сін­де 2017 жыл қорытындысында соңғы 4 жылда алғаш рет Ішкі жалпы өнім бойынша оң векторға (100,8 пайызға) шықтық. Бұл жоспар биыл да орындалады» деді өңір басшысы. Себебі, соңғы үш жылда өңдеуші өнеркәсіпте негізгі капиталға салынған инвестиция екі есеге (184 пайыз) жуықтаған, жұмыспен қам­тыл­ғандар 55 пайызға, еңбек өнімділігі 18 пайыз­ға өскен. Мұның сыры өңір үшін шикі­зат­тық емес секторды дамыту арқылы эконо­ми­каны әртараптандыруда жатыр. Баспасөз мәс­лихатында аймақта бірнеше зауыт іске қосылатынын білдік.
«Желтоқсан айында жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өнімін шығаратын зауыт жұмысын бастайды. 2015-2019 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Алдағы уақытта зауытта 260-тан астам адам жұмыс істейді. Зауыттың іске қосылуы жергілікті салық көлемін арттырады, өндірісті іске қосу арқы­лы цементке арналған қаптар, асфальтбетонға минералды шаң шығаратын шағын және орта кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді», – деді Қ.Көшербаев.
Аудандық колледжді бітірген 48 жас ма­ман осы зауытта жұмыс істеуі үшін Қытай за­уыттарында қосымша білім алып келіпті. Ал қытайлық инвесторлар Шиелі индус­тр­и­ал­­­ды-аграрлық колледжінде жергілікті жастар арасынан 80 маманды даярлап жатыр екен. Тампонажды цемент мұнай-газ және атом өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Әсіресе, апатты және қалпына келтіру жұмыстарын жүр­гізуде таптырмас зат. Қатты аязға, суға және коррозияға төзімді, 10-12 сағатта кебеді.
Ал күні кешелері құрылысы басталған «Шал­қия» тау-кен байыту комбинатының құрылысы кезінде 1 мың адам, толықтай іске қосылғанда 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Облыс басшысының дерегінше, «Шалқия» – JORC жіктеуі бойынша 6,5 млн тонна мырыштың дәлелденген және ықтимал қоры бар, мөлшері бойынша әлемде бесінші қорғасын-мырыш кен орны саналады, бұл республикадағы барлық қордың 30 пайызы.
Биыл пайдалануға берілуі жоспарланған шыны зауыты келер жылы іске қосылатын болды. Басты себеп, құрылтайшылар арасын­да туындаған мәселе көрінеді. Келер жылдың енші­сінде тұзды қайта өңдеу және каль­ций­лен­ген сода өндіру зауыттарының құрылысы да жобада тұр.
Күріш шаруашылығы Сырдағы агро­өнер­кә­сіп кешеніндегі жетекші сала болып қала бермек.
«Биыл, су тапшылығы мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 473 мың тонна (54,5 ц/га) күріш өнімі жиналды. Су жетіс­пе­уі­нен 600 мың га күріш егістігін жоғалттық. Осын­дай жағдайды болдырмау үшін өңірде су тас­қыны кезеңінде 2млрд м3-тан астам су жи­найтын «Күміскеткен», «Қараөзек» су қой­ма­ларын салуды қарастырып жатырмыз», деді облыс әкімі.
2017 жылы Араб Әмірліктеріне, Иран, Моңғолия және Өзбекстанға көкөніс пен мал экспорттауды бастаған өңір биыл Қытайға алғаш рет мақсары майын жіберді. Соңғы жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты 28 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының ІЖӨ-дегі үлесі 3,7 пайызға көбейді.
Агроөнеркәсіп саласында «ақылды техно­ло­гияларды» енгізу мақсатында авто­мат­тан­ды­рылған жылыжай салынып, «электронды ветеринария» жобасы іске қосылған, Агро­бир­жа жобасы да жүзеге асырылып жатыр.
«Елбасының Бес әлеуметтік бастамасына сәйкес, Қызылорда облысының аумағында 1747 пәтерлік тағы 69 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Кемінде 55-ін биыл іске қосамыз, олардың қатарында Сыр­да­рияның сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұр­ғын үйден құралатын тұтас шағын мөлтек аудан пайдалануға беріледі», – деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, аймақтағы апатты жағ­дайда тұрған үй иелерінің мәселесі 2017 жылы оң шешімін тапты. Облыс бойынша апатты жағдайдағы үйлердің орнына 645 отбасы үшін жаңа баспана салынды. Соңғы 3 жылда жеке тұрғын үй құрылысы шеңберінде 24 мыңнан астам жер учаскесі инженерлік инфра­құры­лым­мен қамтамасыз етілді. Нәти­же­сінде 2017 жылдың өзінде тұрғын­дар­ды баспанамен қамту 17 пайызға жуықтаса, осы жылдың 9 айында тағы 4 пайызға өскен.
