Сәкен киноға сұранып тұр

218
0
Бөлісу:

«Сәкен деген халқымның рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге»…
Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан аяулы қаламгерле­рі­міздің бірі. Сәкен туралы аңыз да, әңгіме де көп. Оның тағдыры зұлматты жылдарға тап келді. Сәкен – асылған, атылған, қудаланған ұрпақтың бірі. Ол – біздің тағдырымыз. Ол – біздің тарихымыз.

Рас, Сәкен өлімі жұмбақ. Кейбіреулер оны КСРО Жоғарғы сотының үкімі шық­қан құжатқа негіздеп, «Сәкен ста­линдік репрессияда қаза болды. КарЛАГ-та оққа ұшып, Долинка кентіне жақын жерде жерленген» деген пікірлерді алға тартса, енді біреулер тірі куәгерлерді тауып, «Қиыр Шығыста Магадан облысы Ягод­ный ауданында сүйегі жатқанын» алға тартады. Тіпті бір деректерде, 1938 жылдың 25 ақпанында ату жазасына кесілгені туралы сот шешімі шыққанын айта­ды. Сот шешімі 20 минутта орын­да­лып, Сәкенді атқан деген де құжаттар кездеседі. Сонда Алаштың аяулы арысы 1938 жылы атылды ма, жоқ па, бұл сауал­дың да нақты жауабы жоқ. Дерек пен дәйек – екіұшты. Сәкен сүйегінің қайда қал­ғандығын, атылса қайда атылған­ды­ғын, жерленсе жерінің қайда екенін анықтамақ болып, өткен ғасырдың 90-жылдары Магаданға барып қайтқан зерттеушілер де болды. Дегенмен оның сүйегінің қайда жатқандығын анықтау сәкентанушылар үшін әлі де зерттеу обьек­тісі болып тұр. «Ұлтымыздың мақта­ны­шы Сәкеннің тағдырын шешуге 20-ақ минут қана бөлінген бе? Бұдан асқан қатыгездік, зұлымдық бола қояр ма екен?! Адам емес, малдың өзін бауыздап өлтіру үшін де қанша уақыт кететіні белгілі ғой. Мұнда сол кездегі әміршіл-әділетсіз қоғамдағы адам тағдырының қандай қалыпта шешілгеніне көз жеткіземіз» дейді сәкентанушы ғалымдар.
Биыл – үш арыстың, яғни Сәкен, Бейімбет, Ілиястың 125 жылдығы. Осыған орай, биыл «Сәкен Сейфуллин қоры» құрылды. Қордың құрылуына себепкер болған – елге белгілі азаматтар. Олардың қата­рында зиялы қауым өкілдері, кәсіп­кер жігіттер, сәкентанушылар бар. Мақсат – Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын өз деңгейінде атап өту.
«Биыл – арыстарымыздың 125 жылдығы. Мәдениет министрлігі де өз деңгейінде атап өтетін болар. Тамыз айында Сәкен жанашырлары, «Сәкен» музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, өзге де сәкентанушылар бар, бәріміз кездесіп, «Сәкен Сейфуллин қорын» құра­йық деген шешім қабылдадық. Сәкен Сейфуллиннің інісі Мәжиттің ұрпағы бар. Сол кісі де арнайы келіп, жиынымызға қатысты. Қаржылай көмек қолын созғандар да болды. Барлығымыз бірігіп, биылғы жылы атқарылатын шара­­лардың жоспарын жасадық. Қыр­күйек айында қорды тіркеп, заңды құ­жат­тарын алдық. Құрылтайшылардан бөлек, арнайы қамқоршылар кеңесі құрыл­ды. «Сәкен Сейфуллин қоры» қан­дай жұмыспен айналысады, 125 жыл­дық аясында қандай шаралар атқа­ры­луы тиіс? Мұның бәрі қамқор­шы­лар кеңесі арқылы бекітіліп, жүзеге асырылатын болады» дейді «Сәкен қорының» директоры Алмас Алин.
