Бірге жазылатын сөздер неге көбейді?

204
0
Бөлісу:

Қазақ жазуында, қазіргі латын графикасына негізделген жаңа емледе біріккен сөздердің саны артатын болады. Бірге жазу қазақ тілі сөзжасамының өнімді тәсіліне айналады. Сөздерді біріктіру, бірге жазу – тәсіл болса, біріккен сөз сол тәсілдің нәтижесі ретінде сөз санын арттырады. Сонымен, сөздерді біріктіру неге көбейді? Сөздер неге бөлек жазыла алмайтын болып барады?

Жалпы, графикада жазылған мәтін парақ бет­т­ерінен, бет абзацтардан, абзац сөйлем­дер­­ден, сөйлем сөздерден тұрады. Бұл – ауыз­ша тілдің дәл бөлінісі емес. Сөйлен­ген сөз – үздік­сіз процесс, фона­ция­лық ауамен бірге шы­ғатын физикалық сөз. Дауыс тонымен, қар­қынымен, әуенімен, интонациямен ыр­ғақ­­тық топқа, синтагма­лар­ға ажыратылып қабыл­данатын сөздің бөлінісі жазба мәтінге сәй­кесе бермейді. Жазба мәтін ақпараттың бет көлеміндегі орналасуынан (көзге тыныс беру үшін сөз басының, аяғының парақ орта­сынан басталуы не аяқталуы) бастап, абзацқа бөліну, сөйлемнің үлкен және кіші тыныс белгілері, бас әріп, сөйлем, бөлек жазылу, сызықша, тырнақша арқылы, бірге, дефис таңбаларының көмегі арқылы қабылданады. Сөйлемдегі сөздің бірге не бөлек жазылуы автоматты оқуда бүтін не бөлшек түрінде, яғни «бір сөз» не «бір сөз емес» ретінде ұғы­н­ы­лады. Көп сөзді «бір сөз» деп санаға ақпар бер­се, сана бүтін зат, бір денотат, не бір ұғым деп есептейді. Көп сөзді екі сөз деп ақпар бер­се, сана екі зат, екі басқа денотат, бөтен ұғым деп ойлайды. Сөздің бүтін ұғымды таң­ба­лауы сөз «дербестігі», «егемендігі» болып табылады, ол тіл білімінде «толық мағыналы сөз» немесе «негізгі сөз» деп ата­ла­ды. Бірақ то­лық мағыналы сөздер ғана «егемен», жеке жа­зыл­майды, көмекші сөздер (көмекші есім­дер, көмекші етістіктер, қалып етістіктер) де, шылаулар да бөлек жазылады. Тұрақты тіркестер де бөлек жазылады.
Ендеше, бөлек жазылу деген не? Жалпы жазу тарихында мәтін тұтас болып, сөз ара­лары ажыратылмаған, мысалы, көне түркі мә­тіндерінде бөлек таңбалау «қос нүкте» не­ме­се «а» дыбысының таңбасы арқылы бе­ріл­­ген. Ал қазақ жазуындағы бөлек таңба­лау қадым және жәдид жазуы, төте жазу дәс­тү­рін­де қосымшаларды да қамтыған, яғни қазіргі күмән тудырмайтын түбір мен қосым­ша­лардың бірге жазылуы – бұл әліпби түрле­рін­де бөлек жазылған. 1929 жылғы емле кон­ференциясында Т.Шонанұлы: «Бүкіл түркі халықтарының жазуында біріккен сөз емлесі қиындық тудырып отыр. Оған түбір мен қосымшаны да бір-бірінен ажыратып берген араб жазуы кінәлі. Ендігі жерде тірі, өлі қосымшалардың бәрін бірге жазуымыз керек» (1929 жылғы 2-4/VI емле-ғылыми конференцияның стенографиялық есебі. Қызылорда, 1930) деген сөзінен кейін бірге жазу нормаға айнала бастаған.