Қызылорда облысындағы жұмыссыздық дең­гейі республикалың көрсеткіштен бір­ша­ма төмен. Себебі, экономикалық қиын­дық­тарға қарамастан, өңірде соңғы алты жылда 68 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
«Жыл басында аулаішілік тексеру кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыс­сыздар саны 97 538 адамды құрады, ал соңғы тоғыз айда олардың саны 36 мың адамға дейін төмендеді. Осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу үшін 2014 жылы ауылдық жерлердегі жұмыссыздардың да кредитке қол жеткізуі үшін қолайлы кепілдік саясатымен Өңірлік инвестиция орталығын құрған болатын. Биыл осы орталық жұмысын үйлестіруге облыс бюджетінен 1 млрд теңге бөлініп, 270 шағын бизнес субъектісінің жобалары қаржыланды­рыл­ды. Нәтижесінде 500-ге жуық жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік жағынан осал топта­ғы азаматтар санын қысқартудың тиімді жолы – шағын және орта бизнесті дамыту», – дейді Қырымбек Елеуұлы.
Есте болса, 2018-2020 жылдар Қызылорда өңірі үшін «Кәсіпкерлікті дамыту жылы» болып жарияланған еді. Соған орай әзірленген «Жол картасын» жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 3 миллиардтан астамы стар­тап жобаларға қарастырылған. Осындай жүйе­лі жұмыстың нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны 11 пайызға өскен. Бұл республика көле­мін­дегі үздік көрсеткіш саналады.
Бүгіндері облыс халқының 95 пайызы орта­лықтандырылған сумен қамтылған. Ха­лық­тың 63 пайызы табиғи газды тұтынып отыр. Былтыр облыс пен 4 аудан орталығы газ­­дан­дырылса, биыл қалған үш аудан (Қар­мақ­шы, Сырдария, Жалағаш) орталығы газбен қамтылмақ.
Баспасөз конференциясында облыс басшылығына түрлі сұрақ қойылды. Соның бірі – 2013 жылы 27 мектеп директорын жұмыс­тан қуған оқиғаға қатысты болды. Осы оқиғадан соң облыс мектептеріндегі білім сапасы қаншалықты өсті деген сауалдың жауабын берген Қырымбек Көшербаевтың отызға тарта мектеп директорының жұмыстан босатылуына мектептегі оқу процесі, тәрбие жұмысы, мектептің сыртқы келбеті, жемқор­лық сынды санаттар бойынша кері кетудің себеп болғанын айтты.
«2013 жылы ҰБТ нәтижесі бойынша 11-орынға құлдыраған облыстағы білім беру деңгейі соңғы 5 жылда еліміздегі үздік бестіктен көрініп жүр», – деді өңір басшысы. Бұған 2015 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» арасында қол қойылған орта білім беру саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумның да ықпалы тигенін айту керек. Осы құжат аясын­да 46 инновациялық мектепке НЗМ-нің озық тәжірибесін тарату және лицей сынып­та­рын­да, оның ішінде жаратылыстану-мате­ма­ти­ка­лық және гуманитарлық бағыттағы жекелеген пәндерді ағылшын тілінде тереңдетіп оқыту қолға алынды. Биыл облыстың 46 иннова­ция­лық мектебі биология, химия, инфор­ма­ти­ка, физика пәндері бойынша ағылшын тілінде пилоттық оқуға кірісті. Бұдан басқа, НЗМ тәжірибесін таратуда 104 мектепте элективті курстар есебінен осы пәндерді ағыл­шын тілінде оқыту элементтері енгізілді. Қ.Көшербаев облыста үш ауысымдық мектеп мәселесі мерзімінен бұрын шешілгеніне тоқталды.
«Облысымыздағы үш ауысымдық мек­теп­тер мәселесі толығымен шешілді. Былтыр апат­ты жағдайдағы мектептер мәселесіне де нүкте қойдық, айта кетсем 2013 жылы облыс­та 37 апатты жағдайдағы мектеп болған. Биыл Жаңақорған, Жалағаш аудандарында апатты жағдайдағы тағы 2 мектеп тіркелді, ол мәселе бүгінде бақылауда», – деді облыс әкімі.
Енді бұл өңірде өмір тіршілігінің барлық саласын онлайн-қызметпен қамтамасыз ету қарқын алды. Осы мақсатта 37 жобаның тізімі жаса­лыпты. Цифрландыру үдерісін қарқынды жүргізу үшін Облыстық цифрлық техно­ло­гия­лар басқармасы құрылды.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*