125 жылдық аясында Сәкен Сейфул­лин­нің кітаптары жарық көрмек. Одан бөлек, Сәкен туралы көркем фильм түсіру де жоспарда бар екен. Фильмнің сценарийін сәкентанушы Қанат Жүнісов жазбақ. Қанат Жүнісов – осы тақырыпта ұзақ жыл қалам тербеп жүрген аза­мат­тар­дың бірі. Алаш арысының тағдырын 20 жыл зерттеді. Сәкен Сейфуллин бейнесі ол үшін жат емес. Қанат Жүнісов бұған дейін Сәкен жайында ешқандай фильм түсірілмегенін алға тартады. «Кино түсіру керек дейтін себебім, Сәкен – тарихта ұлы істер атқарып кеткен қайраткер. 1922-24 жылдардың аралығында Совнарком төра­ға­сы болды. Яғни, Үкімет басшысы қызме­тін атқарды. 1923 жылы 22 қарашада кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жөнінде дек­рет шығарды. Отарлаушылардың бұрма­лауы­мен «қырғыз» болып кеткен мемле­ке­тіміздің «қазақ» деген тарихи атауын қайтарды. Александр Затаевичке қазақтың мың ән-күйін жинаттырды. Қанша мек­теп­тер ашты. Қазақ жастарының тегін білім алуына мүмкіндік жасады. Қазақ әдебиетінің тарихын жазды. Қазақ әдебиеті оқулық-хрестоматиясын құрастырды. Әдеби мұраларымыздың көбін жинақтап, оншақты кітап шығарды. Ағартушылықпен айналысты. Өлеңдері, әндері қандай! Кәсіпқой театр өнерінің өркендеуіне айрықша үлес қосты. 1932 жылғы аштық кезеңінде «Қызыл ат» деген поэма, «Біздің тұрмыс» деген пьеса жазып, Голощекинге ашық қарсы шықты. Ел үшін басын бәй­геге тікті. «Ұлттың ұстазы» деп, Ахмет Бай­­тұр­сынұлының 50 жылдық мерейтойын өткізді. Шәкәрім қажының кітабын шы­ғар­ды. Мағжан Жұмабаев түрмеден шыққан кезде көмек берді. Осындай аяу­лы істердің бәрін небәрі 43 жасқа дейін жасап кеткен азамат. 28 жасында Үкімет бас­қарған. Өкінішке қарай, осы еңбекте­рі­нің бәрін біздің халқымыз біле бермей­ді» дейді Қанат Жүнісов.
Ол Сәкен жайлы түсірілген бірнеше деректі фильмдерге қатысты. Ақын рөлін ойнады. Сәкен туралы деректі фильм­дерге сценарий жазды. «Сәкен сұңқар» драмасының авторы. Бірақ мұның бәрі қысқаметражды шағын дүниелер екені белгілі. Аяулы тұлғаның нақты болмысын ашып көрсететін көлемді туынды жасал­ған жоқ. Ендігі керегі – Сәкеннің нақ­ты болмысын ашатын, оның тарих­та­ғы ор­нын көрсететін көркем фильм. Бұл ұр­пақты патриотизмге тәрбиелейтін, қазақ­тың рухын асқақтататын, ұлтты тұ­­тас­­­тыққа жетелейтін фильм болмақ.
«Сәкен Сейфуллин туралы аңыз да, әңгі­ме де көп. Тіпті түрлі дерексіз, дәйек­сіз пікірлер де айтылып жүр. Жала жап­қан­­дар да болды. Сәкенді қаралағандар да жетерлік. Бірақ оның көпшілігі нақты дерек­терге сүйенбеген. «Тисе терекке, ти­ме­се бұтаққа» деп, алыпқашпа әңгі­ме­лер айтып жатқандар да бар. Былтыр әлеу­меттік желілерде де Сәкен атын қара­ла­ған жазбалар болды. Сәкен – ұлтқа қыз­мет еткен, ұлт азаттығы жолында құр­бан болған арыстарымыздың бірі. Ұлты үшін қызмет еткен жанды қаралап, ұсақ-түйек әңгіме айтқанымыз жараса ма? Мұндай әңгімелердің тіптен керегі жоқ. Екінші жағынан, «Сәкен» фильмін түсіруді қолға алмақпыз. Екі сериялы фильм болмақ. Киносценарийі дайын. Фильмде оның балалық шағынан бастап, азамат болған кезін қамтитын болады. Сәкен­нің өмірін, трагедиясын ашық көр­сет­кіміз келеді. Фильм арқылы әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойсақ деген ойымыз бар. «Сәкен» фильмі арқы­лы Сәкен Сейфуллинге ескерткіш қойы­ла­ды. Бұл фильм Мәдениет министр­лігі тара­пынан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді» дейді Алмас Аянұлы.
Сәкен Сейфуллиннің 125 жыл­дығына арнап, жыр мүшәйрасын өткізу де жос­пар­да бар. Бұған да «Сәкен Сейфуллин қоры» мұрындық болмақ. Алаш ары­сы­ның бейнесін бейнелейтін спектакль қойыл­са деген арман да жоқ емес. Сәкен туып-өскен өлкеде алаш арысының мерей­тойын атап өту де жоспарда тұр.
«Сәкен Сейфуллин қорының» тағы бір мақсаты – той тойлап, шапан жауып, бәйге беру емес, ғылыми-практикалық кон­ф­рен­ция­лар, Сәкен оқуларын, жыр-мү­шәй­­ра­­ларын өткізіп, елдің есінде қалдыру.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*