Латын жазуы, кейін кирилл жазуымен бірге түбір мен қосымшалардың бірге жазы­луы қатаң норма болды. Бірге жазылу үрдісі грам­матикалық бөліктерді ғана емес, басқа дең­гейлерге де өте бастаған кездер осы ХХ ғасыр басы еді. Латын әліпбиімен таңбалаған алғаш­қы емледе зат не ұғым атаулары бола­тын сөздерді бірге жазу бірден ұсынылған. Мысалы, электр шамы деген сөзді электршам деп бірге жазу 1929 жылғы алғашқы емле конференциясында айтылды. Ал орыс әліпбиін қабылдаған 1941 жылғы емле сөздігі атқора, ауажайылу, бейпілауыз, боссөз, ботатірсек, бұлшықет, жертүбі, кешкетаман, бел­байлау, қаракөк, қаракөлеңке, ашатұяқ, ба­қайқулық, бойұсыну, бөріойнақ, бұр­на­ғы­күн, жертүбі, жіңішкеауру, кереқарыс, кеш­ке­таман, белбайлау, күретамыр, қара­көже, қасбатыр сияқты бүгінде бөлек жазылатын сөздерді бірге жазды (Қазақ тілінің орфо­гра­фия­­лық сөздігі. Алматы, 1941)
1948 жылғы Орфографиялық сөздік ала­уыз­дық, алажаздай, алакөлеңке, алакөз, ала­­сапыран, алатаң, алағоржын, алтатар, ал­қара, алқызыл, арампейіл, аржақ, асы­ра­сіл­­теу, асықжілік, атсалысу, атүсті, ашықауыз, аяқ­алыс, аяқасты, ақжүрек, ақжарқын, бас­салу, басыбайлы, басыбүтін, беломыртқа, кішіжүз, кішіпейіл, неғылу, көкала сияқты фразеологизмдерге дейін бірге таңбалап, реестрге шығарды. Бірақ 60-жылдардан бермен қарай синтаксистік сөз тіркестері, тұрақты тіркестер, анықталушы-анықтаушы сыңарлардан тұратын күрделі сөздердің бөлек жазылуы қатаң нормаға айналды. Дегенмен жазарман өзінің мәтінінде бұл қатар­­ды тұтас тілдік таңба ретінде беруді әдет­ке айналдырды. Яғни, бірге жазды. Міне, сон­­дықтан емле сөздігі бөлек норма­ла­ған сөз­­дер көбіне жұмсалымдық қызметте таң­ба­сы өзгеріп (бірге жазылып), қайшылық туды. Професор Н.Уәли тілдік, орфо­графия­лық дискреттілікті функцио­нал­ды дискретті­лік­ке салып, шатастырып келдік пе деген ой айтады (Уәли Н. Біріккен сөз туралы // ҚР ҒА-ның хабарлары 2005. №5-6). Мысалы, иіс сабын сөзі синтаксистік сөз тіркесі ретін­де емле сөздігінде және лингистикалық тал­­дауларда сыңарларының жеке таңба­ла­нуын қажетсінеді. Бірақ тілдік дискреттілік пен жұмсалымдағы сөздің дискреттілігі сәйкес келе бермейді дейді профессор Н.Уәли. Бүгінде жазылған мәтіндердің көпті­гі­нен, мәтінді оқуға кететін уақыттың үлкен­ді­гінен оқудың түрлері шыға бастады. Біреу хабар алайын деп оқиды, біреу керегін іздеп оқи­ды, біреу сүзіп оқиды, біреу жүргізіп, ара-тұра тоқтап оқиды, біреу сынап, тексере оқи­ды, біреу сырғытып оқиды, т.т. Яғни, бәрін­де уа­қыт үнемдеу үшін жүргізіп оқу бар. Бұл көз­дің бір шалғанына қамтылатын таң­ба­ның саны­на байланысты болады. Қазақ грам­матологиясында бұл ұғым көзшалым деп ата­лып жүр. Сонда 1 көзшалымға бос ара­лық­тары бар 4-5 сөз қамтылады. Көп қамтып оқу үшін бір ұғымды білдіретін сөздерді бірге жазу қажеттігі шығады. Сонымен бірге, жазу үде­рі­сі­нің күшеюі оқуды автоматтандыру мен жазу­ды үнемдеумен байланысты. Әдетте, таныс емес нәрсені бөлшектеп анықтап қараймыз, анық нәрсе қайталана келе танылады, танық нәрсеге айналады. Сөз де дәл осы сияқты. Сөз танық болған сайын универбтеле түседі. Тіл үнемділігі үшін тілдің өзі универбтеу құбы­лы­сы­на ұмтылады. Cондықтан қазақ емлесі жазу­дың алғашқы кезеңдерінде бөлек жазылуын нормалаған орфограммалар енді бірге жазуын күшейтіп отыр. Тұрақты тіркестер мен синтак­сис­тік сөз тіркестерінен лексикаланған күрделі сөз­дер бірге жазыла бастады. Мысалы, жаңа емледе aqsaqal, aqsúıek сөздерімен бірге aqnıet, aqkóńil, kóshbasshy, dúnıeqońyzdaný, erjúrek, erjúrektik, janpıda, janpıdalyq, ataqonys, basqosý, atsalysý, atústi идиомалары да, анықтағыш-анықталғыш қатынастан ажырап, бір заттың, ұғымның атауына айналған сөздер де бірге жазылады: sıyrjońyshqa (өс.), aıýbaldyrǵan (өс.), bóriqaraqat (өс.), ıtbúldirgen.
Жаңа емледе екінші сыңары -lyq (-lik, -dyq, -dik, -tyq, -tik) қосымшасымен келген қоғамдық, әлеуметтік лексика, -ar (-er) қо­сым­­шасымен келетін әдет-ғұрып, кәде атау­­лары, -lar (-ler, -dar, -der, -tar, -ter) қосым­ша­сы­­мен келетін ботаникалық, зоологиялық ата­у­­лар, -qysh (-kish, -ǵysh, -gish) қосым­ша­сы­мен келетін құрал-сайман және техника атау­лары, -ty (-ti, -dy, -di), -pa (-pe, -ba, -be, -ma, -me), -ys (-is, -s), -ǵy (-gi, -qy, -q) қосым­ша­­сы­мен келетін лексикаланған тұрақты тір­­кес­тер мен зат атаулары бірге жазылады: orta­azıalyq, jerjúzilik, arampıǵyldyq, búkilálemdik, jalpy­halyqtyq, birrettik; aýyzashar, atqaminer; ashatuıaq­tylar, balyqqorektiler, jalańkózdiler, aǵashkemirgishter; kespekeskish, sabynsalǵysh, órtsóndirgish; sharýabasty, nemketti, súıkeısaldy; alypqashpa, baýkespe, janbaǵys, kireberis, kúnkóris; aýaqyzdyrǵy, aýasúzgi, bórioınaq.
Бірінші сыңары ásire, bir, kóp, jalpy сөз­де­рі­мен келген атаулар бірге жазылады: ásiresolshyl; birjutym, birqaınatym; kópmándi, kópmúshe; jalpyulttyq, jalpymemlekettik; Сондай-ақ екінші сы­ңары aralyq, qumar, jandy, taný, tanym, jaı, hat, aqy, ishilik сияқты сөздермен атаулар бірге жазы­лады: halyqaralyq; ataqqumar; ultjandy; jaratylys­taný; tiltanym; jylyjaı; ashyqhat (ashyqhat syılaý); zeınetaqy; mekemeishilik.

Құралай КҮДЕРИНОВА,
«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
Орфография бөлімінің басшысы,
филология ғылымдарының докторы,

Бөлісу:

Пікір жазу


*